Президент • 12 Желтоқсан, 2018

Елбасы жалпыұлттық телекөпір барысында ел әлеуетін еселейтін жобаларды іске қосты

709 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен индустриялан­дыру күні аясында «Ин­дус­трияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жа­салған» телекөпірі өтті. Аталған шарада еліміздің әр өңірімен тікелей байланыс орнап, онлайн режімде бір­қатар индустриялық, инфра­құрылымдық, аграр­лық және цифрлы жобалар іске қосылды. 

Елбасы жалпыұлттық телекөпір барысында ел әлеуетін еселейтін жобаларды іске қосты

Жаңа экономикалық саясат қажет

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алдымен іс-ша­ра басталар алдында индустрия­ландырудың және цифрландыру бағдарламасының жобалары қо­йылған көрмені аралап көрді.

Индустрияландыру күніне арналған телекөпір барысын­да Мем­лекет басшысына индус­трия­лық-инновациялық даму бағ­дар­ламасы аясында жүзеге асы­рылған 28 жаңа жоба танысты­рылды.

– Бүгін біз индустрия­лан­дырудың биылғы қорытындысын жасадық. Баршаңызды жаңа жобалардың іске қосылуымен, жаңа мамандықтардың пайда болуымен және ел тұрғындарының жаңа табысымен құттықтаймын, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі қалыптасқан жағдай-

ларға қа­ра­мастан, елімізде құры­лым­дық өз­герістер мен инсти­ту­цио­налдық реформалардың іске асырылып жатқанына тоқталды.

– Біз ел экономикасын әрта­рап­тандыру жөнінде шаралар қа­былдап жатырмыз. Бизнес жүр­­гізуге қолайлы жағдай қа­лып­­­тастыру, инвестициялық ахуал мен сот жүйесін жақсарту жө­­нінде ауқымды жұмыстар жүр­­­гі­зілуде. Былтыр еліміздің Үшін­ші жаңғыруын бастадық. Биыл Бес әлеуметтік бастаманы іс­­ке асыру жөнінде жария еттім. Қа­­зіргі Жолдаудың негізгі мақ­са­­ты – қазақстандықтардың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арт­тыру, – деді Мемлекет бас­шы­сы.

Қазақстан Президенті бүгінде еліміздің алдында экономиканы одан әрі әртараптандыру, инфра­құ­рылымды жақсарту және өнім­ді­лікті арттыру жөніндегі ауқым­ды міндеттер тұрғанын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев индус­трия­ландыру бағдарламасы еліміздің орнықты және әртарап­тан­ған экономикасын құру үде­рісінде негізгі рөл атқаратынын ай­тып, оны іске асыру ба­ры­сын­дағы нақты нәтижелерге тоқ­талды.

– Біз индустрияландыру кезеңінде 1250 жаңа кәсіпорын құр­дық, соның ішінде 100 кәсіп­орынды биыл іске қостық. 300 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бүгінде әлемнің 110 елі Қазақстанда шығарылған өнімді тұтынуда. Соңғы жылдары біз бұған дейін елімізде жасалмаған бұйымдардың 500-ден астам түрін шығарып, 50-ге жуық жаңа тауар түрін экспорттап отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті шетелден келген инвестицияның төрттен бір бөлігі өңдеу секторына тиесілі екенін айтты.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев металлургия, машина жасау, инфрақұрылымдық даму және көлік-логистика салаларында жүзеге асырылған жобалар жөнінде әңгімеледі.

– Біз азаматтардың жоғары тұрмыс сапасын қамтамасыз ету үшін мейлінше қолайлы жағдай жасап келеміз. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Өткен жылы біз рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік – елімізде 11,2 миллионнан астам шаршы метрді қамтитын тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Биыл 12 миллион шаршы метр тұрғын үй немесе 100 мыңнан астам баспана салу жоспарланып отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қазақстан Пре­зи­денті экономиканың түрлі салаларын цифрландыру және бірқатар кәсіпорынның өндіріс үдерісіне инновациялық шешімдерді енгізу барысына тоқталды.

