Адам құқықтары жөніндегі уәкіл атына соңғы 12 айда азаматтардың сот шешімдерімен келіспеуі туралы 329 шағым-арызы келіп түсті, бұл тіркелген өтініштердің жалпы санының 26%-ын құрайды. 226 шағым сот ісін жүргізудің қылмыстық түріне, 91-і азаматтық, 12-сі әкімшілік түріне тиесілі.
Шағым-арыздардың басым бөлігі Астана, Алматы қалаларынан, Қарағанды және Қостанай облыстарынан келіп түскен.
Тәжірибе көрсеткендей, азаматтарды қылмыстық қудалауға жөнсіз тартудың негізгі себебі – сотқа дейінгі іс жүргізу сатысында заңдылық пен іс жүргізу нормаларының бұзылуы. Аталған бұзушылықтарға сот бақылауы өкілеттігі берілген тергеу судьяларының уақтылы баға бермегені анық.
Арызданушылар өз хаттарында үкімнің негізіне, әдетте, қылмыстық қудалау органының айыптау актісі алынатынын; сот ісі материалдарына тәуелсіз сараптамалардың қорытындыларын, қорғау куәгерлерінің айғақтарын қосу туралы өтінішхаттар қабылданбайтындығын; тергеу барысында іс жүргізу бұзушылықтары назарға алынбайтынын; кінәнің жанама дәлелдемелеріне жол берілетіндігін жиі атап өтеді.
Жоғарыда аталғандар Бас прокуратура деректерімен расталады, оған сәйкес 2018 жылы апелляциялық сатыда өзгертілген және жойылған сот актілерінің саны 1,5 есеге өсті. Прокуратура органдарының наразылықтары бойынша кассациялық саты 200-ден астам сотталған адамның жағдайын жақсартты (оның ішінде 12 адам толық ақталды, 19-ы ішінара, қалғандарының жазаны өтеу мерзімі, ұстау режімі төмендетілді).
Осыған байланысты Жоғарғы соттың кеңейтілген кеңесінде 2017 жылғы жұмыс қорытындысы бойынша судьялардың алдында тараптардың сот ісін жүргізуде жарыспалылық қағидатын дамыту міндеті қойылғандығы атап өтілді.
Сондай-ақ омбудсмен азаптаулар туралы жария еткен тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы қоғамда талқыға салынған мәселені қарауды ұсынып отыр. Көп жағдайда азаптаулар фактілерінің тиісті тергелуіне күмәнданған жәбірленушілер, жалған мәлімет жеткізгені үшін айыпталудан қорыққандықтан, оларға қатысты жасалған қылмыс туралы жария етуден қауіптенеді.
Сондай-ақ шағым-арыздарда алқабилер институтының істің сотта қаралуын кеңейту, сот ісін жүргізудің қылмыстық-іс жүргізу нысаны мен алқабилерге үміткерлердің сотқа дейінгі іріктеу процедурасын жетілдіру бөлігінде алқабилер институты дамуының маңыздылығы туралы айтылған. Алқабилердің тәуелсіздігін нығайтуға, сондай-ақ олардың судьялармен құқықтық қарым-қатынасын нормативтік жетілдіруге көңіл бөлінді.
Омбудсмен жоғарыда көрсетілген мәселелер қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінде қаралып жатқан «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында көрініс табатынына сенімін білдіреді.
«Егемен-ақпарат»