Өнер • 13 Желтоқсан, 2018

«Ұлттық музейге сый тарту» көрмесі үш ай бойы жалғасады

536 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шоқанның әжесі Айғаным ұстаған тегешті, Кенен Әзірбаевтың домбырасы мен кемер белдігін, Шәмші Қалдаяқовтың пианиносы мен әйгілі қаракөл бөрігін, Қасым Қайсеновтің кездігі мен өзге де құнды дүниелерді көргіңіз келсе, Ұлттық музейге асығыңыз! «Ұлттық музейге сый тарту» акциясының үш жылдық қорытындысы бойынша ашылған көрме үш ай бойы жалғасады.

«Ұлттық музейге сый тарту» көрмесі үш ай бойы жалғасады

2015 жылы басталған «Ұлт­тық музейге сый тарту» атты республикалық акция аясында халқымыздың саяси-әлеуметтік және рухани-мәдени өміріне өлшеусіз үлес қосқан танымал тұлғалардың ұрпақтары бү­гінге дейін көздерінің қа­ра­­шы­­­ғындай сақтап келген дү­ние­лерді музей қорына тапсырды. Қо­рытынды салтанатты көр­­меге Жұмабек Тәшеновтің дип­ломатиялық төлқұжаты мен ор­дендері, Қ.Мырзалиевтің қа­­­­лам­­сабы мен қолсағаты, Ж.Үш­кемпіровтің алтын медальдары мен жарыстарға киген киімдері, Г.Исмаилованың қыл қаламдары мен сәнді сөм­келері, Серік Сәпиев, Юрий Мель­ниченко, Владимир Смир­нов, Бақыт Сәр­секбаев сынды олимп шыңын ба­ғындырған саң­­лақтардың жеке заттары қо­йылды.

Салтанатты шараға мемле­кет және қоғам қайраткері Дін­­мұхаммед Қонаевтың жие­­ні Жан­нета Серікбаева, Қазақ­стан­ның халық әрті­сі Гүлжан Әспетова, Қа­зақстан­ның еңбек сіңірген өнер қай­рат­кері, айтыскер ақын На­деж­да Лушникова, актер Сан­жар Мәдиев, суретші Әбіл­­хан Қастеевтің шөбересі Ай­саным Қастеева, Мәриям Жа­горқызының немересі Қабиба Нұрбекова және өзге де елімізге белгілі өнер қайраткерлері, жас­тар қатысты.

Қорларды есепке­ алу­ бөлі­мінің жетекшісі Бәтеш Ақбасова қордағы экспонаттардың әрқай­сы­сының сирек әрі қайталан­байтын соны дүниелер екенін айтады.

 – Алғашқы акциялар алдымен үлкен қалалар – Астана мен Алматыда өтсе, кейін рес­публика бойынша жалғасын тапты. Үш жылға ұласқан акция кезінде 300-ден аса жеке тұлға 4 мыңға жуық жәдігерді сыйға тартты. Келіп түскен экс­понаттар­ды му­зей қорының ірік­теу комис­сия­сындағы тәжі­рибелі мамандар сараптамадан өткізеді. Осыдан кейін та­­­­­­қырыптық бағытта салаланып, экспозиция залдарына ор­наластырылады. «Өткенді қа­дірле, бүгінді бағала, келешекке сенімді күшейт» деген жақ­сы сөз бар. Акцияға белсене қатысқан ел азаматтары мен қоғам қайраткерлеріне, өзге де атсалысқан жандарға ри­за­­шылығымызды білдіреміз. Мұ­­раны тапсырушылар үшін ын­таландыру жолдары да қа­рас­ты­рылған, – дейді Бәтеш Ақ­басова.

Шара аясында Әміре Қашау­баевтың 1925 жылы Парижде өнер көрсеткені үшін алған күміс ме­далі музей қорына салтанатты түр­де табыс етілді. Тапсырылған экс­понаттардың арасында «қазақ валь­сінің королі» атанған Шәм­шінің «Кубань» пианиносы көзге ерекше жылы ұшырайды. Музыка аспабын Шымкент жастары 1965 жылы композиторға сыйға тартса керек. «Дударари-дудым, Бір сен үшін тудым» деп шырқаған Мәриям Жагорқызының сыры кет­се де, сыны кете қоймаған ағаш айнасы да осы қатардан орын теуіпті. Сондай-ақ халық су­­ретшісі Әбілхан Қастеевтің пленэр шатыры мен мольберті де осы көрмеде жарасым тауыпты. Суретшінің қызы Гүлдария Қастеева әкесінің «Түрксібтің салынуы», «Жамбыл мен Кали­нин» атты жұмыстарының эс­кизін де осы музей қорына тарту етіп отыр.

Тарихымызды тануға, түген­деуге үлес қосқан тағылымды ша­­ра мұнымен аяқталмайды. Әу­ле­тіндегі мұраға қалған бұйымды өткізуге ықыласты жан­дарға му­зей есігі әрдайым ашық. Ал музейге тапсырылған зат ауа, ыл­ғал, шаң-тозаң, күннің кө­зі,­ электр жарығы секілді ші­ру­ге, бүлінуге, жойылуға әсер ете­тін құбылыстардың бәрі­нен сақ­тандырылып, арнайы күтім­дегі жәдігер ұрпақтан ұрпаққа жет­пек.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»