Қазақстан • 14 Желтоқсан, 2018

Азат елдің бағы да жоғары

321 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Азат елдің бағы да жоғары

Қазақ спортшыларының бүгінгі жеңісі мен жетістігінің барлығы Тәуел­сіздіктің арқасында деп білемін. Ел өмі­­ріндегі ең еңсесі биік, тегеуріні текті мереке – Тəуелсіздік мейрамы. Өйткені бұл күннің мағынасы мен мəн-мазмұны аса терең. 

Менің Қытайдағы балалық шағым Алтай облысындағы Ертіс өзенінің бойында өтті. Қарапайым қазақ ауы­лында туып өстік. Есейе келе әлем­де Қазақ елі бар екенін білдік. Қы­­тайда жүріп ең алғаш бокс үйір­месіне барғанда жаттықтырушы ағай біз­­ден «мұнда неге келдіңдер» деп сұ­­рады. Бәріміз бір ауыздан чемпион болуға келгенімізді айттық. Сонда ол кісі «маған чемпионның керегі жоқ. Бірінші адам болуларың керек» деп еді. «Сендер чемпион болып, артынан тілдеріңді шайнап, бір жерде то­пыраққа аунап жатсаңдар немесе ел амандаса алмайтындай дәрежеде тал­таңдап жүрсеңдер ол дұрыс болмайды» деген еді. Сонда ғана чемпион деген атақтың артында ұлттық мүдде, қан­шама жауапкершілік жатқанын тү­сінгендей болдым. Қай салада, қай кә­сіпте болсын ұлттың мүддесі биік тұр­маса, ол адам үлкен жетістікке жете ал­майды.

«Қазақстанға кетеміз» деген сөз бала күннен құлаққа әбден сі­ңіс­­ті бо­лып қалған әрі үлкен медеу бо­латын. Мен Қытай елінде де Қа­зақ­станды арқаланып жүрдім. Қа­зақстанның азаматтығын алуға шешім қабылданған кезде Қытай бокс федерациясы басшыларына: «Жүрегім – қазақ деп соғады. Отбасым осында. Атажұртымда шаңырақ көтердім. Ағайын-туыстарымның барлығы осы жақта. Сондықтан Қазақстан атынан жұдырықтасуға рұқсат етіңіздер»,  деп алдарынан өтіп, өтініш хат жаздым. Мақсатым – Қазақстанның көк байрағы астында Олимпия ойындарына қатысып, алтын жүлде иелену болатын. Дегенмен ортаға саясат араласып, Олимпиадаға бара алмайтын болдым. Қытай жағы рұқсат бермей қырсығып отырып алды. Әйтпесе бас бапкер Мырзағали Айтжановтың шақыртуымен ұлттық құрамамен бірге жаттығу жұмыстарына да қатыстым.

Лондонға бара алмайтынымды біл­ген кезде көңіл күйім қатты түсіп кетіп еді. Олимпия ойындарына бара алма­сам да, сол уақытта «Астана арландары» бокс клубында Қазақ елінің намысын қорғадым. Бұл да мен үшін жұбаныш болды. Қытайдан келгендегі мақсатым қай жарыста болсын қазақтың намысын қорғау еді. Сол күнге жеткізген Құдайға шүкір деймін. Сондықтан Тəуелсіздігіміз ұзағынан әрі баянды болсын! Тəуелсіз елдің бағы да жоғары, аспаны да кең. Біз сондай баққа жеткен халықпыз. Еліміз гүлдене, нұрлана берсін!

Қанат ИСЛАМ,

кәсіпқой боксшы