Қазақстан • 14 Желтоқсан, 2018

Әнұранды асқақтатқан саңлақтар

1153 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде Қазақстан спортшылары бірнеше Олимпия ойындарына, әлем және Азия чемпионаттарына қатысып үлгерді. Осылардың ішіндегі ең абыройлысы – Олимпия ойындары екені баршаға белгілі.  

Әнұранды асқақтатқан саңлақтар

Төрт жылда бір рет ұйым­дастырылатын, мықтылардың мықтысы ғана сынға түсетін додаға еліміздің спортшыла­ры тәуелсіз мемлекет ре­тін­де ең алғаш 1994 жылы Нор­­­вегияның Лиллехаммер қа­ласында ақ қар, көк мұз үс­тінде өткен  Қысқы Олимпия ойындарына қатысты. Ал Жаз­ғы Олимпиаданы 1996 жы­лы Атлантадағы додадан бастады. Жерлестеріміз бүгінге дейін төрт жылдықтың басты бә­секесіне жалпы саны 13 рет қа­тысып, 67 жүлде олжалады. Оның 60-ын жазғы, жетеуін қысқы олимпиадашылар иеленді. 

Қазақстан құрамасына Олим­пиададағы алғашқы алтынды 1994 жылы Нор­ве­гияның Лиллехаммер қала­сында өткен Қысқы Олим­пия ойын­дарында шаң­ғышы Вла­димир Смирнов салды. Өкі­нішке қарай, әзірше бұл алтын Қысқы Олимпиададағы алғашқы және соңғы алтын медаль болып тұр. Екі жыл­дан кейін АҚШ-тың Ат­лан­та қаласында өткен Жаз­ғы Олимпия ойындарында отан­дастарымыз 11 медаль ие­ленді. Оның үшеуі алтын жүл­­де болатын. Сол жылы бокс­шы Василий Жиров, бессайысшы Александр Парыгин және грек-рим балуаны Юрий Мельниченко тұғырдың бірін­ші сатысынан көрінді. 

2000 жылы Сидней тө­рінде жалауы желбіреген бай­рақты бәсекеде екі қазақ бокс­шысының бағы жанды. 20 жастағы боксшы Бекзат Саттарханов финалға дейін қарсыластарын бір деммен жеңіп шығып, Олимпиаданың алтын жүлдесін олжалады. Екінші алтын медальді елі­міздің көк байрағын Олим­пиаданың ашылу салтанатында ұстап шыққан Ермахан Ыбырайымов ел қоржынына салды. Ал Сид­нейдегі үшінші алтын жүл­дені жеңіл атлет Ольга Шишигина салды.

2004 жылы Афиныда бокс­шы Бақтияр Артаев барлы­ғынан оза ша­уып, 69 кило салмақта Олим­пиада чемпио­ны атанды. Бұл жолы Бақ­тиярдың жалғыз алтынын көңілге медет тұттық. Арадан төрт жыл өткенде Бей­жің Олим­пиадасында бокс­­тан дәл осы салмақта Ба­қыт Сәрсекбаев оза шауып, сөзін Елбасы мен Жұ­мекен Нә­жімеденов, әнін Шәм­ші Қалдаяқов жазған Ән­ұра­нымызды Олимпиада тө­рінде тұңғыш рет шыр­қат­­ты. Сонымен қатар тап осы тәуелсіздіктің арқасында Ба­қыт Сәрсекбаев пен сол жы­лы Қы­тай құрамасының атынан шыққан қандасымыз Қанат Ислам тұғырдың биік сатысына шығып, қазақ­тың көк туын жамылып тұрды. Бір қызығы, Олимп шы­ңын бағындырған Бақыт Сәрсек­баев пен Қанат Ислам өзге елде туып, тарихи Отанына оралған спортшылар.

2012 жылы Лондондағы XXX Олимпия ойындарында қазақ спортшылары үш бірдей алтын жүлде олжалап, бұрынғы биігіне қайта шықты. Бір қызығы, бокс­тан 69 кило салмақта сынға түскен Серік Сәпиев чемпио­н атанып, Артаев пен Сәр­секбаевтың жеңісті жолын жал­ғады. Ал араға 12 жыл салып Ольга Рыпакова жеңіл атлетикадағы екінші алтын медальді ел қоржынына салды. Сонымен қатар велошабандоз Александр Винокуров Олимпиаданың алғашқы кү­нінде алтын медаль олжалап, ел мерейін асырды. Осы­дан екі жыл бұрын Рио тө­рінде өткен додада қазақ оғлан­дары тағы да үш алтын медаль еншіледі. Риода бокс­­шы Данияр Елеусінов Олим­пия ойындарында «қазақ салмағы» атанып кеткен 69 кило салмақта қарсыластарын қоғадай жапырып, алтын ме­дальді алды. Ауыр атлет Нид­жат Рахимов ел қоржынына екінші алтын медаль салса, Дмитрий Баландин суда жү­зу спорты бойынша Қазақ­станның Олимпиада тари­хын­дағы алғашқы алтын медальді иеленді. 

Міне, тәуелсіз Қазақ елі саң­лақтарының Олимпия ой­ын­­­дарындағы нәтижесі осын­­­­дай. Қазіргі таңда кез кел­­­ген әлемдегі спорт держа­ва­­­сы Олимпиада және әлем чем­­­пионаттарында еліміздің спорт­шыларымен санасатын жағдайға жетті. Қазақ спорт­­­шыларының Олимп тө­рін­дегі жеңісі мен жетіс­тігі соң­да­рынан ерген оғлан­дар­дың буы­нын бекітіп, бола­ша­ғын ны­ғайтуға қызмет етіп келеді.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»