Білім • 12 Желтоқсан, 2018

Оқулық жазудың озық үлгісін көрсеткен

625 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Алина Соловьева – жалпы білім беретін мектептерге қос тілде оқулық жазған автор. Шымкенттегі А.Пушкин атындағы мектеп-гимназияның білікті ұстазы 27 жылдан бері биология пәнінен дәріс береді. Жасөспірімдер психологиясын жетік меңгерген ұстаздың шәкірттері 45 минуттық дәрісіне кешікпейді. Тіпті үлгерімі көш соңындағы оқушылар да дәріске бастан-аяқ қатысады. Әріптестері де әр оқушының ерекшелігіне қарай дәріс оқитын ұстаздың ғылыми ізденісін жоғары бағалайды.

Оқулық жазудың озық үлгісін көрсеткен

Ол шын мәнінде ағарту­шы­лық қызметке жан-тәнімен беріл­ген шебер кәсіби мұғалім. Ұжым­дастарының айтуынша, тіпті демалыс күндері де оқушыларын олимпиадаға дайындайды. 

Алғашқы еңбек жолын жоғары оқу орнында ұстаздық етуден бас­тады. Бүгінде қала ортасындағы білім ордасында сабақ берумен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласып, мектеп кә­сіп­одақ комитетінің төрайымы мін­детін қоса атқаруда. Әр жылдары «Білім беру ісінің үздік қызметкері», «Жыл мұғалімі», сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бе­рілген «Ерен Еңбегі үшін» ме­далі педагогке ХХІ ғасыр бәсе­кесіне қабілетті, білімді ұр­пақ тәрбиелеу жауапкершілігін жүктеді.

Білікті маманға респуб­ли­каның әр өңірінен хабарласқан әріптестері «Биологияны оқытудың жаңа әдістемесін қалай ойлап таптыңыз?», деп сұрап жатады. «Кез келген педагог өз саласының жілігін шағып, ма­йын ішкен болуы керек», деп қысқа қайырады ол. «Сабақ өтуде құпия әдістеме жоқ. Кез кел­ген адам елге еңбек сіңіруі тиіс деген қағиданы ұстанамын. Оқушы­ларыма титтей болса да пайдам тисе, ұстаздық еңбегімнің ақ­тал­ғаны. Өзім жазған оқулықты оқушыға үйретіп қана қоймай, оны тәжірибе жүзінде тың дү­ниелермен сабаққа енгізіп отырамын», дейді А.Соловьева. 

Сабақтарында Темір Га­лиев­тің жүйелік тәсіл технологиясын қолданатын ол орта және жо­ғары оқу орындарына арнал­ған жүйемен биологияны оқы­ту әдістемесі психология пәні­мен тығыз байланысты екенін айтады. Сондықтан әр сынып оқушыларының жас ерекшелік­теріне байланысты мінез-құл­қын біліп, әр жасқа шама-шар­қынша түсіндіруге тырысады. «Бүгінгінің балалары неге қызығады? Оларды оқулыққа қалай қызықтыра аламын?» деген сұрақтарға жауап іздейді. Әрине психологияның заңдылықтарын білу оқыту мен тәрбиелеудің тиімді құралдары мен әдістерін табуға көмектеседі. Соңғы кез­дері әдістемелік зерттеулер кеңі­нен психология мәліметтеріне негіз­делуде. Сондықтан дәріс үстін­де баламен бала, данамен дана болуға тура келеді.

«Биология пәнін дұрыс оқыту үшін не істеу керек?» дегенде жүйкеге салмақ қосудың қажеті ша­малы. Қарапайым қағида. Бұл үшін жақсы жабдықталған бөл­ме, түсінікті, жатық тілде жа­зыл­ған ғылыми-әдістемелік оқу­лық, табиғат бұрышы, мектеп жа­нындағы оқу-тәжірибе алаңы жеткілікті.

Алайда Алинаның оқыту әді­сінің аздап өзгешелігі де жоқ емес. Айырмашылығы, биология пәнінің тақырыптарын 5-7 сабақ бойы алдыңғы бөлімдермен сабақтастырып оқытады. Бірінші дәрісте жалпылама түсіндіріп, ал қалған бөлігінде терең зерделей түседі. Әлбетте жоғары оқу орнындағы жүйені мектептерде толығымен жүзеге асыру мүмкін емес. Себебі жоғары оқу орындарындағы сияқты оқу­шыларды қатаңдықпен оқы­туға болмайды. Жалпы оқу­шыға беретін ақпарат пен оның нәти­жесі екі бөлек дүние. Тағы бір ай­та кетерлігі, билогия пәні кез кел­ген ғылыммен тамырлас, төр­кіндес. Сол себепті мұғалім жас ізденушіге өз пәнінің специ­фи­кациялық ерекшеліктерін өзге де ғылыммен ұштастырып дәріс оқи білуі керек. 

Бүгінде ақпарат ағынының молдығы, күйзелістен ерте есею салдарынан балалар өздерінше өмір сүргілері келеді. Қоғам эталонын қабылдай бермейді. Сол үшін оқушыға білгір, ой-өрісі жоғары, жаңашыл ұстаз керек. Ұдайы ізденіс ұстазды шәкірт алдында ұлағатты етеді. Шын ұстаз зертхана мен кітапхананың арасына жол сала білуі қажет. 

«Шәкірттерім өте көп. Деген­мен барлығы биолог болады деп айта алмаймын. Оның ішінде санаулысы ғана осы пәнге бет бұрып, қызығушылығының нәтижесінде алға жылжиды. Бұл арада қатып қалған қасаң қағида – барлығы мұғалімге байланысты деу қате. Оқушыларымның ара­сында болашақ дарынды балаларға арналған мектеп директорлары, дәрігерлер, зер­т­қхана басшылары, биология ғылымдарының докторлары, ден­сау­лық сақтау министрі болуы мүмкін. Мектеп – барлық бала­ға өзінің қалағанындай білім бере­тін мекеме. Ал әрі қарай салаға бет бұруды таңдау өз еркінде», дейді А.Соловьева. 

Ол педагогика сала­­сында 12 оқу­­лық пен оқу құр­алын құ­рас­­­тырды. Соның ішінде 10 еңбегі жарық көрді. Ал соңғы ғылы­­­ми жұмысы – 8-сыныпқа арналған әдістемелік оқулық. Бұл еңбек биылдан бастап республика мектептерінде оқытылуда. Себе­бі бұл сараптамадан өткен жалғыз жұмыс. Талдау нәти­жесінде сапалы кітаптар ғана бас­па­­ханаға жіберіледі. Ал сапа­­­сы сын көтермейтіндері то­лық­­тырылып, келесі жылы тағы арнайы комиссияға ұсыны­лады. Соңғы жылдары тынбай еңбектенудің арқасында 8-сыныпқа арналған қос тілде жазылған кітап еліміздегі жалпы орта мектеп оқушыларына жол тартты. 

«Бұл оқулықтың жарыққа шығуына кемінде 3 маманның еңбегі сіңді деп есеп­тей­мін. Жеке-жеке айтар болсақ, ғы­лым се­лек­циясында биофизика, робот техника бойынша ғылым докторы, профессор Нығ­ме­тулла Асанов, мұғалім әдіс­темесіндегі жа­ңа тәсілдер бойынша биология пәнінің мұғалімі Бақыт Ибраимованың еңбегі ерен. Де­генмен бір шын­дық­ты айтпай кетуге болмас. Оқулыққа кімдердің талдау жа­са­­ғандығы құпия. Біз жазған ең­бектер сарапшыларға және Қа­зақ­стандағы 30 мектепке сы­нақ ретінде оқуға жіберіледі. Әдістемелік оқулықтар сы­нақ ретінде оқытылатын мек­теп­тер­дің мұғалімдерімен ортақ байланыс жоқ. Егер сол кәсіби ұстаздармен жолықсақ, олардың ойы мен ұсыныстарын білер едік. Жуырда сол 30 мектептің ішіндегі Атыраудың мұғалімдерімен сөй­ле­су­дің сәті түсті. Үш ай бойы зерт­теп-зерделеудің нәтижесінде оларды мазалаған сұрақтарға жауап бердік. Егер оқу-оқытудағы тәжірибесі мол мұғалімдерден құрал­ған топ жиі кездесіп, ұсы­ныс-жобаларын ортақ тал­қы алаңына салса, оқулық са­па­­­сы­­­ның артуына үлкен үлес қос­қан болар еді. Әзірге біз оқу орта­лық­тарымен тек хат алмасу әдісі бойын­ша байланыстамыз. Қазір мектеп оқулықтарына сараптама жасау қиындап кетті. Кі­тап­тарға тағылатын сын өте көп. БАҚ беттерінде түрлі оқулықтар жайлы даулы дүниелер жарыққа жиі шығып жатыр. Бұл мемлекет тарапынан жоғары деңгейде талдау жасау керектігін көрсетеді. Өйткені болашақ ұрпақтың тағ­­дырына тікелей қатысты мәселеге бейжай қарауға болмайды», дейді Алина Робертовна. 

Мұғалімнің айтуынша, Білім және ғылым министрлігі енгізген 30 сынақ мектебі жақсы идея, бірақ, бір кемшілігі мектептің кітапты таңдау құқы жоқ. Мә­се­лен белгілі автордың немесе баспа­ның кітабына тапсырыс берсе, мемлекеттік сатып алу ар­­қы­лы басқа кітаптар келеді. Әр білім беру мекемелерінің таң­дау­ын ескеру тапсырыс берушіге қиындық туғызады. Егер таңдау мұғалімде болып, ол өзі қалаған кітап арқылы сабақ беретін болса, онда баспалар мен авторлардың сапа­сы артып, оқулықтың маз­мұ­ны толысар еді.

А.Со­­­­ловь­­­­­­ева би­о­­­­­ло­­гия­­­дан 9 және 10-сыныпқа ар­­­­­­­налған жа­­ңа оқу­­­­лық әз­ір­­леуде. Са­­рапшы топ­­­тың тал­­­­қы­­­­­сынан өтсе, келесі жы­лы оқу бағ­­дарламасына енбек. 

Ұстаздың жоспары көп. Со­ның бірі – жаңа әдіспен дай­ын­дал­ған оқулықтар циклын аяқ­тау. Бүгінде ол биохимия мен нано­­­технологияны қамтыған оқу­­­лықты дай­­ындау үстінде. Одан кейін оқу­шы­ларын олим­пиа­­даға дайындамақ. Үлгі тұтар оқу­шыларының ара­сында Күләш Жүмәділованы айтуға болады. Ол Назарбаев Университетін тәмамдап, қазір Мәскеудегі Сколково университетінде білім алуда. Тағы бір оқушы­­сы Ресей ғылым ака­демиясының гендік биология институтының аға ғылыми қызметкері. 

– Ұстаздық – жауапкершілігі жо­ғары ұғым. Көп ізденуге тура келеді. Ашық дерек көздерін, жоғары оқу орындарына арналған әдебиеттерді қолданамын. Кейде жұмыстың көптігінен мектепте қонуға тура келген күндер болғанын жасырмаймын. Бүгінгі таңда түрлі курстарда жоғары оқу орнына дайындау сабақтарын да жүргіземін. Таңның атқанынан күннің батқанына дейін бар ойым білгеніммен бөлісу, біл­ме­генімді үйрену, дейді А.Соловьева.

Нұршат ТӨКЕН,

«Егемен Қазақстан»