Хоккей • 25 Желтоқсан, 2018

«Барыс» «Адмиралды» ұтты

395 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті тур ойынын өз мұз айдынында өткізген «Барыс» Владивостоктың «Адмирал» клубынан айласын асырды.

«Барыс» «Адмиралды» ұтты

Бірінші кезеңде «Барыс Аренаға» жиналған 4 022 көрермен қақпа торынан табылған алты бірдей шайбаның куәсі болды. Алғашқы екі голды астаналықтар соқты. 4-минутта Роман Старченко мергендік танытса, 9-минутта Дастин Бойд есепті еселеді. Алайда Қиыр Шығыстан келген хоккейшілер де оңайлықпен берілмейтіндерін аңғартып, көзді ашып-жұмғанша қатарынан үш мәрте нысананы дәл көздеді. Бұл голдардың авторлары – Егор Яковлев, Денис Вихарев және Карел Кубат. Алғашқы кезеңнің аяқталуына бір минуттай уақыт қалғанда Андре Петерссон таразы басын теңестірді. Үзілістен кейін қос команданың да қарқыны баяулап, таблодағы есеп сол күйінде қалды. Ал үшінші кезеңде Мэттью Фрэттин соққан шайба «Барысқа» жеңіс әперді. Есеп – 4:3. 

Қазіргі кезде астаналық хоккейшілер ҚХЛ-дың тұрақты біріншілігінің жарыс кестесінде 8-орынды иеленуде. 40 кездесуден кейін олар 56 ұпай жиып отыр. Өзінің келесі бәсекесін «Барыс» 28-желтоқсанда Челябіде жергілікті «Тракторға» қарсы өткізеді. 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»