Қазақстан • 11 Желтоқсан, 2018

Тәуелсіздік – көктен түскен сый емес

1095 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

1991 жылдың 19-шы тамызы күні Кеңестер Одағында жоғары билік тұтқасын ұстаған сегіз адам Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитет құрып (ТЖМҚ) бүкіл КСРО аумағына сез көрсетіп, тіс қайрай сөйлегені мәлім. Бұл кезінде ашық аспанда найзағай ойнап, күн күркірегендей оқиға болғаны рас. Г.Янаев КСРО Президентінің міндетін атқаруға жол ортадан кейліккені де көпшілікті аң-таң қалдырған-ды. Осы кезде КСРО-ның тұңғыш та, соңғы «Көзі тірі» Президенті М.С.Горбачев басына қауіптің қара бұлты үйірілгенін сезбестен Қырымда Райса Максимовнасымен бірге қаннен қаперсіз демалып жатқан-ды.

Тәуелсіздік – көктен түскен сый емес

Төтенше комитет бүкіл КСРО аумағында темірдей тәртіп орнатып, қоғамдық қозғалыс атаулыға тиім салатынын мәлімдеді. Аласапыран күндерде одан құрамындағы жекелеген республика басшылары заңсыз, кездейсоқ құрылған үкіметтік құрылым – төтенше комитеттің билігін мойындамайтындықтарын ашық айтты. Солардың бірі Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еді. Ол оқыс оқиғаның ертеңіне, яғни 20 тамыз күні республика халқына арнау сөз сөйлеп ТЖМҚ-ның мемлекеттік билікке бір бүйірден жармасқан әулекі әрекеттерін қолдамайтынын, мұның қолданыстағы Конституция қағидаттарына қайшы әрі қиғаш екенін мәлімдеді. Қалай дегенде де бәйгесі не бәрі үш күнге созылған төтенше комитет КСРО-ның дәурені өтіп, демі таусыла бастағанын аңғартып кеткен еді. Осы оқиғадан кейін тұйық судай іріп-шіріп өз етін өзі жұлып жеген алып империя – Кеңестер Одағы аумағында азаттық ұраны анық айтыла бастады. Тіпті Горбачев шұғыл Мәскеуге оралып билік тағына қайта жайғасқанымен алдын-ала белгіленген одақтық келісімшарт жасалынбай қалды. Жыртыққа жамау салып, құрыққа сырық жалғауға тиісті Новоогеров келісімі де жөргегінде тұншықты.

Саяси жүйенің дағдарысқа ұшырап, айықпас дертке душар болғанын дер кезінде аңғарған Қазақ КСР-ның Президенті Н.Назарбаев елдің егемендігі мен шаруашылықты өз бетінше жүргізу еркіне негіз қалайтын Жарлықтарға қол қойды. Оның қатарында – «Қазақ КСР-ның Қауіпсіздік кеңесін құру туралы», «Семей ядролық полигонын жабу туралы» және «Қазақ КСР-ның сыртқы экономикалық дербестігін қамтамасыз ету туралы» ресми құжаттар бар еді. 1991 жылы 23 тамызында республика басшысы Н.Назарбаев КОКП орталық комитетінің саяси бюро мүшелігінен өз ықтиярымен бас тартты. Сол жылдың 7 қыркүйегінде Алматы қаласында өткен партияның съезінде Қазақстан компартиясын тарату туралы шешім шықты. Бұл ғасырлар бойы еркіндігін аңсап, дербестігіне талпынған еліміздің ертеңі таразы басында тұрған алмағайып шақ, шешуші кезең еді. Осы тұста орталық басылым беттерінде «Егемендіктің елірме шеруі басталды» деген одақтас республикалардағы өзгерістерді шенеп кекетіп мұқататын материалдар шығып жатты.

Айтып-айтпай  не керек Одақтың күйі кетіп бағы тая бастағаны анық еді. Мұның ойы озық орыс зиялылары да айта бастады. Сөйтіп 1991 жылдың 8 желтоқсанында Ресей, Украина және Беларусь басшылары Минск түбіндегі Беловещь нуында оңаша бас қосып 1922 жылғы КСРО-ны құру туралы келісімшарттың күшін жою жөніндегі құжатқа қол қойды. Сөйтіп олар 70 жылдан астам уақыт бойы әлемді қасан идеологияның қыспағында ұстаған коммунистік-тоталитарлық режим тұяқ серпетін үкімді шығарды. Сол жылы 13 желтоқсанда Ашхабатта бас қосқан Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан және Тәжікстан басшылары «Беловещь (Минск)» келісімін қолдайтындықтарын білдіртті. Содан бір апта өткенде Балтық жағалауы елдерінен басқа бұрыңғы одан құрамындағы 11 республика басшылары Алматыда басқосып ТМД-ны құру әрі оның ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы халықаралық құқықтық актілерге қол қойды. Бұл бұған дейінгі саяси идеологияның бет-пердесін өзгерткен шын мәніндегі тарихи оқиға болды. Міне, осылайша тежей тұруға келмейтін, кері бұрауға көнбейтін тарихтың тегершігі шыркөбелек айналып кеңестік кеңістіктегі өзге республикалар сияқты қазақ еліне де ізін салды. Ең әуелі Қазақ КСР-ның Жоғарғы Кеңесі 1991 жылдың 16 қазанында қабылданған қаулы мен арнаулы заңның негізінде 1991 жылдың 1 желтоқсаны күні бүкіл халықтық сайлау өткізілді. Сайлауда тәуелсіздік Қазақстанның тұңғыш Президенті болып, өз ұлтының асыл қасиеттері мен данағой болмысын бойына дарытқан сақи тұлға, қарымды қайраткер Нұрсұлтан Назарбаев Президент болып сайланды. Ел қалауы – тарих таңдауы осындай болды.

Мемлекет басшысы ант беріп, ел билігі тізгінін қолға алған күні, яғни 1991 жылдың 10 желтоқсанында Жоғарғы Кеңес сессиясы ащы шектей шұбатылған ресми атауынан «Кеңестік» және «Социалистік» деген сөздерді алып тастап «Қазақстан республикасы» деп өзгертті. Содан соң көп ұзамай бір аптаның бедерінде республика Жоғарғы Кеңесінің жетінші сессиясы «Қазақстан республикасының мемлекеттік  тәуелсіздігі туралы» заң қабылдады. Дәл осы күні қазақ елі ешкімге кіріптар емес, дербес даму жолын таңдаған, шекарасы бөлінбейтін, зайырлы, унитарлық мемлекет құрғанын салтанатты түрде айдай әлемге жария етті.

«Әрине, бәрінде тарихтың сый-сыбағаса деуге болар, алайда жан-жүрегінің аңсары болған азаттықты ешкім де сыйға тарта алмайды. Азаттық дегеніміз әлемдік тарих толқынында өзінің субъективтік құқығын сезінетін, яғни оған жауап бере алатын халық болмысын жалғыз ғана үлгісі». Біз шындықпен суарылған осынау сара сөздерді мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты кітабынан келтіріп отырмыз.

Ашығын айтқанда тәуелсіздігімізді кездсейсоқтықтың жемісіндей, көктен салп ете қалған құттай көретіндер де жоқ емес. Алайда әлемдік әлеуметтанушылардың пайымдауынша кездсейсоқ оқиғалардың өзі ғаламдық даму заңдылықтары мен қисынынан серпін алып жатады екен. Түйіп айтқанда осыдан 27 жыл бұрын қолымыз жеткен елдің егемендігі мен мемлекетіміздің тәуелсіздігін төбден топ ете қалған сый, оңайдан табылған олжа емес екені аян. Тәуелсідік ғасырлардың соқталы, соқтықталы соқтағында «Мың өліп, мың тірілген» халқымыздың көксеген, аңсаған арманы еді. Елінің бүтіндігі мен жерінің тұтастығы үшін құрбан болған ата-бабаларымыздың аққан қаны мен төккен терінің өтеуі еді.

Барша отандастарымыз тәуелсіздіктің киесін сыйлап, қасиетін ұғыну және қадірін білу арқылы тарих алдындағы ұлт пен ұрпақ алдындағы жауапкершілігін сезіне алса, бұдан артық ғанибет болар ма екен. Еліміз егемендігін алып дербес даму жолына жаңа түскен уақыт ұмытыла қоймайтын шығар. Сол кезде қазақ елі өз Президентімен бірге КСРО-дан мұраға қалған көл-көсір проблемаларды еңсеруге белшеше кіріскен-ді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында осындай күрделі кезең Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты кітабында бар ашық бояуымен көрініс тапқаны белгілі.

Елбасы нақ осы кітабында: «Мемлекетікке негіз салып берген халық ел ішіндегі ахуалдың бүгіні мен болашағы жолындағы жауапкершілікті арқалауға да әзір болуы керек. Егер біздің халқымыз бүгінгі таңда басымыздан кешіп отырғандай жаңа мемлекеттің орнығар дәуірінде ұдайы болып тұратын қиындықтар мен мұқтаждықтарға және терең өзгерістерге төтеп бере алмаса, онда берік мемлекеттік туралы үмітіміздің күйреу қаупі алдымыздан шығады. Сонымен біргеұлтымыздың да, өзін өзі ара-дара етіп қожырап тынуы мүмкін» деген болатын.

Тәубе, бүгінгі күні мемлекеттік тәуелсіздігіміздің іргетасы беки түскені анық. Оны нығайту жолындағы сан түрлі кедергілер мен әлеуметтік аядағы мұқтаждықтар да еңсеріліп келеді. Республикада макроэкономикалық тұрақтылық қамтамасыз етіліп «Қазақстан – 2050» ұзақ мерзімді даму стратегиясы жүзеге асырылуда. Соңғы жылдары мемлкетімізді барша әлемдік қауымқастық мойындап есептесе бастады. Республика Президенті Н.Ә.Назарбаев тәуелсіздіктің басты тірегі – саяси тұрақтылық пен әлеуметтік татулық екенін ұдайы айтып келеді. Оны көздің қарашығындай сақтауға көңіл бөлсек – тәуелсіздігіміз соғұрлым тұғырлы бола түсетіні хақ.

Темір Құсайын,

«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе