Аймақтар • 12 Желтоқсан, 2018

Солтүстік Қазақстанда Желтоқсан құрбанын еске алу турнирі өтті

703 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Петропавлда Желтоқсан көтерілісінің құрбаны, жерлесіміз Нұржан Қалиасқаровты еске алуға арналған дәстүрлі волейбол турнирі өтті.

Солтүстік Қазақстанда Желтоқсан құрбанын еске алу турнирі өтті

1996 жылдан бері жүйелі түрде ұйымдастырылып келе жатқан жарысқа алғашқы жылдары төрт команда ғана қатысса, осы жыолыоблыс аудандарынан және Астана қаласынан 13 команда жиналды.

Нұржан Қалиасқаров Алматы сәулет-құрылыс институты құрылыс факультетінің бірінші курсында оқып жүргенде алаңға шығып, әкімшіл-әміршіл жүйеге қарсы наразылығын білдіргені үшін ұсталып, қамалған болатын. Ауыр соққыға жығылған. Оқудан қуылып, кейін комсомолдан шығарылған. Уақыт өте келе алған жарақаты асқынып, қайтыс болған.

Жарыс Тәуелсіздік мерекесіне арналып, дене шынықтыру және спорт басқармасы, “Нұржан Қалиасқаров атындағы “Желтоқсан” қоры және “Желтоқсан ақиқаты” ұйымының жергілікті бөлімшесі ұйымдастырды. Ашылу салтанатында дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Әлдименов пен “Қаһармандар” қоғамдық қоры облыстық филиалының төрағасы Ерік Нұрақаев сөз сөйлеп, спортшыларға жеңіс тіледі.

 Командалар үш топқа бөлініп сайысты, ең көп ұпай жинағандары ақтық сынға жолдама алды. Финалдық бәсекеге шыққан үш команда арасындағы ойын өте тартысты өтті. Астананың “Вечерняя Астана” командасы, Назарбаев зияткерлік мектебі мен №32 мектептің біріккен құрамы және “Искра” ұжымы өзара мықтыны анықтады. Бұл додада елордалық команданың асығы алшысынан түсті. Жасұлан Ордабек, Андрей Букин және Саят Шалтахметов үздік ойыншылар атанды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге құрмет грамотасы мен ақшалай сыйлық табыс етілді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы