Аймақтар • 25 Желтоқсан, 2018

Алматыда тұрмысы төмен отбасылардың балаларына жаңа жылдық сыйлық жасалды

576 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыдағы Жетісу ауданының кішкентай тұрғындары жаңа жыл қарсаңында түрлі сыйлықтарға кенелді.

Алматыда тұрмысы төмен отбасылардың балаларына жаңа жылдық сыйлық жасалды

Балдырғандарға айрықша қуаныш сыйлаған игі бастамаға жергілікті әкімдік мұрындық болған. Түрлі сый-сияпаттар ең алдымен әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардың балаларына таратылды. Ұйымдастырушылар арнайы тізім бойынша үй-үйді аралап, балалардың өнерін тамашалап, базарлықтарын үлестірді. Осылайша, бас киім, қолғап, неше түрлі тәттілерге толы қорапшалар мен кәдесыйлар өз иелерін тапты. Өрендердің бал-бұл жайнаған жүзінен шаттықтың лебі еседі.

Биыл бұл шара алғаш рет қолға алынып отыр. Бұдан бөлек, Первомай ықшам ауданындағы Мәдениет үйінде мерекелік шырша шарасы өтті. Оған тұрмыс жағдайы төмен отбасылардан шыққан 100 бала шақыртылған.

«Жетісу ауданы бойынша 165 аз қамтылған отбасы бар. Сол жанұяларда 241 бала тіркелген. Ниетіміз – бір де бір баланы назарсыз қалдырмау. Бала елдің болашағы. Әсіресе, жағдайы төмен отбасында тәрбиеленіп жатқан балалар мен ата-ана қамқорлығынан айырылған жеткіншектерге үнемі қолдау көрсетуіміз керек» дейді Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Вячеслав Вавилин.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