Қазақстан • 25 Желтоқсан, 2018

Жұқпалы дертте шекара жоқ

408 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елімізде соңғы 10 жылдың ішінде туберкулезге шалдығу 2,4 есеге төмендеді. Егер осы кеселмен күреске мемлекет қыруар қаржы бөлмегенде жақын маңайдағы көршілеріміз тәрізді жұқпалы дерт құрсауынан шыға алмай жатар ма едік?

Жұқпалы дертте шекара жоқ

Біздің ел қоңсы қонған Өзбек­стан, Қырғызстан, Тәжік­стан, Ресей азаматтары үшін өте қолайлы-ақ. Сондықтан жыл сайын заңды түрде тіркеліп те, тіркелмей де Қазақстанға жөң­кілген еңбек мигранттары азаймай келеді. Мәселен, соң­ғы 3 жылда 44 мың мигрант ме­дициналық тексерістен өту барысында 1600-ге жуығының осы қауіпті дертке шалдыққаны анықталыпты. Бұл әрине шекараны заңды өтіп, арнайы тіркеліп жұмыс істейтін мигранттар қатарынан табылғаны. 

Ал дерттің таралуын зерт­тейтін мамандардың шамамен есептеуі бойынша ішкі және сыртқы көші-қон бойынша түрлі елдерде туберкулезбен жаңадан ауырғандардың 5-тен 10%-на дейін құрайтын көрінеді. Сон­дықтан да 2015 жылы тубер­кулезбен күрес жөніндегі ке­шенді жоспар мен Жаһандық қор жобасының шеңберінде Ор­талық Азияда туберкулезді транс­шекаралық бақылау жө­нінде жоғары деңгейде бірінші рет өңірлік кездесу өтті. Ту­бер­­кулезді трансшекаралық ба­­қы­лау жөніндегі еларалық ке­лісімдерді әзірлеу бойынша сектораралық өңірлік жұмыс тобы құрылды, сондай-ақ жо­ғары деңгейдегі үш кездесу де өтті. Бұл жиындар бары­сын­да Қазақстан, Қырғызстан және Тә­жікстан екі­жақты келісімдер жасасуға ниет білдірді. Ал биыл өткен жоғары деңгейдегі төртінші кездесу мәселенің оң бағытқа көш түзегенін аңғартты.

Мамандардың бағдарлауын­ша, туберкулезге шалдығушылар қатары 25 пен 50 жас аралығын қамтиды. Бұл − адамның ең бір кемел, жемісті еңбек ететін жасы емес пе? 

Еуропа/Еуразия бойынша Project HOPE өңірлік дирек­торы Мариам Сианозова «Орталық Азияның үкіметтік және үкі­меттік емес ұйымдары өкіл­де­рінің, халықаралық ұйым­дар мен сарапшылардың қаты­суымен туберкулезді транс­шекаралық бақылау бойынша өзекті мәселелерді тал­қы­лауға арналған осы тиімді плат­­форманың арқасында өңір­дегі мемлекеттер арасында жүйелі ынтымақтастық жолға қойылды. 

