Қазақстан • 26 Желтоқсан, 2018

Алматы облысының тұрғыны 360 теңгеге автокөлік ұтып алды

403 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Мемлекеттік кірістер комитетінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен «Түбіртекті талап ет – жүлдені ұтып ал» акциясының қорытынды ұтысы өтті.

Алматы облысының тұрғыны 360 теңгеге автокөлік ұтып алды

«Түбіртекті талап ет – жүлдені ұтып ал» акциясы  21 мамыр 30 қараша аралығында өтті. Осы кезеңде барлық облыстар мен Астана және Алматы қалаларында жүлделер табысталды. Ұйымдастырушылар акцияның алты айы ішінде 30 мың азаматтан  шамамен 2,3 млн түбіртек алғанын айтады. Түбіртектердің басым бөлігі Алматы қаласы мен Түркістан облысынан жіберілген. Жиын барысында сөз алған Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Төрағасының орынбасары А.Қыпшақов акция басталғалы бері Республика бойынша 300-ге жуық бағалы сыйлық ойнатылғанын айтты.

«Аталған акцияны біз осымен төртінші жыл өткізіп отырмыз. Осы акция азаматтарға бір уақытта кәсіпкерлік субъектілерінің салықтық заңнамасын сақтау бойынша қоғамдық бақылауға белсенді қатысуына және бағалы жүлделер ұтып алуға мүмкіндік бергенін атап өту қажет», деді ол.

Бұдан соң, түбіртек арқылы жүлделі болғандар тікелей эфирде кездейсоқ сандар генераторының көмегімен белгілі болды.  360 теңгенің түбіртегімен Алматы облысы, Іле ауданы, Байсерке ауылының тұрғыны Какенова Орынбала жеңіл автокөлік ұтып алды. Ол акцияға барлығы 2516 түбіртек жіберген. Астана қаласының тұрғыны Ысқақова Ұлдай акцияға барлығы 2425 түбіртек жіберіп, 585 теңгенің түбіртегімен телевизор ұтып алды. Сондай-ақ Алматы қаласының тұрғыны Оханова Айнұр 429 теңгенің түбіртегімен планшет ұтып алды. Ол барлығы 1196 түбіртек жіберген.

Акция барысында 91 мыңнан аса түбіртек жіберген Түркістан облысының тұрғыны Жанар Қозғамбаева «Ең белсенді қатысушы» атанып, планшет ұтып алды. Сонымен қатар БКМ қолдану тәртібін Қоғамдық бақылау негізінде Азаматтық ұстанымын көрсеткені үшін Алматы қаласының тұрғыны Шин Антонға ұялы телефон сыйға берілді.

Маржан ТІЛЕУБЕК,

«Егемен Қазақстан»