Қазақстан • 10 Желтоқсан, 2018

Құқық қорғау қызметіне заманауи формат қажет

566 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өткен аптаның соңында Парламент Сенатында «Құ­қық қорғау қызметінің про­цестік негіздерін одан әрі жаңғырту» тақырыбында парламенттік тыңдау болып өтті. Тыңдауды Сенаттың Конс­ти­туциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Георгий Ким жүргізіп, құт­тықтау айту үшін алғаш­қы сөзді Парламент Сена­­тының Төрағасы Қ.То­қаев­қа берді.

Құқық қорғау қызметіне заманауи формат қажет

Өзінің сөзін «Азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті қамтамасыз ету және заңның үстемдігін сақтау бо­йынша жүйелі шараларды іске асыру – Президент Нұрсұлтан Назарбаев айқындаған әлемнің дамыған отыз елінің қатарына ену жөніндегі Қазақстанның ұзақ мерзімді стратегиялық мақ­сатының маңызды бағыты», деп бастаған спикер одан әрі құқық қорғау органдарының сапалы қызметі азаматтардың құқық қорғау жүйесіне деген сенімін арт­тыратын салмақты фактор екенін атады. «Қылмыстық про­цес­тің негіздерін жаңғырту жө­ніндегі Парламент қабылдаған тү­зетулер сот-құқықтық рефор­ма­сының жаңа кезеңге аяқ басуы­на тың серпін берді деп ай­туға толық негіз бар. Құқық қор­ғау органдары жүйесіне енгі­зі­ліп жатқан техникалық инно­ва­циялардың нәтижесінде сот төре­лігіндегі жариялылықты жүзеге асыруға айтарлықтай мүм­кіндіктер ашылуда», деді ол. 

Одан әрі Қ.Тоқаев қылмыстық іс­терді электронды түрде жүргізу сот төрелігін қашықтан жүргізуге мүмкіндік бергенін айтты. Нәти­жесінде істерді қарау мерзімі жар­тылай қысқарғаны, сонымен бірге қылмыстық заңнаманы ізгі­лендірудің нәтижесінде түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар саны үш есе азайып, 1990 жылдары сотталғандар саны 100 мың адамдай болса, 2018 жы­лы 35 мыңға дейін, яғни үш есеге жуық азайғаны айтылды. 

Төраға сыни тұрғыдан құқық қорғау органдарының азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл жасау сапасы әлі де заман талаптарына толық жауап бере алмай отырғанын айтты. «Тұтастай алғанда, бұл халықтың құқық қорғау жүйесіне деген сенімінің азаюына алып келеді. Осының әсерінен қоғам мен құ­қық қорғау органдарының ара­сын­­­дағы өзара байланыс пен се­нім­ді қамтамасыз ету жөніндегі шұ­­ғыл міндет туындайды», деді ол. 

Қ.Тоқаев негізсіз қылмыстық қу­­далаудан қорғау және қыл­мыс­­­тық сот ісін жүргізудің жаза­­лау­­шылық сипатын азайту, аза­­маттардың құқықтары мен бос­­тандықтарын қамтамасыз ету күн тәртібіндегі өткір мәселелер қа­тарына жататынын атады. Сот шешімдерінің орындалмауы не­месе уақтылы орындалмауы да әділдіктің үстемдік етуіне ке­дергі келтіруде. Мұның өзі «сот билігімен қатар мемлекеттің де беделін төмендетіп, оларға деген сенімді әлсіретеді», деді Төраға. 

Қ.Тоқаев өзінің сөзін: «Қыл­мыс­тық процесс – бұл адамның құқықтары мен бос­тан­дығына билік көбірек ықпал ететін тәуе­келі жоғары сала. Сон­дық­тан дамыған елдерде жа­зық­­сыздық презумпциясына не­гіз­делген ізгілік, адамның жеке басына және меншік­ке қол сұқ­паушылық, адам­ның ар-на­мысы мен қадір-қасие­тін құр­мет­теу қағидатты түрде ор­нық­қан. Азаматтардың құқық қор­ғау органдарының жұмысына жә­не соттың әділдігіне сенім­сіз­дік­пен қарауына жол беруге бол­май­ды. Мұндай жағдай қазақ­стан­дықтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасына кері әсерін тигі­зері даусыз», деп қорытты. 

Парламенттік тыңдауда ал­ғашқы баяндаманы Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов жасады. Алдымен елдегі опе­ративтік жағдай туралы мәлімет бер­ген ол соңғы екі жылда елі­мізде қылмыстық істердің азаюы байқалып келе жатқанын, бұл тенденция биыл да жалғасын тап­қанын атады. Биылғы жылдың 11 айында тіркелген қылмыстар саны былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 8,1 пайызға азайған, дей келіп ол қандай қылмыстың қаншаға азай­ғандығы туралы нақты айтып берді. 2015 жылы қабылданған заң­ның тиімділігі де айтылып, соның арқасында күдіктіні ұс­тау сағаты 72-ден 48-ге дейін азай­ғаны, тұтқындауға санкция алу процесі жеңілдетілгені және т.б. аталды. Сонымен қатар ми­нистрдің баяндамасында қыл­мыс­тық заңнаманың осал тұс­тары да жеткізілді. 

«Мәселен, соң­ғы жылдары ғана қылмыстық заң­наманы із­гі­­лендірудің төрт кезеңі жүр­гі­­зілді. Жалпы, ізгілендіру 

сая­са­тына еш қарсылығымыз жоқ, бірақ көптеген қылмыс­кер­­лер оны теріс пайдаланады», деді ол. Мысал ретінде үсті­міздегі жыл­дың 11 айында тір­­келген 88 мың қылмысты іс­тің 27 мыңын бұрын қылмыс жа­­сап, қолға түскендер жасаған. Ал олардың 63 пайызы, яғни 17 мыңы ізгілендіру қағи­даты­на сәйкес тараптардың келі­сімі­не орай бұрын жазадан құтыл­ғандар. Солардың ара­сынан 570 адам 2017 жылдан бері 5-тен 40-қа дейін қыл­мыс жасаған­дар көрінеді. «Сон­дықтан заң­намаға бұрын тарап­тар­дың келі­сімімен жазадан бір рет құтыл­ғандарға екінші рет қылмыс жа­саса, ізгілендіру шарасы қолда­нылмайтындығы туралы өз­геріс енгізуді қалаймыз», деді министр. Сонымен бірге заңна­ма­ның «қастандық» деген бабына да министр сын айтты. Егер біз­дің патрульдік қызметіміз бір қыл­мыскерді 10 миллион теңге ұрлап қашқан жерінен ізін суыт­пай ұстаса, ол адамға еш­қан­дай жаза қолданылмайды. Өйт­кені ұрланған ақшаны әлі қолданбағандықтан ол ұрлық емес, қастандық деп қана баға­ла­нады. Ал «қастандық» бабы қылмысқа жатпайды, сондықтан оны босатуға мәжбүрміз, деді Қ.Қасымов. Сонымен бірге министр бас­қару аппаратындағылар қысқар­ты­лып, олардың 450 жетекшісі боса­­тылатынын айтты. Үнемделген қар­жы еңбекақыны көтеруге жұм­са­лады. Сондай-ақ күзет қыз­меті­­нен де полицияны босатуды көз­деп отырмыз. Қазір күзеті­летін 748 нысаннан бас тарт­сақ, 4,5 мың полицей қыс­қар­ты­ла­тын болады. Сөйтіп біз по­ли­ция­ның саны бойынша рей­тин­­гі­мізді көтеріп, 100 мың адамға шақ­қанда 373 адам ғана қал­ды­­рып, еуропалық мемлекеттер қа­­­тар­ына теңелетін боламыз, деді ол. 

Оның сөзіне орай Қ.Тоқаев құқық қорғау органдарының штат санын қысқарту мәселесіне байыппен қарауға шақырды. 

Парламенттік тыңдауда Жо­ғар­ғы соттың қылмыс­тық істер жөніндегі сот алқасының төр­ағасы А.Рахметулин, Бас про­курордың орынбасары М.Ах­метжанов, Мемлекеттік қыз­­мет істері және сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агент­тігі төрағасының орынбасары О.Бек­­тенов, Республикалық адво­­каттар алқасының өкілі Ә.Құ­­лы­бекова, құқықтанушы ға­лымдар А.Ахпанов пен М.Қо­ғамов сөз сөйледі.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»