– Төртінші өнеркәсіптік рево­лю­ция элементтерін қамти оты­рып, өнеркәсіпті техноло­гиялық тұрғыдан қайта жарақ­тан­дыру индустрияландыру бағ­дар­ламасының маңызды құ­рам­дас бөлігі саналады. Қазақ­стан эко­номикасы әлемдік нарық­тағы бәсе­кеге қабілеттілікті қам­та­масыз ететін дамудың түбегейлі жа­ңа моделіне көшуге тиіс. Еура­зия эко­но­микалық одағы және Қы­тайдың «Бір белдеу, бір жол» ха­лық­аралық бастамасы аясын­дағы қазіргі экономикалық әлеует­ті мейлінше тиімді пайдаланып, оны арттыру қажет, – деді Нұр­сұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы индус­трия­ландырудың үшінші бағдар­ла­масының стратегиясын нақты нәтижелерге бағыттай отырып, жан-жақты пысықтау керек екенін атап өтті.

– 2025 жылға қарай еңбек өнімділігі 1,7 есе, өнімді экспорт­тау көлемі 2,3 есе өсуге тиіс. Өң­деу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдауға қосым­ша 500 миллиард теңге бөлу жөнін­де тапсырма бердім. Бұл қара­жат экспортқа бағытталған кәсіп­орын­дарға қаржылай және қаржы­лай емес кешенді қолдау көрсе­тудің құралдарын көбейтуге жұм­салатын болады, – деді Қазақ­стан Президенті.

Елбасы өңдеу өнеркәсібінің барлық буынында салалық басым­дықтардан тиімді өндірушілерге қолдау көрсетуге көшу үдерісі жүргізілетінін айтты.

– «Қарапайым заттар экономикасын» дамытуды ынталандыру қажет. Технологиялық тұрғыдан күрделі емес тұтыну заттарының импортын алмастыруға күш жұ­мыл­дыруымыз керек. Менің тап­сырмам бойынша екінші дең­гейлі банктердің басымдыққа ие жо­баларын несиелендіру үшін қо­сымша 600 миллиард теңге бө­лі­нетін болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Мемлекет бас­шысы еңбек өнімділігін арттыру­дың және жеке секторды нығай­тудың маңыздылығына тоқталды.

– Экономиканың нақты секторына ғылыми-техникалық қыз­меттер нәтижесін енгізу жөніндегі жұмыстарды жандандырған жөн. Мысалы, қазірдің өзінде Назарбаев Университетте 120 ғылыми-зерт­теу зертханасы ашылды. Ғы­лыми әзірлемелер өндірістік мін­деттерді шешуді көздейтін нақ­ты кәсіпорындардың тапсырыс­тарына, соның ішінде жеке инвестициялар есебінен берілетін тапсырыстарға бағытталуға тиіс, – деді Елбасы.

Қазақстан Президенті ин­дус­триялық даму үдерісіне «Ас­та­на» халықаралық қаржы орта­лығы мен IТ-стартаптардың ха­лық­аралық технопаркін тарту қажет­тігін айтты. Бұл ретте, Үкіметке әртараптандыру және индустрия­ландыру мәселелерін кешенді түрде шешуге күш жұмылдыру жүктелді.

Жаңа кәсіпорындар іске қосылды

Телекөпір барысында Қа­зақ­стан Президенті «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» мен Қарағанды облысының катодты мыс өндіретін «Алмалы» кен орнындағы құрылысы аяқталған «Sary-Arka Copper Processing» кәсіпорнын іске қосуға пәрмен берді. Сонымен қатар машина жасау және құрылыс индустриясы саласында Павлодар облысындағы «Проммашкомплект» темір жол доңғалақтарын өндіретін кәсіп­орын онлайн-режімде іске қо­сылды. Бұл кәсіпорын темір жол доң­ға­лақтары өндірісін жылына 75 мың­нан 200 мыңға дейін ұлғайтуға мүм­кіндік бере­ді. Телекөпір бары­сында тікелей байланысқа шық­қан «Пром­маш­комплект» ЖШС басқарма төрағасы Дәулет Сыздықов: 

– «Проммашкомплект» ЖШС жылына 200 мың темір жол дөң­гелегін шығаратын зауыт құ­ры­лы­сын аяқтады. Жоғары техно­ло­гиялы жоба құны 54 млрд теңге, оның 36 млрд теңгесі – Қа­зақ­стан Даму банкі­нің кредиттік қа­ра­жаты. Өндіріс­тік қуатқа шық­қаннан кейін «Пром­маш­ком­­плект» штаты мың адамнан асатын болады. Өнімнің үштен екісі сыртқы нарыққа шыға­ры­­лады, – деді. Ал «Alageum Elec­tric» АҚ Бақылау кеңесінің төр­­ағасы Сайдулла Қожабаев Қазақ­стан тарихында бірінші болып кер­неуі 220 кВ трансформаторлар өн­дірісі жолға қойылғанын атап өтті. Сондай-ақ телекөпір барысында Шым­кенттегі қуаты 110-220 кв транс­форматор шығаратын «Asia Trafo» зауыты, Қызылорда облы­сындағы қуаты жылына 1 млн тонна болатын «Гежуба Шие­лі Цемент» Қазақстан-Қытай ин­вес­тицялық жобасы, Ал­матыдағы қуаты жылына 550 мың тонна қоқыс өңдейтін «Green Recycle» ЖШС кешені және Петропавлдағы қажетті халық тұтынатын тауарлар мен полимерлерді толық циклда қайта өңдейтін «Радуга» ЖШС металл-пластикалық бұйымдар зауыты да жұмысын бастады. Бұған қоса «KEGOC» АҚ 500 кВ «Семей – Ақтоғай – Талдықорған – Алматы» желісі іске қосылды. 

− Тәуелсіздіктің 27-жылында «KEGOC» Ұлттық компаниясы «Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік» жобасының екінші кезеңін іске қосуға дайын. Жоба бюджет қара­жатынсыз жүзеге асты. Құры­лыс барысында 500 кВ жаңа үш қосалқы станса мен 1770 ша­қы­рым электр желісі салынды.  Жо­баның арқасында сұранысы ар­тып келе жатқан еліміздің оң­түс­тік аймағы электр қуатымен қам­та­масыз етіліп, шығыс өңірінде тау-кен өнеркәсібінің дамуына жағ­дай туады. Осылайша біз Қазақ­станның энергетикалық қауіп­сіздігін арттырамыз, – деді «KEGOC» АҚ басқарма төраға­сы Бақытжан Қажиев. Елбасы атал­ған энергетикалық кешендердің жұмысына сәттілік тіледі.

− Бірінші айтылған кешен баяғыдан бері армандап жүрген іс – Шығыс Қазақстан арқылы Тал­дықорған мен Алматыны электр жүйесімен қосу болатын. Ол болмай тұрған кезде Ал­маты облысының орталығы Тал­ды­қорған қаласы электр энер­гиясы жүйесінен шеттеу еді. Мі­неки, қазір тұңғыш рет екі өңірді  өркендету үшін электр қуатын іске қостық. Бұл өте қуа­нышты жағдай, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы еліміздің оңтүстігінен орталыққа қарай «Сарыарқа» магистралды газ құбырының тартылып жат­қанын, бұл жұмыстың халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін жасалу үстінде екендігін баса айтты. 

– Баршаңызды бүгінгі ма­ңыз­ды оқиғамен, өндірістің дайын болғанымен құттықтаймын. Іске қосайық, ақ жол, сәтті болсын! – деді Президент.

Сондай-ақ бұл күні Ақтөбе об­лысында қуаты 300 млн м3 бо­латын Қожсай кен орнында «Gas Processing Company» ЖШС ілеспе мұнай газын қайта өңдеу жобасы жұмыс істей бастады. «Ба­ламалы энергетика» саласында «Samruk Kazyna – United Green» ЖШС Жамбыл облысын­да қуаты 100 МВт болатын Қазақ­стан-Британ бірлескен жобасы – «Бурное» күн электр станса­сын пайдалануға берді. Бұған қоса Маңғыстау облысының Түп­қараған ауданындағы «KТ Редко­метальная компания» ЖШС бірлескен кәсіпорны жел энер­ге­тикасының бірінші кезеңі іске қосылды. Телекөпір барысын­да Атырау облысындағы аграр­лық сектор бойынша зама­науи қондырғылармен жабдық­талған «Карат» ЖШС автомат­тан­дырылған диірмені, Ақмола облысындағы соңғы жылдары аграрлық саладағы ірі жобалардың бірі саналатын қуаты жылына 50 000 тонна ет өндіретін Макинск құс фабрикасының бірінші кезеңі, сондай-ақ Арқалық қаласындағы ет өңдейтін «Торғай Ет» ЖШС кешені пайдалануға берілді. Бұдан бөлек тамақ өнеркәсібі саласында Mareven Food Holdings трансұлттық холдингінің Ал­ма­ты облысындағы ұнды терең өңдейтін және тамақ өнім­дерін дайындайтын зауыты да өз жұмысын бастады. Индус­трия­ландыру күні аясында Түркістан об­лысында түйе мен бие сүтін өңдейтін «Golden Camel Group LTD» ЖШС кәсіпорны іске қо­сыл­ды. Онда құрғақ сүт, балалар тағамы және энергетикалық су­сындар әзірленеді. Телекөпір бары­сында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бес әлеумет­тік бастаманың бірі ретінде Астананы газдандыру жоба­сындағы Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағыты бойынша ұзақтығы 1061 км болатын және жылына 2,2 миллиард текше метр газ өткізу мүмкіндігі бар «Сарыарқа» газ магистралінің 1-кезеңін іске қосуға пәрмен берді. Сондай-ақ Президент онлайн-режімде республика тарихындағы алғашқы концессиялық жоба – Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы құрылысының барысын бақылады. Онда 3 мыңға жуық жұмыс орны ашылмақ. Сонымен қатар Президент Батыс Қазақстан облысындағы елімізді Ресеймен және Шығыс Еуропамен байланыстыратын Орал – Тасқала автожолы учаскесінде автокөлік қозғалысын ашты. Ал «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыру нәтижесінде Шығыс Қа­зақстан облысының Озерка ауылы мен Жамбыл облысына қарасты Өрнек ауылының тұрғындары кең жолақты интернетке қол жеткізді.

– Қазақстандағы ауылдарды цифрландыруда негізгі рөл атқаратын стратегиялық жобаны іске асыру мүмкіндіктері үшін алғыс айтамыз. 3 718 ауылдық мемлекеттік мекемелерде алдың­ғы қатарлы технологияларға қол­жетімділік пайда болады. Осы орай­да алғашқы болып қосылған нысандардың бірі – Шығыс Қазақ­стан облысындағы Озерка ауылындағы орта мектеп. Бұл техно­логиялардың игілігін педагог­тер мен оқушылар көреді, – деді «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев.

Өз кезегінде «Транстелеком» АҚ  корпоративтік дамыту және құқықтық мәселелер жөніндегі вице-президенті Елнар Адайбеков ауылдық жерлерді цифрландыру білім саласын ғана емес, со­нымен қатар медицина мен мем­лекеттік қызмет көрсету салаларын да өзгерткенін атап өтті. Оның айтуынша, жоба арқасында Өр­нек ауылының тұрғындары жыл­дамдығы секундына 20 Мбит са­палы интернеттің пайдасын се­зініп, цифрлы кеңістіктің алғашқы тұтынушыларына айналды. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев цифрландыру мүмкіндігінің арқа­сында еңбек өнімділігі артып, бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды түрде жалғасатынын жеткізді. 

Цифрландыру аясында Екі­бастұзда Орталық Азиядағы ең ірі дата-орталық, Қостанайда елі­міздегі ең цифрлы диірмен кешені – «Бест Костанай» ЖШС іске қосылды. Астанада модем, коммутатор және автоматты цифр­лы телефон стансасын өндіретін «DigitalSystemServis» ЖШС зауыты құрылды. Алматыда прибор жасау және радиоэлектроника инновациялық «Kaz Tech Innovations» ЖШС зауыты іске қосылды. Бұдан бөлек Мемлекет басшысы әуе жүк тасымалы саласында e-Freight және «Қазпошта» компаниясының фулфилмент-орталық – қағазсыз құжат айна­лымы ақпараттық жүйесінің жұ­мы­сын, «ҚазТрансОйлдың» мұнай тасымалдауды басқару digital-жүйесін іске қосты. 

Индус­трия­ландыру бағ­дар­ламасы іске асы­рылған жылдары барлығы 6,6 трлн теңгеден астам соманың 1 148 жобасы іске қосылып, 107 мың тұрақты жұмыс ор­ны ашылды. Соның ішінде индус­трияландырудың бірінші бес­жыл­дығында (2010-2014 жылдар) Индустрияландыру картасы аясында 3 трлн теңгенің 770 жобасы іске қосылып, 76 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Индустрияландырудың екінші бесжылдығы басталғалы (2015-2017 жылдар) 3,1 трлн теңгенің 378 жобасы іске қосылып, 31 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. 2018 жылы жалпы сомасы шамамен 1,2 трлн теңге болатын 100 нысан қатарға қосылып, 13 мың адамға жұмыс берілді. 

Кәсіпкерлердің еңбегі еленді

Жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев Қазақстан Пре­зиден­тінің «Алтын сапа» сыйлығын табыс етті. Биыл бизнестің әлеу­меттік жауапкершілігіндегі рес­публикалық «Парыз» сыйлы­ғының бас жүлдесі, Пре­зи­денттің гран-приі «Қазцинк» ком­паниясына табысталды. Бұдан бөлек, Президенттің «Алтын сапа» сыйлығының «Ең үздік ин­дустриялық жоба» аталымын­да «AZALA Textile» ЖШС лайықты деп танылса, «Үздік инновациялық жоба» аталымы бойынша «KazTechInnovations» ЖШС топ жарып, Елбасының қолынан «Алтын сапа» сыйлығын алды. Айта кетерлігі «AZALA Textile» ЖШС мақта-мата өнімін халықаралық өндіруші ретінде танылған. Компания экспортының үлесі 65 пайызды құрайды. Ал «KazTechInnovations» ЖШС бірегей көзілдіріктер шығарады. Бұл құрылғылар 360 градус режімде бейнетүсірілім жасауға мүмкіндік береді. Мұнымен қоса рейтинг қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысы Те­ректі ауданы үздік деп танылды. Сондай-ақ Қызылорда облысы бизнес жүргізуге жағдай жасаған үздік өңір ретінде алға шықты.  

Индустрияландыру күні шең­беріндегі жиында Премьер­Министр Бақытжан Сағынтаев бизнестің үздік өкілдеріне тиісті сый­-сияпатын табыстады. Биыл Қазақстан Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының жеңімпаздары тізімінде «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша Шығыс Қазақстан облысындағы «СемАз» ЖШС, Алматы облысындағы «ALUGAL» ЖШС, Батыс Қазақ­стан облысындағы «Орал сауда-өнер­кәсіп компаниясы» ЖШС мара­патталса, «Халыққа арналған тауарлар шығаратын үздік кәсіп­орын» номинациясы бойынша Солтүстік Қазақстан облысының «Радуга» ЖШС, Түркістан об­лы­сының «Бал Текстиль» ЖШС, Жамбыл облысының «Novacom Technology» ЖШС үздіктер қатарында көрінді. Ал «Қызмет көрсететін үз­дік кәсіпорын» номинациясын­да үздік үштікке Астана қала­сын­дағы «МЫРЗА-ХАН» ЖШС және «Теміржол көлігіндегі қазақ­стан­дық сертификаттау орталығы» ЖШС, сондай-ақ Маңғыстау об­лы­сындағы «БиКаДа» ЖШС енді. Бұған қоса «Азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнім­дерін шығаратын үздік кәсіп­орын» аталымы бойынша Алматы облысындағы «Рыбпром» ЖШС, Алматы қаласындағы  «БИЖАН» ет өңдеу кешені» ЖШС, Ақмола облысындағы «Гормолзавод» ЖШС марапатқа ие болды. 

Биыл Елбасының «Алтын са­па» сыйлығын алуға үміткер ре­­тін­де 182 кәсіпорын қатысса, оның ішінде 78-і шағын кәсіп­кер­лік бо­­йынша, 76-сы орта, ал 28-і ірі кә­­сіп­керлік бойынша өтініш бер­ген.

Жыл соңындағы айтулы ма­рапаттардың бірі – «Қазақстанның үздік тауары» атағы. Биыл бұл байқауға қатысу үшін еліміздің барлық өңірлерінен 1163 шағын, орта және ірі кәсіпорындардан өті­ніш түскен. Олардың ішінде 153-і республикалық кезеңге іріктелініп алынған. 

«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымына Алматы облы­сындағы «DOLCE» ЖШС және Шымкент қаласындағы «Зер­де – Керамика» ЖШС, Қос­та­най облысындағы «Ме­ди­дез» ҮЕҰ» ЖШС ие болса, «Ха­лыққа арналған үздік тауарлар» аталымы бойынша Ақтөбе облысындағы «West Line doors» ЖШС, Атырау облысындағы «Cas­piy Lana Atyrau» ЖШС және  Қызылорда облысындағы «Da­latex» ЖШС үздіктер қатарынан көрінді. Сон­дай-ақ «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясына Алматы облысындағы «Шин Лайн» ЖШС, Солтүстік Қазақ­стан облысындағы «ViZaVi Com­pany» ЖШС және де Алматы об­лы­сындағы «Danone Berkut» ЖШС ие болды.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар