14 Желтоқсан, 2018

Намазалы Омашев: Тәуелсіздіктің дәмі тәтті, соқпағы қатты

1108 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ халқының тәуелсіз­дікке жету жолы ауыр болды. Бұл кейбіреулер ойлағандай, Алланың бере салған ерекше сыйы емес. Керісінше, не­бір қилы тарихты бастан кеш­ті. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» өтті. Көне тарихты былай қойып, Кеңес өкіметінің кезінде де біздің көрген құқайымыз аз болған жоқ. 

Намазалы Омашев: Тәуелсіздіктің дәмі тәтті, соқпағы қатты

ХХ ғасырдың 20-жылдары халқымыздың басынан өт­кен қуғын-сүргіндер, қол­дан ұйымдастырылған ашар­шылықтар, 30-жылдардың ойраны – барлығы нағыз нәубет жайлаған, ел басына қаралы күн туған күндер еді. «Егемен Қазақстан» газетінің тарихынан «Мәңгілік елдің ғасырлық шежіресі» деген көп томдық кітапты әзірлеу үстінде бұған тағы да бір рет көз жеткізе түс­тік. Осылайша, мың өліп, мың тірілген қазақ халқы Абы­лайлар армандаған егемен заманға да жетті. Тәуелсіздікке жету жолы қандай қиын болса, оны баянды етіп ұстап тұру одан да қиын екендігін өмір көрсетіп отыр. 

Осыған байланысты, ше­телдік белгілі бір саясаткер­дің тұжырымы ойға орала береді. Өткен ғасырдың 90-жыл­дары­ның соңына қарай, ғылыми-әдіс­темелік байланысты орнату үшін Америкаға бардық. Біздің саламыз бойынша білім беретін оқытушы-профессормен араласып, шамамыз жеткенше пікір алмастық. Сондай әңгіменің бірінде, Оклахома штатындағы университеттің танымал профессоры Парл «Қазақ халқы – жүрек жұтқан батыр ел екен. Айдаһар мен аюдың ортасында отырып, тәуел­сіз­дікті баянды етеміз деп кү­ресіп жатыр» деген еді. Қа­пелімізде не дерімізді білмей, аңтарылып қалдық. Сосын іле сөзге араласып, «Онда неге қазақ жерінде орнатқан атом қаруының көзі құрығанша асық болдыңыздар?» дедім. Сонда белгілі саясаткер «Атом қаруы сіздердің тәуелсіздіктеріңізге кесірін тигізбесе, пайдасын көре алмайтын едіңіздер. Президенттеріңіз көрегендік жасады. Сіздер өздеріңізді ұлт­тық мемлекет ретінде өмір сүре алатындарыңызды дәлел­деулеріңіз керек. Яғни, тарихы терең, салт-дәстүрі бар, өрке­ниет жолына түскен, өнер, білім мен ғылымды серік еткен ел болуларыңыз қажет. Сонда ғана армандарыңызға жетесіздер» деген тұжырымы бүгінге дейін ойымнан кетпейді. 

Қазір елімізді әлем таныды, халықаралық саясат та біз­бен санасатын болды. Түрлі ха­лықаралық ұйымға мүшелікке өтіп, тіпті, кейбіріне жетекшілік жасап та жүрміз. Өзі құралпы елдермен салыстырғанда, экономикамыз да біраз дамыды. Ендігі жерде Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген ұлтымыздың жеті ке­реметін қастерлеп, америка­лық ғалым айтқандай, әлемге танытуымыз керек. Сонда ғана Ұлы даланың иесі қазақ хал­қының тәуелсіздігі баянды болары анық. 

Намазалы ОМАШЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Соңғы жаңалықтар