Білім • 23 Желтоқсан, 2018

«Аграрлық ғылым. Болашақ бүгіннен басталады» атты пікірталас өтті

583 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Экологиялық таза өнім өндіруде Орталық Азияда көшбасшы мемлекетке айналуға толық мүмкіндік бар. Бұл туралы өткен жұмада «Аграрлық ғылым. Болашақ бүгіннен басталады» атты пікірталас барысында кеңінен сөз болды.


«Аграрлық ғылым. Болашақ бүгіннен басталады» атты пікірталас өтті

Қазақ жеміс-көкеніс шаруашылығы ғылыми зерттеу институты директорының орынбасары Біржан Рахымжановтың айтуынша, бүгінгі күні артық қоспасыз азық-түлік шығару ісі аса өзекті. Осы ретте, минералды тыңайтқыштарға мемлекет тарапынан субсидия берілгенімен органикалық тыңайтқыштар қолданысын кеңейтуге ешқандай қолдау жоқ.

̶ Біздің елде органикалық тыңайтқыштарға жәрдем берілмейді. Бұл саладағы көшбасшы елдердің бірі ̶ Германияда органикалық егіншілікке өткен шаруаларға алғашқы жылдары әр гектарына 250-350 еуро қаражат көмек ретінде беріледі. Бұл экологиялық таза өнім өндіруді қолға алған әр шаруа үшін айтарлықтай көмек болар еді. Десе де, бұл мәселе бойынша ауылшаруашылығы министрлігінің кешенді жоспары жасалған. Сол арқылы жұмыс жүргізілуде, ̶ деді Б.Рахымжанов.

Еліміздегі аграрлық саладағы тың жаңалықтар тұрмысымызға етене еніп, адам ағзасына зиянды қоспаларсыз таза өнім ұсынылып келеді. Бұндай өнімдер әдеттегі жеміс-жидек, көкөністердің бағасымен салыстырғанда қымбатқа түсері де жасырын емес. Күні бүгінге дейін елімізде соя мен жүгері, картоп пен қызанақтың жаңа түрлері өсірілген. Олар құрғақшылыққа төзімді, жылдың əр мезгілінде жылыжайда да өсе береді. Сондай-ақ 2020 жылы біздегі картоп егістігінің көлемі 2 пайызға ұлғайтылмақ. Республикадағы жердің 70 пайызы шөлейт болғандықтан соған бейім тыңайтқыштар қолданылады. Тиісінше жоғарыда аталған азық түліктің жалпы көлемі кем дегенде 5 пайызға артпақ.

̶ Көрші Өзбекстанда жеміс-жидек, көкөністер өндірудің, осы саланы нарыққа бейімдеудің жолға қойылғанын байқауға болады. Оларда жұмыс күші арзан әрі топырақ климаты өте қолайлы. Екінші бәсекеге қабілетті елдің бірі – Қытай. Бұл елдің кез-келген қажетті сұранысты өтей алатынынан да хабардармыз. Ал Ресейдің қара топырағы тамырлы жемістерді өсіруге аса бейім. Осындай мықты мемлекеттердің арасында Қазақстан экологиялық таза немесе органикалық өнімдерді өсіру арқылы бренд қалыптастыра алады. Сөйтіп, нарыққа өтімді тауар ұсыну арқылы бәсекеге қабілетті бола аламыз, ̶ деді қазақ жеміс-көкеніс шаруашылығы ғылыми зерттеу институты директорының орынбасары.

Оның айтуынша біз өмір сүріп отырған ғасырдың басты ұраны ̶ дұрыс азық-түлікпен қоректену я болмаса дәрі-дәрмекпен қоректену. Бүгінгі нарықтағы жеруге арналған өніммен сатуға арналған көкөністің айырмашылығын қарапайым халық жақсы біледі. Сондықтан адам ағзасына зияны жоқ азық-түлік тұтынушыға зәру болмауы тиіс.

Аграрлық салада бәсекеге қабілетті болу үшін отандық ғалымдарымыздың ашқан тың жаңалықтарына арқау ̶ ілкімді жобалар іске асуы тиіс. Осы мақсатта аграрлық саладағы 300-ге жуық ғалымды шетелге оқыту жоспарланып отыр. Жиында сөз алған Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының Басқарма төрағасы Ұлан Тәжібаев «RisingStar» бағдарламасы аясында келер жылдан бастап әлемдік жетекші халықаралық зерттеу орталықтары мен жоғары оқу орындарына мамандар жіберіледі. 2019 жылға дейін аталған бағдарлама аясында шетелге оқуға жіберілетін мамандар санын 300-ге жеткізу көзделіп отыр.

−Елбасы жолдауында аграрлық саланы жандандыруға аса мән берілген. Оның ішінде аграрлық ғылымның кең өріс алуына барлық мүмкіндіктер қарастырылып отыр. Биыл осы саладағы білікті 200-ге жуық жас ғалымды халықаралық стандарттарды меңгеру үшін шет елдерге жіберу жоспарланған. Бұл ғалымдарымыз 3-4 жылда елге оралып, алған білімдерін жаңа жобаларға енгізеді деп сенеміз,- деді Ұ.Тәжібаев.

Жас ғалымдарға арналған жиынға аграрлық жоғары оқу орынының түлектері мен 15 ғылыми зерттеу институтының және 18 тәжірбиелік шаруашылықты біріктіретін «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің мамандары қатысты.

AgroLab алаңында геномдық сұрыптау, «жасыл» технологиялар, молекуларлық биология және «ақылды» егіншілік сияқты тақырыптар және басқа да ауылшаруашылығындағы қазіргі замандағы тың жаңалықтар мен бастамалар жас мамандардың пікірталасына арқау болды.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»