Қазақстан • 12 Желтоқсан, 2018

Экономикада тұрақты өсім бар

417 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы 11 айдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары қаралды. 

Экономикада тұрақты өсім бар

Аталған тақырыпта баяндама жасаған Ұлттық экономика ми­нистрі Тимур Сүлейменов ІЖӨ тұрақ­ты өсімі үш ай бойы 4,1% деңгейінде сақталып отырғанын атап өтті. «Жоғары инвестициялық және тұтынушылық сұраныс, соны­мен қатар экономиканың база­лық салаларындағы өндірістік белсен­ділік экономикалық өсімнің негізгі фак­торына айналды. Экономика өсіміндегі шешуші рөлді негізгі капиталға салынатын инвестиция­лар алып отыр. Биылғы 11 айда оның көлемі 18,3% өсті», деді Т.Сүлейменов. Оның айтуынша, өнеркәсіптегі және ауыл ша­руа­шылығындағы өндірістік белсен­ділікті кеңейту көлік саласына оң әсерін тигізді. Қызмет көрсету саласы 4% өсімді қамтамасыз етті және ІЖӨ-ге елеулі өсім қосты. Сыртқы сауда айналымы тұрақты қарқынын сақтап отыр. 9 айда өсім 21,6%-ды құрады. Экспорт 28,2%-ға өсті. Бұл негізінен мұнай, АӨК өнімдері, мұнай-газ, алюминий және мыс кендерін сатудың артуына байланысты. «Еңбек нарығындағы жағдай тұрақты. Жыл басынан бері 468,6 мың адам жұмысқа орналасты (1 қарашадағы жағдай бойынша). Жалақы көлемі қарқынды түрде өсіп келеді. Биылғы қаңтар-қазан айларында орташа айлық жалақы 2,2%-ға өсіп, 159,5 мың теңгені құрады», деді Ұлттық экономика министрі.

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев 2018 жылғы қарашада инфляция деңгейі 0,9%-ды құрағанын жет­кізді. Жылдық инфляция қазан айын­дағы деңгейде сақталып, 5,3%-ды құрады. Бұл – жылдық инфляцияның 2015 жылдан бері ең төменгі көрсет­кіші.

Қаржы министрі Әлихан Сма­йылов 11 айдың қорытындысы бо­йынша мемлекеттік бюджеттің кіріс (транс­ферттерді есепке алмағанда) жоспары 102,6% орындалғанын жет­кізді. Бюджетке 7,38 трлн теңге қар­жы түсті. Бұл 2017 жылғы көр­сетк­іштен 232 млрд теңгеге көп. Рес­пуб­ликалық бюджет кірістерінің жос­пары 102,1%-ға және жергілікті бюд­жеттер 104%-ға орындалды. Қаржы министрі жүргізілген іс-шара­лардың нәтижесінде 2017 жыл­дың 11 айымен салыстырғанда бюджет қаражаттарын игеру қарқы­ны біраз жақсарға­нын атап өтті. Мем­ле­кеттік бюджет­тің шығыстары 98%-ға игерілсе, республикалық – 98,6%, жергілікті бюджеттер 98,2% орындалған.

Республикалық бюджетке 11 айда 5,3 трлн теңге кіріс түсті. Бұл  – 2017 жылдың жылдық жоспарынан артық. Шикі мұнайға салынатын экспорттық кеден бажы және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықтардың жылдық жоспары 109 млрд теңгеге және 38 млрд теңгеге асыра орындалды. Кірістердің өсу қарқыны 120%-ды құрап, былтырғы кезеңмен салыстырғанда бюджетке 873 млрд теңге көп түсті. Бұл негізінен салық түсімдері арқы­лы кірді. Республикалық бюджет­тің шығыстары осы жылдың 11 айын­да 8,7 трлн теңгені немесе 98,6%-ды құрады. Жыл қорытындысы бо­­йын­­ша республикалық бюджет шы­­ғыстарының орындалуы 99,6% дең­гейінде күтілуде. «Есепті ке­зең­де өңірлерге 698 млрд теңге мақсатты трансферттер бөлінді. 668 млрд теңге немесе 95,6% жер­гілікті деңгейде игерілді. 30 млрд теңге орындалмады. Оның 2 млрд теңгесі – үнемдеу сомасы. 28 млрд теңге игерілмеді. Бұл өткен жыл­дың 11 айындағы көрсеткіштен 34 млрд теңгеге төмен», деді Ә.Сма­йылов. Жақында жүргізілген бюджет түзетуінде 8 млрд теңгеге мақ­сат­ты трансферттердің көлемі қыс­қар­тылды. 1,8 млрд теңге өңірлер арасында қайта бөлінді. Қаржы министрі бө­лінген трансферттерді жергілікті орган­дардың толық игерілуіне бар­лық жағдай жасалғанын айтып өтті.

Өнеркәсіп, құрылыс, көлік кешені салаларының 2018 жылдың 11 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы Инвести­циялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндады. Оның айтуынша, 11 ай қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің дамуы 104,5%-ды құрады (жоспар – 103,3 %). Оның ішінде тау-кен өнеркәсібінде – 104,7%, ал өңдеу өнеркәсібінде – 104,9%. Еліміздің 14 өңірінде өнеркәсіп өн­дірісі дамуының оң қарқыны сақ­талып отыр. Тау-кен секторында ССТӨБ-те өндіріс көлемінің артуына байланысты темір кенін өндіру көлемі 7,3%-ға өсті. Түсті металл кенін өн­діру көлемі 3,9%-ға артқан. «Өңдеу өнер­кәсібінде жылдық жоспарлан­ған көрсеткіштерге қол жеткізіліп, бір­қатар салада өсім байқалып отыр. Атап айтқанда, машина жасау саласы 15,7%-ға, был­ғары өндірісі 8,1%-ға, химия өнер­кәсібі 7,2%-ға, қағаз өн­дірісі 5,1%-ға, резеңке және пластмасса бұйымдар өндірісі 2,9%-ға және жиһаз өндірісі 2,4%-ға өскен», деді Ж.Қасымбек. Көлік кешені бо­йынша 11 айдағы нақты көлем индексі 104,6%-ды құраған. Ж.Қасымбек жылдық жос­парлы көрсеткішке транзиттік контейнерлік тасымалдар көлемі мен Қытайға газ экспортын арттыру есебінен қол жеткізілетінін атап өтті. Құрылыс бойынша нақты көлем индексі 103,9%-ды құрап, жос­парлы көрсеткішке қол жеткізілді. Соның ішінде тұрғын үй құрылысы бойынша 11 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 114,3%-ды құрады.

Ал Энергетика министрі Қанат Бозымбаев 2018 жылдың 11 айында отын-энергетика саласының негізгі көрсеткіштері оң өсім серпінін сақтап отырғандығын айтты. Соның ішінде 82,4 млн тонна мұнай және конденсат өндірілді. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,9%-ға жоғары. Оның ішінде, үш ірі жоба бойынша мұнай өндіру көлемі 49 млн тоннаны құрады: Қашағанда – 12 млн, Теңізде – 25,9 млн, Қарашығанақта  11,1 млн тонна мұнай өндірілді. Мұ­най экспортының көлемі 66 млн тоннаға жетті, бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 3,8%-ға артық. «Мұнай өңдеу көле­мі шамамен 15 млн тоннаны құра­ды, бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңі­мен са­лыс­тырғанда 8,6%-ға жоға­ры. Жал­­пы, министрдің айтуынша, мұ­най өнім­дері нарығындағы жағ­дай тұрақ­ты, жанар-жағармай тапшылығы жоқ. 

Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниевтің мәліметтеріне сәйкес, осы жылдың 11 айында ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 2,9%-ға артқан. Өсім негізінен мал шаруашылығы есебінен қамтамасыз етілген. Бұл саладағы өсім 3,9%-ды құраса, өсімдік шаруашылығында ол 2,3% болған. Биыл гектарына 15,1 центнер түсім­ділікпен 22,8 млн тонна астық бастырылды. Тірідей салмақтағы ет өндірісі 4,3%-ға, сүт өндірісі 3,3%-ға, жұмыртқа өндірісі 10,6%-ға өсті.

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев министрліктер басшылары мен өңірлер әкімдерінің баяндамаларын тыңдағаннан кейін бірқатар тапсырма берді. Үкімет басшысы 11 айдың қорытындысы бойынша ел экономикасы оң даму қарқынын көрс­етіп отырғанын атап өтті. Үкімет Мем­лекет басшысының тапсырмаларын іске асыруды жалғастыруда. Кө­лік және сауда салаларында қол жет­кізілген жоғары нәтижелер аталып өтті. Бұған қоса, өнеркәсіптік дам­у­ға қосымша серпін беруге тиісті бай­ланыс және құрылыс салаларына ерек­ше көңіл бөлу тапсырылды. «Жыл қо­ры­тындысында ІЖӨ өсімін 4% кө­ле­мінде қамтамасыз ету бойын­ша Ел­басы тапсырмасын іске асыру үшін бар­лық мүмкіндік бар», деді Б.Сағынтаев.
Премьер-Министр Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасын орын­дауға мұқият қарауды ескертті. Келесі Үкімет отырысында орта­лық мемлекеттік органдар мен әкімдік­тердің жұмыс қорытын­дылары қара­латындығын еске салды. 

Мұнан кейін Үкімет отырысында жекешелендіру жұмыстарының барысы туралы мәселе қаралды. Бұл жайында Қаржы министрі Әлихан Смайылов пен Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндады. «2018 жылы сатуға 243 нысан жоспарланды. Іс жүзінде 155 нысан сауда-саттыққа шығарылып, 88-і сатылды. 117 млрд теңге қаржы түсті. 67 нысан – сауда-саттықта. Тағы 8 нысан жылдың соңына дейін сауда-саттыққа шығарылады», деп мәлімдеді Қаржы министрі.

Өз кезегінде Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында Ұлттық экономика министрлігі артық және қайталанатын функцияларды анықтау тұрғысынан мемлекеттік органдардың ведомство­лық бағынышты ұйымдарын функ­ционалдық талдауды 2019 жылы аяқтайтынын хабарлады.  

Мәселені қорытындылаған Үкі­мет басшысы жалпы нысандар саты­лымы кестеге сәйкес жүргізі­ліп жат­­­қа­нын атап өтті. Б.Сағынтаев 8 ны­­сан­ның сауда-саттыққа шығарыл­мағанын және қазіргі кезде 67-сінің саудада тұрғанын ескере отырып, министр­ліктер, жергілікті атқарушы орган­дар мен холдингілерге жылдың соңы­на дейін жекешелендіруге жататын нысандарды сауда-саттыққа шығару жұмысын аяқтауды, тізімдегі 48 нысанның сату алдын­дағы дайын­дық жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»