Әлем • 10 Желтоқсан, 2018

Басқа басылымдардан: Жоғары Еуразия экономикалық кеңестің отырысына шолу

258 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 6 желтоқсанда Ресейдің Санкт-Петербург қаласында Жоғары Еуразия экономикалық кеңестің отырысына қатысты. Елбасының осы жиында көтерген ұсыныстары ТМД-ның бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында талқыға түсті.

Басқа басылымдардан: Жоғары Еуразия экономикалық кеңестің отырысына шолу

Саудадағы барлық кедергіні жою қажет

Алғашқылардың бірі болып ТАСС ақ­парат агенттігі жазды.  Ақпарат құралы Қазақстан Президентінің «Бізге 2025 жылға қарай өзара саудадағы барлық кедергіні жою қажет. Бұл – бірлестігіміздің толыққанды қызмет етуінің маңызды талабы», деген сөзін  келтіре отырып, Н.Назарбаев Еуразиялық экономикалық комиссия мен үкіметтерге осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажет деп есептейтінін жазды.

Бұдан әрі Елбасының экономиканың басты секторларындағы ірі жобаларды іске асыру қажеттілігіне де тоқталғанын, осыған байланысты, Комиссия мен Еуразия экономикалық одағына мүше елдердің үкіметтеріне осындай жобалардың тізімін жасау ұсынылғанын да айтып өткен.

Өзара ықпалдастықты кеңейту маңызды

Нұрсұлтан Назарбаевтың 2025 жылға қарай ЕАЭО елдерінің өзара саудасындағы барлық кедергілерді жоюға шақырғаны, сондай-ақ ЕАЭО аясында өзара ықпалдастықты одан әрі кеңейту үдерістеріне қолдау көрсетіп, Еуразия экономикалық комиссиясы мен оған мүше елдердің үкіметтері тарапынан жаңа жұмыс бағыттарының әрқайсысының экономикалық тұрғыдан мақсатқа қаншалықты сай келетіндігіне терең талдау жасау қажеттігін атап өткенін Interfax ақпарат агенттігі де хабарлады.

Ақпарат агенттігі Н.Назарбаевтың: «Жалпы, біз Еуразия экономикалық одағының негізгі мақсаттарына – тауарлар мен қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін айналымын қамтамасыз етуге батыл қадам жасап келеміз. Сонымен бірге Еуразия экономикалық одағының толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін тағы да күш жұмылдыруымыз керек», деген сөздерін мысалға алған. 

Сондай-ақ Мемлекет басшысының төрт «еркіндікті» қамтамасыз етуге бағытталған құжаттар бойынша жұмысты аяқтаудың, со­ның ішінде ЕАЭО елдерінің азаматтарын зей­нетақымен қамту туралы келісімнің маңыз­дылығын айтқанын да атап көрсеткен.

ЕАЭО-да өсімнің оң қарқыны бар

Беларусь телеграф агенттігі Санкт-Петер­бургте өткен Жоғары Еуразиялық эконо­микалық кеңестің отырысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Еура­зиялық экономикалық одақтағы өсімнің оң динамикасын атап көрсеткеніне тоқталды. «Әлемдік экономиканың құбылмалылығына байланысты сыртқы жағдайлар мен тәуе­келдерге қарамастан, біз өсімнің оң қарқынын сақтап қала алдық. Биылғы қаңтар-қыркүйек айларында сыртқы және өзара сауда-саттық көлемі айтарлықтай артты» деді Қазақстан Президенті. Бұдан әрі ақпарат агенттігі ЕАЭО ІЖӨ-нің жиынтық көлемінің, капиталға салынған инвестициялар мен өнеркәсіптік өндірістің қаншалықты пайызға өскенін салыс­тыра отырып көрсеткен. 

Цифрландыру мәселелері сөз болды

CA-News Қазақстан Президентінің цифландырудың қаншалықты маңызды екенін әрі осы жолда атқарылып жатқан маңыз­ды мәселелерді айтқанын жазды. Жиында Н.Назарбаев цифрландыру мәселелерінің 2025 жылға дейінгі негізгі бағыттарын іске асыру жөніндегі жұмыстардың нәтижелеріне тоқталған болатын. 

Дайындаған Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»