Руханият • 12 Желтоқсан, 2018

«Русский силуэт» бәсекесінде жеңіске жетті

401 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Айя мен Бота Қырғыз­баевалардың жолы болып тұр. Сән әлеміне құ­лағы түрік көпшілік біле­ді, үстіміздегі жылы олар жас дизайнерлердің «New Generation. Open Way – 2018» байқауында жеңіс­ке жетіп, тамаша киім үлгі­лерімен жарқ етіп көрін­ген еді. Қазан айында Алматыда өткен Сән апталығында қос бойжеткенге «Botaya» атты тырнақалды коллекциясы жеңіс әкелген-ді. 

«Русский силуэт» бәсекесінде жеңіске жетті

Міне, көп ұзамай-ақ Айя мен Бота Мәскеуде өткен «Русский силуэт» байқауының тарихында жеңіске жеткен алғашқы қазақ дизайнерлері атанды. Атал­мыш сайыстың «Шекарасыз бай­қау» бөлігінде дүниенің әр шал­­ғайындағы дарындар өз жұмыстарын бір ай бойы ашық онлайн-дауысқа салады. Жұрт­тан ең көп дауыс жинаған модельерлер жеңіске жетеді. 

Нәти­жесінде үздіктердің ішінен үзі­ліп шыққан дизайнерлеріміз бас­­қа қатысушылармен бірге Мәс­­­кеуде өткен жас дизайнер­лер­­дің «Русский силуэт» ХІІ Халық­аралық байқауында өзде­рінің 5 үлгіден тұратын топтамасын көрсетуге мүмкіндік алды. Ре­сей­дің барлық түкпірінен, айна­ладағы мемлекеттер мен Черногория, Қытай және Оңтүстік Кореядан келген 94 ісмер­мен бірге сән әлемінде салтанат құрған Қырғызбаевалардың қол­таңбасына 60-қа тарта қазылар алқасының қатарында Вячеслав Зайцев, Валентин Юдашкин, француз модельері Клод Бонуччи, Bosco di Ciliegi маркетинг директоры Илья Куснирович, Анас­тасия Задорина, Игорь Гуляев, Виктория Андреянова, Джемал Махмудов, Сергей Сысоев сынды мода мэтрлері баға берді. 

Айя мен Бота Қырғызбаевалар: «Біз бұл байқауда авангард сти­лінде, футуризм бағытындағы «Жаңбыр салған суреттер» топтамасын ұсындық. Киім үлгілерінде қиялдық конструкцияларға, аксессуарлар мен бас киімдерде таң­даныс тудырарлық пішіндерге басымдық бердік. Коллекция бояу­лары ақ, қара, сұр, қызыл түс­терден тұрады. Өз үлгілерімізді Қа­зақстанда шығарылатын «Evo» фабрикасы ұсынған аяқ киім­дерімен толықтырдық», дейді.

Қазақ қыздарының бұл бай­қаудан тапқан тағы бір табысы олар Мәскеудегі «R.E.D дүке­нінде өз коллекцияларын ұсыну» бақытына ие болды. 

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