Елімізде 10 жыл бұрын ту­­­бер­кулезден жыл сайын 3 мың адам көз жұмса, қазір бұл көр­сеткіш 400-ге дейін тө­мен­деген. Есепте тұрған нау­қастардың са­­­­ны да 2 есеге аза­йып, 16 мың­­ға жетіпті. Әрине көр­сет­­кіштердің жақсарғаны сү­йіндіреді. Дегенмен тубер­ку­лездің оңайлықпен жеңілгісі жоқ. Пациенттің аурумен­ кү­ресте табандылық та­ны­­­тып, оны түпкілікті жою жо­лын­да дәрігермен біріз­ді­лік­тен шықпауы да көп ретте ту­бер­кулездің дәрілерге төзімді түр­лерінің пайда болуына алып келген. Елімізде ондай науқастар да бар. Қазақстан Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймағындағы көп­теген дәрілерге төзімділік дең­гейі жоғары 18 мемлекеттің қа­тарында болып келді. Бірақ қазіргі уақытта, әсіресе соңғы екі жылдың ішінде қолданып жатқан ем сондай науқастардың өзін 95 пайызға дейін емдеп шығуға мүмкіншілік беріп отыр. Елімізде туберкулезбен ауыратын шетел азаматтарының да тегін ем алуына мүмкіндік жа­салған. Жалпы туберкулезбен күреске жыл сайын бюджеттен шамамен 42 млрд теңге бөлінсе, соның белгілі бір бөлігі шетелдіктерге де жұм­салады, бірақ бұл ауруды тарату қаупі өте жоғары науқастарға бағытталған. Тубер­кулезге шалдыққан шетелдіктің азаматтарымызға ауруын жұқ­тырмауы үшін мигрант жедел ауруханаға жатқызылып, қауіптілік шегі азайғанға дейін тегін емделіп, әрі қарай өз елінде емін жалғастыруға жіберіледі. Мемлекеттер арасында жасалған келісім бойынша азаматтың науқасы жөніндегі құжат еліне жөнелтіледі. Денсаулық сақ­тау министрлігінің ұлттық фти­зо­пульмонология ғылыми орталығының директоры Мә­лік Әденов: «Біз жағдайы жақсар­ғанша емдейміз. Емделушінің медициналық сақтандыруы болмаса, жаһандық қордың қаражатынан төлеп отырамыз. Мигранттар басқаларға жұқ­тырмауы үшін біздің қа­ражатқа да емделеді. Әртүрлі деректер бойынша жыл сайын 250 мыңнан 1 миллион адамға дейін мигранттардың келу мүмкіндігі бар екені айтылып жүр. Ресми түрде көшу-қону бар да, ресми емес көшу-қону бар. Елімізге келетін мигранттардың көбі Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Ресей азаматтары. Былтыр осы мемлекеттерден біздің елге табаны тигендердің 229-ның туберкулез тасымалдап жүргені белгілі болды. Ал биыл 165-інен осы дерт анықталды, яғни азайып отыр», дейді. Дегенмен олардан біздегі қанша адамға қауіпті дерттің жұққанын ешкім дөп басып айта алмайды. Дәрігерлер болса па­циент дерт анықталған бір жылдың ішінде емделмесе, жұқ­палы аурудың осы уақыт ара­лығында 10-15 адамға жұғу мүм­­кіндігі барын алға тартады. 

«Біздің Қазақстанмен меди­циналық серіктестігіміз 1993 жылы басталды. Сол уақыттан бері туберкулезбен күресіп келеміз. Кезінде ішіне рентген аппараты орнатылған және микроскопия жасайтын маманмен қамтылған автобус Қазақстанды аралап, туберкулезбен ауыратын науқастарды анықтайтын. Ал қазіргі күні Қазақстан бұл ауру түрімен күрестің тиімділігі жөнінен өзгеге жақсы мысал болып отыр», дейді ДДСҰ туберкулез жөніндегі бағдарламалар портфолиосы аға директоры Алек­сандр Трусов. Расында, бүгінде екі сағатта G-Xpert ап­паратының көмегімен ауруды анықтайтын, қандай препараттар тобына төзімділік барын жіктеп беретін озық технология іске қосылған. Бұрын кеселдің жұққанын білу үшін 2,5 айдан астам уақыт кететін. 

Дүниежүзілік экономикалық форум туберкулез ауруына­ қа­тысты 2 индикаторды баға­лады. Оның бірі – туберкулез­бен сырқаттанушылық болса, екіншісі – бизнеске туберку­лездің орта мерзімдік әсері. Осы индикаторлар бойынша көрсеткіштерді дұрыстаудағы ең басты мақсат – туберкулез эпидемиясын жою. Нақты стра­тегияға сүйенген мемлекет­тік деңгейде қарастырылған жұ­мыстар нәтижесінде аурудың ең ауыр түрін емдеу мерзімін екі есеге, яғни 24-33 айдан 9-12 ай­ға дейін қысқартып отыр деп ай­та аламыз.

Project HOPE жобасының Қазақстандағы өкілі Бахтияр Бабамурадов кездесуде жоғары деңгейдегі 4-ші кездесудің туберкулез ауруының Орталық Азия өңірінде таралуына қарсы бағытталған бірден-бір шара екенін айтып, ДДСҰ дерегінше, жалпы туберкулез дертінің әлемде өлімге себепші негізгі 10 фактордың қатарына жататы­нын қаперге салды. Өткен жылы аталған ауруға 10 млн адам шал­дығып, оның 1 млн 600 мыңы дүние салыпты. Сырқаттанған 

1 млн­ баланың 230 мыңы шетінеп ке­тіпті. Алайда жалпы жаһан бойынша туберкулез дертіне шалдығу көрсеткіші жылына шамамен 2%-ға төмендеумен келеді. 2020 жылы осы көрсеткішті жылына 4-5%-ға жеткізу көзделіп отыр. Ал ЖИТС жұқтырған адам­­дардың құрт ауруынан өліп кету қаупі жоғары. 2000-2017 жылдар аралығында дертті уақтылы анықтап, тиісті ем-шараларды жүргізу арқылы 54 млн адам өлім аузынан аман қалды деген дерек бар.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан» 

Соңғы жаңалықтар