Қазақстан • 20 Желтоқсан, 2018

Поэзия падишасына құрмет

338 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда қазақтың аяулы ақын қызы, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Фариза Оңғарсыноваға арналған ескерткіш тақта орнатылды. Мәрмәр тақта Шевченко мен Зенков көшелерінің қиылысындағы кезінде қаламгер тұрған үйдің қабырғасынан орын алған. 

Поэзия падишасына құрмет

Фариза ақын «Өлең сені аялап өтем» дейтін жыр әлеміндегі әйгілі концепциясын Алматыда жүріп өр­нектеді. Сондықтан да өршіл ақын­ды Алматымен байланыстыратын дүние көп-ақ. Қала әкімдігінің тікелей қолдауымен қойылған осынау мемориалды тақтаны бүгінгі ұрпақтың аға буынға көрсеткен құрметі деп түсінген жөн. Көзі тірісінде-ақ халқының махаббатына бөленіп, поэзия падишасы атанған аяулы ақынның сезімге толы сәулелі жырлары ойлы оқырманын жыр бесігінде тербетіп келеді. Қала әкі­мінің орынбасары Арман Қы­рықбаев ашып берген салтанатты рәсімде ақынның отты жырлары оқылып, қаламдас інілерінің жылы естеліктері айтылды.

– Бесігін Атыраудың ақ тол­қын­дары тербеген Фариза Оңғар­сынова Алматы­ға келіп өзінің өнер­мен, өлеңмен табысқан, халықтың ғұмыр­баянына кірген жаңа өмірін бастады. Оңғарсынованың атын аңызға айналдырған дастандары, ардақты туындыларының барлығы дерлік ару Алматыда кіндігін кесті. Бұл қала оның бүкіл жастық шағына, абыройын ас­қақтатқан сырлы сәттерге куә. Фариза өлең қыздар поэзиясы немесе ерлер поэзиясы деп бөлінбейтінін, мұнда тек ұлы дарындардың даңғылы болатынын дәлелдеп кеткен жан. Ұр­­паққа мұра болатын бұл игі істі бү­кіл қазақ жырына жасалған құрмет деп есептеймін, – дейді мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Нұрлан Оразалин.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар