Өнер • 14 Желтоқсан, 2018

С.Әкелеев: Бекболат Тілеухан мен Айгүл Қосанованың дауысын мен қойғам

638 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
С.Әкелеев: Бекболат Тілеухан мен Айгүл Қосанованың дауысын мен қойғам

- Сахан Долдиұлы, Сіз студент шағыңызда қазақ өнерінің майталмандары Асқар Тоқпанов пен Бекен Жылысбаевтың тәрбиесін көріп, тәлім алдыңыз. Биыл шығармашылығыңызға 40 жыл толып жатыр екен. Өткенге көз жүгіртсеңіз, қандай сәттерді еске алар едіңіз.

- Өскемендегі мәдени ағарту училищеде режиссура мамандығында оқып жүргенде бізден емтихан қабылдауға мемлекеттік комиссияның төрағасы ретінде Алматыдан атақты Асқар Тоқпанов ағамыз келді. Шағын қойылымда ақынның рөлінде ойнадым. Сонда домбыра шертіп, бесік жырын айтатын тұсым бар. Осы көрініс көңілінен шыққан болу керек: «Қойылым біткен соң ана ұл маған келіп жолықсын» депті Асекең. Барып, «Ассалаумағалейкум» деп сәлем беріп едім, «Мені танисың ба?» деді салған жерден. «Кешіріңіз, сізді танымаушы едім» деп ойымды ашық айттым. «Асанәлі Әшімовті білесің бе?» деді сұрағын төпелетіп. «Білем». «Білсең, мен ұстазы боламын. Қазақстандағы алғашқы маман режиссерімін» деді. Сосын «Сен қазақша таза білесің бе?» деп сұрады. «Тарбағатайдың қазағымын. Ауылда өскенбіз. Орысшаға шорқақпын. Аздаған орысшаны әскерге барып үйрендім» дедім. «Онда біз Алматы мемлекеттік театр және көркем сурет институты болып бөлініп жатырмыз. Курс қабылдаймыз. Соған сені шақырамын. Міндетті түрде кел» деді.

Содан не керек, үшінші курсты бітіргеннен кейін 40 сом ақшамен «нар тәуекел» деп Алматыға тарттым. Барған соң Асқар ағаға жолықтым. Сөз қысқа болды. «Ел қатарлы жақсылап дайындал» деді. Емтихан тапсырдым. Емтихан тапсырғанда Асекеңді, әйгілі актер Асанәлі Әшімовті көрдім. Сол кісілерді көргеннен кейін оқуға деген құштарлығым одан әрі арта түсті. Оқуға түсетін кезде бір орынға 9 баладан келдік. Ол уақытта блат-сбат, таныс-маныс деген дүние жоқ. Тек қана талантыңа қарайды, таза өнеріңді бағалайды. Сахнада тұрғанымда тапсырма берді. «Өртті көрсет» деді комиссия мүшелері. Лапылдаған өртті көз алдыма елестетіп, сахнаның бәрін күпәйкемен сабалап, Асқар Тоқпанов бар, Асанәлі Әшімов бар, комиссия мүшелерінің бәрін «жанып барасыңдар. Неғып отырсыңдар бұл жерде?» деп аудиториядан қуып шыққаным әлі есімде. Сонда «мына баланың көруі, сезінуі мықты екен. Расында, өрт болса, бүкіл ғимарат жанады ғой» деп мақтау айтқаны бар Асқар ағамыздың. Институтта оқып жүргенде Асқар Тоқпановтан, Асанәлі Әшімовтан, ерлі-зайыпты Ыдырыс Ноғайбаев пен Фарида Шәріповадан дәріс алдық. Асқар Тоқпанов ағамыз терең білімді адам еді. Сонау сақ дәуірінен бастап, ғұндар, көк түрік, сәнбилер, жужандар тарихы, Еділ батыр, дін, Мұхаммед пайғамбар жайында ұстазымыздан көп нәрсені біліп, көкейге түйдік. Ұлы Абайды жатқа соғатын. «Абай жолының» әрбір бетін жатқа білетін. Оқу бітіргенше шәкірттерін Абайға ғашық етіп шығарды. Күні бүгінге дейін қол босағанда ақынның қарасөздерін парақтап, өлеңдерін жаттап, ұстазымды сағына еске алып отырамын. Институтты тәмәмдағаннан соң сол кездегі ТЮЗ, бүгінгі Ғабит Мүсірепов театрында қалуым керек болатын. Сыртқы күштердің әсерімен мені Семей театрына жіберіпті. Шынын айтсам, ол жаққа барғым келмеді. Алматыда қалғым келді.

