12 Желтоқсан, 2018

Қазақ спорт және туризм академиясында Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы талқыланды

504 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына орай Қазақ спорт және туризм академиясында журналистермен кездескен академия президенті, профессор Қайрат Закирьянов өзінің ой-пікірлерімен бөлісті.

Қазақ спорт және туризм академиясында Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы талқыланды

«ҚР Президентінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының жазылуы тарихи қажеттіліктен туған әрі дәл уақытында жарияланды. Бұлай деуімізге негіз де жоқ емес, яғни еліміз тәуелсіздікті енді алған жылдары ұлы даланы мекен еткен ежелгі адамдар талай ұлы технологиялық жаңалықтарды ойлап тауып, мәдени жетістіктерді Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таратқаны туралы айту ертерек болатын. Бұған қоса Президентіміз айтқандай «Еуропацентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді көруге мүмкіндік берген жоқ».  Бұл мақала арқылы Қазақстан әлем жұртшылығына өзінің Ұлы Дала халқы екенін паш етті.

Біз өзіміздің әлемдік өркениетке қосқан үлесімізді тарихи тұрғыдан зерделегенде Нұрсұлтан Әбішұлы көрсеткендей, «Біз басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ», «біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдау» мақсатын көздеп отырмыз.

Ұлы даланы мекен еткен қазіргі қазақтардың ата-бабаларының жаһандық өркениетке қосқан үлесі туралы еліміздегі тарихи жәдігерлер көнеден сыр шертіп жатыр. 

Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында Гарвард, Кембридж университетінің ғалымдары жүргізген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді. Америкалық ғалым Джон Даймонд «Жылқыны қолға үйрете білген халықтар, бұл өнерді  игермеген басқа халықтардың алдында өз дәуірінде адам айтқысыз жауынгерлік үстемдікке ие болды»» деп жазса, ал ғалым Лев Гумилев «Әлемдік тарих көшпенділердің стратегиялық атты жасақтарының дүбірінің әуенімен құрылып жатты» деп ой түйеді.

Шынында да, қолына темір қылыш ұстаған аттылы көшпенді әлемнің қожасы атанды, Президентше айтсақ «Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды», деп атап өтті. Қайрат Закирьянов.

Елбасы мақаласының әр тарауына жекелей тоқталған Академия президенті еліміздің металлургия пайда болған алғашқы орталықтардың бірі екені де рас, бұл туралы қазба жұмыстары барысында табылған металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әшекей бұйымдары, ежелгі дәуірдің тұрмыстық заттары мен қару-жарақтары куә болатындығына тоқталып, бұл тарихи феномен туралы XIX ғасырдағы америкалық ғалым Генри Морган «жабайы адамдар металдарды тауып, оларды құюды, белгілі бір пішінге келтіруді үйренді» дей келіп, темірді өндірудің біріншілігін Европа Еуразиялық даланың көшпенділері деп атаған жабайыларға тиесілі деп тұжырым жасағандығын атап өтті.  

 «Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс» - деп Президент мақаласында көрсеткендей, біз де Ұлы дала өркениетін қалыптастырған ата-бабаларымыздың тарихын кең ауқымда зерделегенде ғана өзіміздің жаһандық өркениеттегі орнымызды тани алатын боламыз. Ең бастысы, бойымыздағы генетикалық кодымызды жаңғыртып, әр қазақ өзінің Ұлы даланың иесі екенін жадында ұстағаны жөн.

Сонда ғана Президент айтқан «Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту - еліміздің табысты болуының кепілі» болмақ, деді өзі сөзінде академия басшысы.

 

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