Аймақтар • 19 Желтоқсан, 2018

«SMART рухани Ақмола» мобильді қосымшасы іске қосылды

332 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы «Цифрлы Қазақстан-2020» мемлектетік бағдарламасының жүзеге асу барысы жайында партиялық тыңдаулар өткізді.  

«SMART рухани Ақмола» мобильді қосымшасы іске қосылды

Жиын барысында бағдарламаның аясында қол алынған жобалардың жүзеге асу барысы жайында егжей-тегжейлі әңгіме болды. Бұл орайда, жанға жағымды жаңалық та жоқ емес. Облыстық ішкі саясат басқармасы «SMART рухани Ақмола» мобильді қосымшасын іске қосып отыр. Мобильді қосымшаны жүктеген адам мәдениет, қайырымдылық және меценаттық туралы, өңірдегі тарихи тұлғалар арқылы мәліметтерді жедел әрі толық ала алады. Сөз арасында Қазақстанда мұндай қосымшаның әзірге баламасы жоқ екендігін де айта кеткеніміз оң болар.

–Мұндай мүмкіндік қасиетті Көкше даласын еркін аралап, тылсым тарихты тұмшалап жатқан киелі жерлермен тереңірек танысуға мол мүмкіндік бермек,–дейді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева.

Жиын барысында облыстың «Интерактивті картасы» жобасының тұсаукесері де өткізілді.

–Картаның негізгі мақсаты кәсіпкерлер мен тұрғындарға бос жатқан жер телімдерін көрсету. Әзірге түскен мәліметтерге қарағанда, облыс орталығында 23, ал, облыс бойынша 379 бос жер телімі енгізіліп отыр,–дейді «Kazakhstan Innovation» қоғамдық қорының жетекшісі Мәриям Әбішева.

Бүгінде мемлекетті қызмет түрлерін автоматтандыру барысында да бірқатар жұмыстар жүзеге асырылуда. Мысал үшін айта кетейік, өңірдегі 24 халыққа қызмет көрсету орталықтарында көрсетілетін 195 мемлекеттік қызметтің 93-і автоматтандырылған.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы