Өнер • 26 Желтоқсан, 2018

Қыран һәм қазақ

2464 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Табиғаттың тылсым сыры көп-ақ қой, десе де жаздың жаңбырлы болатынын сәуірден қалған бұлттан, қыстың жайлы болатынын дуадақтың қыстап қалуынан, қатты болуын қайтқан қаздардың төмен ұшуынан біліп, алдын ала болжаған ауа райына сай мал жайын қамдап көшпенді тірлік кешкен Ұлы даланың иесі қазақ деген халық сол сырлардың біразына ғылымнан бұрын қанығып үлгерген секілді.

Қыран һәм қазақ

Аталарымыз қасқырдың қайсар мінезі, жылқының жүйріктік һәм жатырға шаппас тектілігі, қыранның алғырлығы сынды асыл қасиеттерін ерекше бағалап, оны адам бойында да болуы тиіс сындарлы сипатқа бала­ған. Адам баласы әрине Алланың өзге мақұлық біткеннен артық, абзал етіп жаратқан ерекше жаратылысы. Алайда Абылды өлтірген Қабылға інісін қалай көмуді қарға арқылы көрсеткен Алла тағала адам баласының табиғаттан да үйренері аз емес екенін білдірсе керек.

Ал аспан серісі қыранды қолға қон­ды­рып, қансонарда қызығына батқан қазақтың қыран жайлы ұғымы да ерекше, құрметі де бөлек. Содан да аталарымыз баласына «қанатың талмасын!» деп бата беріп, қыранға балайды.   Еркіндігін қыранның самғауымен елестететін жұрттың мемлекеттік туында бүркіттің бейнеленуі де заңды құбылыс. Ендеше қазақ сол қыранның қансонардағы қызығына батып қана жүрген жоқ, сол барыста ұлттың ұлы болмысын құрайтын ұғымдарды да қалыптастырды. Осы ретте соның бүгін­ге жеткен, қазірде қолданыста бар сөз­дердің бір парасы жайында әңгіме өр­біту­ді мақсат қылдық.

Түлек. Ахмет пе, Ыбырай ма, тіпті одан да ары ма, кім болса да осы сөзді мек­теп бі­ті­ру­шілерге алып келген адамға мың алғыс! Бұл бүркітке, қыран құсқа бай­ла­ныс­т­ы сөз. Жаз бойы жемдеп, семір­тіп, ескі жүнін тастатып әбден түле­тіп алып қар жауғанда қайырып түлкіге сала­ды ғой қыранды. Біздің осы күнгі мек­теп бітірген түлектеріміз де тура сол секілді. 11 жыл бойы оқытып, білім беріп соңғы жылы аңға салған қырандай білім­нің додасына саламыз. Алғыры һәм бағы мен бабы келіскен түлектер мемлекеттік грант­ты жеңіп алады. Ол түлектер де бүр­кітті түлетуден шыққаны түсінікті.

Ұя. Сонымен бірге «Алтын ұя мек­тебім» дейміз. Ол да қыранның ұясынан шығып тұр. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқан­да соны іледі». Ұядағы балапанына аталығы мен аналығы, яғни ұябасары мен саршасы бұғы, марал, таутекенің етін әкелетіндей қыран болса, балапаны да сондай текті қыран болады. Біз айта беретін тектілік осы жерде айтылып тұр. Ол ұяны мектепке де, отбасына да балауға болады.

Тұғыр. Тағы да сол мектепке байланысты «түлеп ұшқан тұғырың», «тұ­ғы­рынан түлеп ұшқан» деген сөздер айты­лады. «Сұрасаң жағдайымды жаным Әсет, Жатырмын ұшайын деп тұғырымнан» деп нар Кемпірбай жырлайтыны және бар. Тұғыр – қыранның тағы. Тұғыр үш аяқты болады. Сонымен «тұғыр» сөзі де біздің қазіргі сөздік қорымыздан «Тұғырнама» болып ойып тұрып орын алып, мемлекеттік саяси термин ретінде қалыптасты.

Тегеурін. Әдетте «тегеурінді журналист», «тегеурінді қаламгер» деген тір­кес­­терді жиі кездестіреміз. Бүркіттің бү­кіл күші аяғында, аяғындағы негізгі күш тегеу­рінінде (тегеурін – артқы сау­сақ), со­сын жембасарында (алдыңғы – бір сау­­сақ). Бүркітің тегеурінді болса, қы­ран­­­­­дық­­­тың негізгі бір сипаты сол бола­ды. Бұл тұйғын, қаршыға, сұңқар секіл­ді ұшып жүрген құстарды аяқпен теуіп түсі­­­ре­тін қырандарға да көп қолда­ны­­ла­ды. Ал бүр­кіт тегеурінді болса түлкі­нің кеуде­сін бүре шеңгелдеп бір уыс қып бір-ақ сығады.

Шеңгел. Шеңгел – тегеурінмен ал­дың­ғы үш тұяқтың арасы. Шыңғыс ханды «қан шеңгелдеп туыпты» дейтін аңыз сол қы­­ран­ның шеңгелінен шығып «қа­на­­тың тал­­ма­­сын» деген секілді адами ұғым­ға ауы­сып кете барған. «Тегеурінім те­гіс ти­се шегедей» деп жырлаған әйгі­лі айтыс ақы­­ны Құрманбек Зейтін­ғазыұлы­ның жыры да солай. Ал атақты Елбай жырау­дың:

Татусыздың белгісі –

Бытырап шығар шеңгелден.

Шеңгелден кетсе ел жұрты,

Қайғымен қарттар шерленген, – деп келе­тін жыры да қыран шеңгелінің қазақ ұғы­­мын­­дағы кең ауқымын көр­сет­се керек.

Шалғы. Мұқағали ақынның «Жетелеп сонау жылдар қара шалды, Қарасазда жүру­ші ең, қара шалғы» деп жырлайтын кәдімгі шөп шабатын шалғының атауы­ның өзі қыран қанатының атауы­нан шық­қандай. Әдетте бүркіттің ең ұзын сыртқы төрт қанатын «шалғы» деп атай­ды. Бір жағында төрттен сегіз шалғы бо­ла­­ды. Ал оның сыртқы көрінісі, яғни фор­­­ма­сы шөп шабатын шалғыдан аумайды.

Біздің мақсат бүркітке байланысты сөздерді түгендеу емес, әрине. Әйтпесе бүркітке байланысты қаншама мақал-мәтелдер бар. Мысалы: «Түлкі алмас қыран жоқ, құсбегісі кезіксе, жақсы болмас жігіт жоқ, ақылшысы кездессе», «Кәрі қыран – аңшының бастаушысы», «Сыншы сырын айтпайды, бүркітші шынын айтпайды», «Алса – құсым, алмаса – желпуішім», «Сонаршыға із керек, із танырға көз керек», «Жеріне қарай бұланы, тауына қарай қыраны», «Саятшы бапшыл болса бүркітке бақ», «Құс тұзаққа жем үшін түседі», «Бүркіт­тің сайрағаны – өлгені», «Бүркіт аш болса алады, тазы тоқ болса алады», «Бүркіт бабына келгенде қасқыр алады, қар­шыға бабына келгенде түлкі алады», «Бүркітін мақтағанның ұясын сұра, жігітін мақтағанның нағашысын сұра», «Құстың алғанынан салғаны қызық», «Алса – бүркіт, алмаса – лау мінген шүршіт» деген секілді тізбек­теліп кете береді. Бұл мақалдың мәндеріне үңілсек, бәрі де бүр жарып шыға келетін бір-бір бұтақ.

Баулу. «Еңбекке баулу», «баланы баулу» деген секілді мағыналарда қол­данылатын бұл сөз де бүркітке байланыс­ты сөз. Әлі есімде, бала күнімде әкем жұмыртқа жарғанына екі-ақ күн болған қызылшақа балапанды алып келді. Мойыны қылжыңдап бос жатыр, көтере алмайды. Енді оған дәл ұябасар бүркіт секілді ұя салу керек қой. Сонда ұяны жұмсақ емес, қарағайдың, аршаның жуан бұтақтарынан салып жатқан әкеме біреу «Неге жұмсақтап салмайсың? Балапанның ұясы жұмсақ болмай ма?» деді. Сонда әкем «Ұя жұмсақ болса, балапан жата береді де, сарбуын болып қалады» деп қысқа қайырды. Кейін толықтай түсіндім. Жалпы, бүркіт кеуде­сімен немесе шалқасынан жатып ұйықтамайды ғой, отырып ұйықтайды. Атқа алып жүргенде де күні бойғы ырғақ жүрісте екі аяқпен отырады. Балапан күнінде буыны қатты бекімесе ұзақ күн алып жүргенге жарамай құлап түсетін жағдайлар да болады екен. Ал ұядағы қатты бұтақтар балапан сәл ғана жата қалса батып, қайта-қайта тіктеліп отыруға мәжбүрлейді, сөйтіп сарбуын болмай, тез жетіліп, мықты бекиді екен.

Қонақтау. Қазақтың бай тілінде аңшының, құсшының, түйешінің, жыл­қы­шының өз тілі болады. Мыса­лы, бүр­кіт­ті «ұйықтады» демейді, «қонақ­тады» дейді. «Томағасын алды, көзін ашты» де­мейді, «томаға тартты» дейді. Сол се­кілді бүр­кіттің қонақтау жайынан қыс­қа бір қызық жағдайды айта кеткенді жөн санадық.

Бүркіт әдетте мойынын қайырып тұм­сы­ғын екі топшысының арасына салып қонақ­тайды. Ал түзде жүрген бүркіт түн­де қонақтағанда кеудесін жар­тас­­қа тіреп қойып қонақтайды екен. Әкем­нің айтып келе жатқан әңгімесі­нің арасын­дағы осы бір жағдай сөз бола қал­ғанда «неге олай?» деп сұрап қалға­ным­да әкем, «Бүркіт пен үкі екеуі өш қой! Түнде бүркіт қонақтағанда жемсауы ашық қалады емес пе? Көзі түнде көре­тін үкі бүркіт қонақтап отырғанда жем­сауына шеңгел салса болды, оп-оңай жарып кетеді, бүркіттің ең әлсіз жері – жем­сауы» деді. Мінеки, бұл сөзіміздің ба­сын­да айтқан әлі ғылым аша бермеген таби­ғат құпияларының бірі болса керек.

 

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»