Қазақстан • 10 Желтоқсан, 2018

Ең бастысы – қоғам құрметіне ие болу

537 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен «Жаһандану жағдайындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» атты халықаралық конференция өтті.

Ең бастысы – қоғам құрметіне ие болу

Іс-шараға мемлекеттік органдардың, дип­ло­матиялық корпустың, Экономикалық ынты­мақтастық және даму ұйымы, БҰҰ Даму бағдарламасы, Азия даму банкі сияқты халық­аралық ұйымдардың, академиялық қоғам­дастықтың, үкіметтік емес сектордың өкілдері қатысты.

Мемлекеттік хатшы өз құттықтауында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында: «Сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жалғасатын болады» деп атап өткеніне тоқталды.

– Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы ережесіне және ұлттық ерекшеліктеріне сай Қазақстан үздік халықаралық тәжірибе негізінде сыбайлас жемқорлықтан азат қоғам қалыптастыруға ұмтылатын заманауи мемлекеттің өзіндік моделін жасады, – деді Г.Әбдіқалықова.

Мемлекеттік хатшы «Бес институционалдық реформа» және Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесі жаңғырып жатқанын атап өтті. Заңнамалық база жетілдірілуде, берік институционалдық негіз қалыптасты, мемлекеттік қызметшілердің адамгершілік және этикалық мінез-құлқына қойылатын нақты талаптар енгізілді.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттің ұлттық жүйесін жетілдіре отырып, біз жаһандық трендтерді, сондай-ақ дамыған мемлекеттердің және Біріккен Ұлттар Ұйымы, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты халықаралық бірлестіктердің осы саладағы озық тәжірибесін жан-жақты ескереміз, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Соңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова конференцияға қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясатты одан әрі жетілдіру жолындағы жұмыста табыс тіледі.

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»