Сөйтіп дел-сал болып, министрліктен құжаттарымды ала алмай жүргенде бір күні Бекен Жылысбаевты кездестіріп қалдым. Көлік күтіп тұр екен. Ол кісіні бұрыннан білетін едім. Институтта оқып жүргенде мені өзіне шақырған. «Оқуымды бітіріп, кейін барармын» дегем. Мені көріп: «Ой, сен қайда жоғалып кеттің?» деп қал-жағдайымды сұрап жатыр. «Оқуға қазір түссем бола ма?» дедім. «Болады. Онда машина ұста» деді. Мәшине ұстап, бірден Құрманғазы атындағы консерваторияға келдік. Ғазиза Жұбановаға кірдік. Содан не керек, соңғы күні, соңғы сағатта медициналық тексеруден апыл-ғұпыл өтіп, консерваторияға оқуға түстім. Үшінші курста республикалық, төртінші курста Орта Азия мен Қазақстан әншілер конкурсының лауреаты атандым. Бекен Жылысбаев шәкірттерін үйіне апарып, қазы-қарта жегізетін

- Қазақстан Халық әртісі Бекен Жылысбаевтың да шапағатын аз көрмеген секілдісіз.

- Ол кісі сабырлы, көркем мінезді жан еді. Көңілі кең, жаны жомарт адам еді. Шешендікті, білімді болудың қыр-сырын Асқар Тоқпановтан үйренсек, адами қасиеттерді, сабырлылық, байыптылық, жомарттық, кеңпейілділік секілді қазақы мінездерді Бекен Жылысбаевтан бойымызға сіңірдік. Қазаққа бүйрегі бұрып тұратын. Ұлттық кадрларға ерекше мән беретін. «Қазақтың балалары басқа еш жерде оқи алмайды. Консерваторияға ең әуелі қазақ балалары түсуі керек. Басқа ұлттарды бөліп-жармаймыз. Бірақ олардың баратын жерлері көп. Мәскеу, Киев, Санкт-Петербург бар» деп отыратын. Бәрімізді үзілісте еркелетіп, жағдайымызды сұрағанымен, сабақта қатал болатын. «Бар, тамақ ішіп ал. Тамақ ішпесең, қайтіп ән айтасың?!» деп талай рет ақша беріп, ағалық қамқорлық танытқан кездерін қалайша ұмытайық. Академиялық концерттің алдында бір апта үйіне апарып, «қуаттанып алыңдар» деп қазы-қарта, жал-жая жегізіп, бізді, шәкірттерін әбден тамақтандыратын. Бұдан кейін нашар ән айтуға қақымыз жоқ еді. Менің бақытым - осындай мықты ұстаздардың тәрбиесін көруім дер едім. Қырдағы  қара жұмысшысының баласына бұдан артық бақыт бола ма?! Әуелі Асқар Тоқпанов ағам кездесті. Екінші Бекен Жылысбаев ағамды жолықтырдым. Консерваторияда сабақ беріп жүргенде Жәнібек Кәрменов ағамыздың ақыл-кеңесін тыңдадық. Консерваторияда «Халық әні» факультетінде сабақ бердім. Сол кезде бүгінде есімдерін елге мәлім Бекболат Тілеухан, Айгүл Қосанова, Ардақ Исатаева, Ержан Қосбармақов, Ақан Әбдуәлиев сынды өнерпаздарға дауыс қойдым.

- Тәуелсіздіктің алағай да бұлағай жылдарында Қорғаныс министрлігінің орталық ансамблін ұйымдастыруға да атсалысып, сол ансамбльдің көркемдік жетекшісі болдыңыз.

- Қоғам қайраткері, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов ағамызбен де біраз жыл қызметтес, сыйлас, дәмдес болдық. Ол кісі үшінші әкемдей болып кетті. Министрліктің орталық ансамблін маған сеніп тапсырып, барлық жағынан қолдау көрсетті. Сол кездері ансамбль жанынан «Сарбаздар» фольклорлық-этнографиялық ансамблін құрдық. Ансамбль жұмысын жандандырып, қазақ кадрларын жинадық. Өзімді орталық ансамбльдің іргетасын қалаушылардың бірі десем артық айтпаған болармын. Сондағы өнерпаздар ішіндегі бірінші қазақ офицері болғанымды да реті келгенде айта кетейін. Өйткені, оған дейін ансамбльде негізінен өзге ұлт өкілдері жұмыс істеді.

Сағадат Нұрмағамбетовтің жақсылығын көп көрдім. Пәтер алуыма да жәрдемдесті. Ол кісі 1995 жылы «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі» атағына ұсынайық дегенде, «жұмыс істегеніме бар болғаны - 2 жыл. Ұят болар. Алда уақыт бар ғой» деп бас тартқан едім. Сол атақ ақыры бізге бұйырған жоқ.

- Алматыдағы Опера және балет театрында аз уақыт жұмыс істепсіз.

- Замандастарым жақсы біледі, сол кездері «қазақтың ән мектебі жоқ» деген әңгімелер жиі айтылатын. Қазақта ән мектебінің болғанын дәлелдеп, көздерін жеткізгім келді де, сабақ беру жағына кеттім. Іздене бастадым. Өкінішке орай, заман өзгерді де, «байтал түгіл бас қайғы», бәрі жайына қалды. Негізі кандидаттық жұмыс қорғауым керек еді. Алла ғұмыр берсе, жазамын деп ойлаймын. Материалдар бар. Өйткені, мен оны зерттедім. Қазақтың бір емес, бірнеше ән мектебі бар екенін зерделедім. Оның түп-тамырына, бастауларына үңілдім. Өзіміздің Қызылорданың, түркмендер мен башқұрттардың көмеймен айту дәстүрін зерттедім. Татар еліне барғанда осы тақырыпта сөз қозғап,  өнердегі демнің, дауыстың құрылысы, оның шығуы, адамға әсері, алпыс екі тамырды қалай иітетіні жайында айтып едім, таңғалып, бар ынтасымен тыңдады. Келесі жылы шеберлік-сыныбын өткізуге шақырды. «Қалай профессор, доктор атағын алмай жүрсіз? Неге жұмыс жазбай жүрсіз? Бізге келіңіз. Көтерейік. Қолдайық. Зертхана ашып берейік» деді. Бірақ өзге елде сұлтан болғанша өз еліңде ұлтан болғаның жақсы емес пе?! Түрмелердегі 40 шақты адам һәнафи мазхабына қайта оралды.

- Өскемендегі облыстық драма театрдың директоры қызметін атқардыңыз. Қазір осы өнер ошағының көркемдік жетекшісісіз. Театрдың, актерлердің аяқ алысы жайында не айтасыз?

- Театрға 2010 жылы 21 шілдеде келдім. Менің алдымда осында директор қызметін атқарған талантты режиссер, актер, ақын Рүстем Есдәулет кенеттен өмірден озғаннан кейін дарынды ініміздің қойған қойылымдарын шет елге шығару жолында жұмыс істедік. «Атымды Адам қойған соң» қойылымын Татарстанға алып бардық. Кейін «Түрксойдың» қолдауымен бұл қойылым Түркияда сахналанды. Театрдың бүкіл ұжымы барды. Кейін қойылымды көрген башқұрт ағайындар «Туғанлық» фестиваліне шақырды. Осылайша Рүстемнің қойылымы халықаралық дәрежеге шығып, көп жерге даңқы жайылды. Осыған өз басым ерекше қуандым. Өзімнің бауырым алдындағы ағалық борышымды өтедім деп есептеймін. Соңғы жылдары театрда өзім актер-әнші болсам да режиссураға ден қойып жүрген жайым бар. Қойылымдарымызды халық жақсы қабылдап жатыр. Діни экстремизмге, ваххабизмге, сәләфизмге қарсы тұруға шақыратын «Шырмауық» атты қойылымымыз бүкіл республиканы аралады. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, спектакльді  көргеннен кейін түрмелердегі 40 шақты адам һәнафи мазхабына қайта оралды. Наркоманияға байланысты «Жандауа» қойылымын көрермендерге ұсындық. Сонымен қатар Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Ақыт қажы Үлімжіұлының 150 жылдығына орай «Шолақ қол келіншек» қойылымын республика театрларының арасында алғаш болып сахналадық. «Түрксой» ұйымының 25 жылдығына байланысты қойылымды Түркияға, басқа да жақтарға апарады деген жоспар болған. Бірақ сол беті қалып қойды. 6 желтоқсанда Жазушылар одағы Алматыға шақырған. Қаражаттың жоқтығынан оған да бара алмай қалдық.

- Сіздің сазгерлік қырыңызды да көп жұрт  біле бермейтін секілді.

-Өзімді қазақтың намысты ұлдарының бірімін деп есептеймін. Ел үшін, жер үшін үнемі алаңдаймын. Өскеменде неге патриоттық ән жоқ деген әңгімелер шыққан соң «Менің Қазақстаным» деген патриоттық ән жаздым. Бір түнде. Қазір үлкен концерттерде айтылып жүр. Жалпы, 14 әнім бар. Классикалық әндерді көп жазамын. «Жастық дәурен», «Мөлдір сезім» деген вальстерімді Айжан Мазкенова «Байжігіт» оркестрімен бірге орындап жүр. Шымкенттік әнші қарындасымыз Мөлдір Бақытжанқызы осы қос әніммен Америкаға барып, бес алтын медаль алып қайтқан болатын. 

- Алда қандай жоспарлар бар?

- Шығармашылығымның 40 жылдығына орай 2019 жылы сәуір айында үлкен бенефис жасап, моноспектакл қойып, көрермендерге актерлік шеберлігімді паш етсем бе деген ой бар. Мәдениет басқармасы қолдау білдірсе, «Бәйжігіт» және симфониялық оркестрлермен опера әншісі ретінде таза, жанды дауыспен концерт берсем деген де арман жоқ емес. Адами арманым - Жаратушының пендесі ретінде арабшаны меңгеріп, Құранды сол тілде оқып, елге өз тарапымнан өнерім арқылы жеткізсем деймін. Жалпы,  «Шырмауық», «Шолақ қол келіншек» қойылымдарын сахналаудағы мақсатым Аллаға деген пенде ретіндегі парызымды өтеу деп білемін.

- Мазмұнды әңгімеңізге алғыс білдіреміз.

Сұхбаттасқан – Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН