Руханият • 12 Желтоқсан, 2018

Латын әліпбиіне көшудегі Әзербайжан тәжірибесі

985 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазір елімізде әліпбидің латын негізді жаңа үлгісін енгізу үдерісінде бұқара халық осы уақытқа дейінгі бұрынғы Кеңес өкіметі құрамында болған түркітілдес елдердің қателіктерін қайталамау, оң тәжірибелерін пайдалану қажеттілігі туралы ұсыныстар мен пікірлер айтылып жатыр. Осы жайттарды ескере отырып, латын әліпбиін біздің елімізде оңтайлы қолдануды іске асыру үшін бұл әліпбиді енгізуді осыдан ширек ғасыр бұрын бастаған мемлекеттердің тәжірибесін тағы да саралап, сараптама жасап алған жөн. 

Латын әліпбиіне көшудегі Әзербайжан тәжірибесі

Әзербайжан тілінің латынға негізделген әліпбиін құрастыру тарихы ХІХ ғасырдан бас­талады. Әзербайжан ғалымдары сол кездің өзінде-ақ араб әріптерінің әзербайжанның барлық дыбыстарын белгілеуге толық мүм­кіндігі жоқтығын айтып, өздерінің төл әліп­билерін құрастырады. Екінші тағы бір нұс­қасын ғалымдар ХХ ғасырдың басында жасап, 1919 жылы жаңа әліпби жасалып, ол іс ха­лықтан қолдау тауып, өкімет тарапынан ма­құлданады. Бірақ бұл әліпбидің іске асып кетуіне елде болған түрлі төңкерістік ахуал­дар кедергісін келтіреді. 1922 жылы ұзақ тал­қылаудан кейін латын негізді жаңа әліпби қа­былданып, ол 1925 жылы араб әліпбиімен қатар ресми түрде қолданыла бастайды. Түрлі дау­лы пікірталастардан кейін екі рет бұл әліп­биге (1933 және 1938 жылдары) ішінара өзгерістер енгізеді. Араб әліпбиі осы жылдардан бастап қолданудан шыға бастайды.

1939 жылы кирилл әліпбиінің бірнеше нұсқасы талқыланып, нәтижесінде сол жыл­ғы 15 қарашада жаңа кирилл әліпбиі қа­былданады. Ол кирилл әліпбиінде 36 әріп пен апостроф болды. Арнайы саясатпен қа­был­данған 1940 жылғы қазақ кирилл әліпбиінен әзербайжан кирилл әліпбиінің ең басты ерекшелігі онда щ және ё әріптері, жіңіш­келік және жуандық белгілері жоқ.1947 жы­лы әзербайжан ғалымдарының араласуы арқасында орыс тіліндегі сөздерде ға­на­ қолданылып жүрген ц әрпі әліпбиден алы­нып тасталды. 1958 жылы Әзербайжан мем­лекетінің ғалымдары мен мемлекет қайрат­керлерінің ұсынысымен әліпбиге кезінде мәж­бүрлеп енгізілген, әзербайжан тілінің дыбыс­тарын таңбалауда қажеті жоқ э, ю, я әріптері алынып, й әрпін ж деп ауыстыру бекітілді.

Әзербайжан Республикасының тілге қатысты тағы бір ерекшелігі – «Қызыл өкі­мет» өз билігін қатаң жүргізіп отырған уа­қыт­тың өзінде 1978 жылы қабылданған Конс­титуциясында әзербайжан тілінің мемлекеттік мәртебесін тағы бір нақтылап алады. 

Ал қазақ тілінің кирилл әліпбиінде ең ал­ғашқы нұсқасының өзінде қазақ дыбыстарын айтуда қолданылмайтын в, ф, х, һ, ц, ч, щ, ъ, ь, э әріптері болды. Әзербайжан өз әліп­биінен қажет емес әріптерді алып тастап жатқанда, 1957 жылы қазақ әліпбиіне ё әрпі қосылады. Көптеген өзгерістер енгізілген 32 әріп пен апос­трофтан тұратын әзербайжан кирилл әліпбиі ресми түрде 2001 жылға дейін қолданылған.

Елімізде қазіргі әліпбидегі кейбір әріптердің артықтығы немесе басқа таңбалармен беру керектігі туралы ішінара ұсыныс, пікірлер айтылып жүр. 2006 жылдан бері латын әліпбиін енгізу туралы мәселе көтерілгенде дыбыстарымызды белгілеуге сәйкес келмейтін кейбір таңбаларды Әзербайжан тәжірибесіне сүйеніп кирилден ауыстырып алу қажет емес пе еді?! Сонда орфографиямыздағы қағидалар саны да азайып, ерекшеліктер көп болмаушы еді деп ойлаймыз. 

Әзербайжан Республикасында латын негізді әліпбиге көшудің үшінші реформасы бойынша жұмыстар 1990 жылдың басында басталады. Көп ұзамай-ақ латын графикасын жаңғырту бойынша жұмыс тобы ұйымдастырылады. Сол жылы 11 қыр­күйек күні бұл жұмыс тобы «Әліпби комиссиясы» болып қайта құрылады. «Әліп­би комиссиясы» 1991 жылы латынға негіз­делген әліпбидің жобасын жасап, ол жобаны Әзербайжан парламенті бекітеді. 1991 жылы 25 желтоқсандағы 33-бұйрықпен «Латын негізді әзербайжан әліпбиін қайта қалпына келтіру» заңы шығады. Бұл заңның мазмұнында сол уақытқа дейін қолданыста болған кирилл әліпбиінің сауатсыздықты жою, халықтар арасындағы ғылыми және мәдени байланыстарды дамытамыз деген сылтаумен әзербайжан халқына зорлап енгізілгені айтылады. Осындай «тарихи әділетсіздікті жою мақсатын» негізге ала отырып, Әзербайжан КСР-нің «Әзербайжан әліпбиін латын графикасынан орыс әліпбиіне көшіру» туралы 1939 жылғы 11 шілдедегі қаулысының күшін жояды, латын негізді әліпбиді қайта қалпына келтіруді бастайды. Әзербайжан Республикасы Жоғарғы ұлттық кеңесінің жаңа әліпби бойынша шығарған қаулысында екі жылға арналған іс-шара жоспары шығады. Алғашқы жылдың өзінде мектептердің жоғары сыныптарында, университеттер мен орта кәсіби оқу орындарында арнайы факультатив сабақтары ұйымдастырылады. Жаңа әліпбимен жазылған карталар жасау тапсырылады. Полиграфиялық жұмыстармен айналысатын мекемелерге арнайы тапсырмалар беріліп, техникаларын реконструкция жасатады. Республикалық газет-журналдарға кирилмен қоса жаңа әліпбимен шығаруды, мөр мен штамп жасайтын орындарға тапсырма беріп, барлық мекемелер мен ұйымдар бланкілері мен мөрлерін ауыстыруға тапсырма береді. Жеке куәлік пен АХАЖ құжат­тарын, нотариалды, статистикалық, есеп бас­­қару құжаттарын ауыстыруға дайындық жұ­мыс­тарын жүргізе бастайды. Латын не­гіз­ді жаңа әріппен жазылған әзербайжан тілінің орфографиялық сөздігін жасап, басып шы­ғаруды тапсырады. Олар да қазіргі біздің еліміздегідей кирилден бірден толығымен бас тарт­пайды. Екі әліпби қатар қолданылады. Бұл елде егемендіктің алғашқы жылдарында елдің орыс тілді мектептерден әзербайжан тілді мектептерге жаппай ауысу тенденциясы жылдам жүр­ген. Елдегі әзербайжан ұлты өкілдерінің көптігі де бұл процестің жылдам іске асуына септігін тигізеді.

1992 жылдың қыркүйек айында бірінші сыныпқа барған балалар жаңа әліпбимен оқиды. Қаулы бойынша екі жылда бітуі керек процесс уақыт өте келе баяулай бастайды. Екі әліпбидің қатар жүруі латын әліпбиіне көшуді он жылға ұзартты. 2001 жылы 18 шілдеде ел Президентінің «Мемлекеттік тілді қолдануды жетілдіру» туралы жарлығы шығады. Бұл жарлық жаңа әліпбиді жүзеге асыруға радикалды түрде әсер етеді. Сол жылы 1 тамыздан бастап елде шығатын бар­лық газет-журналдар мен кітаптар тек қана жаңа әліпбимен басылатын болуы керек еді. Бұл орталық және жергілікті атқарушы орган­дардың іс қағаздарына да қатысты болды. Бұл жарлықтың қатал болғаны туралы сол кездерде Би-Би-Си де жазады. 

Әзербайжанда 2001 жылдан бастап рес­ми түрде кирилл әліпбиі қолданыстан шы­ғарылды. 1 тамыз ұлттық әліпби күні ретінде жыл сайын мерекеленеді. Орыс, ағылшын және француз тілдері шетел тілдері ретінде оқытылады. Әзербайжан секторларында­ (әзербайжан тілінде оқитындарды солай бөледі) орыс тілі шетел тілі ретінде тек бесін­ші сыныптан оқытылады. Жеке мектептерде шетел тілдерін бастауыш сыныптардан оқы­ту жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта халық­тың арасында орыс және ағылшын, араб пен қытай тілдеріне деген сұраныс артқан. Ол тілдер үшін арнайы курстар көптеп ашылуда. Өкініштісі, ол елдегі жастардың, тіпті, орта жастағылардың көбі орыс тілін жетік деңгейде игермеген. Ағылшын тілі де бізбен салыстырғанда енді ғана жүйелене бастаған. Осы тұрғыда Елбасымыздың «Үш тұғырлы тіл» саясатын аса көрегендікпен бастағанын баса айтып өткіміз келеді. Шет тілдерін білу арқылы халықтар мен ұлттар дамыған елдің қата­рына кіріп, өзінің коммуникациялық және интеграциялық қабілетін кеңейтіп отыратыны анық. Болашақ ұрпақтың халықаралық кеңістікке еркін шығып, әлемдік өркениетті игеруі үшін, көп тіл білуі маңызды. Бірақ әліпби ауыстырудың алғашқы кезеңінде орыс және ағылшын тілдерін бесінші сыныптан оқыту жөн деп ойлаймыз. Өйткені реформа жасау кезінде бала өз ана тіліне қанығып, негізін берік қалыптастырып алуы қажет. 

Әзербайжан Республикасының «Тіл туралы» заңына сәйкес әр бес жыл сайын ор­фо­графиялық сөздіктер шығарылуы керек. Осы орфографиялық сөздікте емледе болған өзгерістер туралы айтылады. 1960 жылдан кейін 1975 жылы сөздікте емле ережелердің бұрынғы нұсқасы беріледі. Одан кейінгі қағи­далар жиынтығы 2012 жылдан бері тал­­қыланып, қазір бекітуге ұсынылған. Ға­­лымдар тобы осы жаңа ереженің 2019 жы­лы қолданысқа енетініне сеніп отыр. Біз пікірлескен оқымысты қауым жаңа емледе шет тілінен енген термин сөздерді қабыл­дау қағидаларында бірнеше өзгерістер бола­тын­дығын айтты.

Түйіндей келгенде, мемлекеттік тіл – қазақ тілін латын негізді жазуға көшіру барысында байсалдылық пен байқампаздық танытып, сабыр мен салиқалылықты ұстанып, жазу емлесінің қағидаларына, қалыптасқан ережелеріне, өзгертудің жөні осы екен деп, түзетулер енгізе бермеген жөн. Қысқасы, уақыттың арбасы кеңістіктің атының алдына түсіп кетпесе игі еді. 

Жазира АҒАБЕКОВА,

Назарбаев Университет қазақ тілі және түркітану департаментінің ассистент профессоры