Қазақстан • 19 Желтоқсан, 2018

Мароккодан қола медаль

531 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде самбо күресі мен дзюдоның дамуына ерекше үлес қосқан, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, 130-ға тарта Әлем, Еуропа, ел чемпиондары мен халықаралық жарыстардың жеңімпаздарын дайындаған Жанәділ Атаев жақында мені Көкпектіде тұратын самбодан КСРО-ның спорт шебері, күні кеше Мароккода өткен ардагерлер арасындағы Әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған Серік Тілепалдинмен таныстырды.

Мароккодан қола медаль

- Өзім Көкпекті ауданындағы Қарағандыкөл деген шағын ауылдың тумасымын. Спортпен бала кезден шұғылдандым. Өскемендегі педагогикалық училищеде білім алып жүргенде тағдыр мені ұстазым Жанәділ Әбдіраманұлымен жолықтырды. Сөйтіп самбо күресімен мықтап шұғылдандым. Алғашқы кезде бес қабатты үйдің подвалында жаттықтық. Ақ тер, көк тер болып жаттыққан еңбегіміз нәтижесін бере бастады. Самбодан Әлемнің екі дүркін чемпионы Ержан Омарбаев, Әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Марат Қарақонов та Жанәділ ағаның шәкірттері. Мен облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, тәжірибемді шыңдай түстім. Бапкеріміз қатал, күніне бірнеше сағат әзірленетінбіз,-дейді сол кезді еске алған Серік Асырандыұлы.

Ресейдің Үркіт, Тула қалаларында өткен Одақтық жарыстарда да Серік сан мәрте жеңімпаз атаныпты. Құқық қорғау саласында қызмет етіп, зейнеткерлікке шыққаннан кейін де ол өзі ұнататын самбоны тастап кеткен жоқ. Міне, күні кеше ардагерлер арасында Мароккода өткен Әлем біріншілігінде қола алқаны қанжығаға байлаған Секең алдағы уақытта әлемдік додада топ жару үшін жаттығуларын жалғастыруда.

- Серік менің жерлесім. Алпыс-талтүс дейді халқымыз. Демек, ол әлі жас.Оның бергенінен берері көп. Ауданда ағасының жолын қуып күресті серік еткендер қатары көбеюде. Алдағы уақытта інімізде сәттілік серік бола берсін,-дейді облыстық ардагерлер кеңесіНің төрағасы, қол күресі мен гір спортынан Әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Мұқан Ағзамов.                

Оңдасын Елубай,

Журналист

Шығыс Қазақстан облысы

Көкпекті ауданы.