Бокс • 13 Желтоқсан, 2018

Қанат Ислам шаршы алаңға қайта оралады

750 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кәсіпқой бокстағы бірінші орта сал­мақта жұдырықтасатын қазақ­стандық кәсіпқой Қанат Ислам (25-0, 20 КО) 2019 жылдың наурыз айында Аме­рикада жекпе-жек өткізетінін айтты.

Қанат Ислам шаршы алаңға қайта оралады

Жыл басында америкалық атақты менеджер Эгис Килимаспен жұмыс істей бастаған Қанат Ислам биыл жаз мезгілінде жекпе-жек өткізуі тиіс болған, алайда жаттығу барысында жарақат алып, кездесуі кейінге шегерілген еді. Отандық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Қанат Ислам жарақатынан толық айығып, жаттығуға кіріскенін айтады. «Жекпе-жек өткізбегеніме де бір жарым жылға таяп қалды. Қазір жарақатым толық жазылып бітті, ақырындап жаттығуға кірісіп жатырмын. Бойымда әлі күш бар екенін сеземін. Сондықтан карьерамды аяқтауға әлі ерте деп ойлаймын. Жарақаттан аман болсақ, келесі жылдың наурыз айында АҚШ-та жекпе-жек өткізіп, жанкүйерлерімді қуантпақшымын», дейді Қанат Ислам.

Айта кетейік, Қанат Ислам өзінің соңғы жекпе-жегін 2017 жылдың 9 қыркүйегінде Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде өткізіп, канадалық боксшы Брэндон Кукты 9-раунд­та техникалық нокаутпен жеңген болатын.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»