Президент • 26 Желтоқсан, 2018

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы

444 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы

Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы

Мемлекеттік  басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН: 

1. Қазақстан Республикасының Ин­вестициялар және даму министрлігі: 

1) Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне инвестицияларды тарту жөніндегі мемлекеттік саясатты қалыптастыру саласындағы;

2) Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне инвестицияларды тарту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып өзгертіліп,  Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі болып қайта ұйым­дастырылсын. 

2. Мыналар:

1) Қазақстан Республикасының Сырт­қы істер министрлігі экспортты ілгерілету саласындағы қызметті үйлес­тіруге жауапты;

2) мемлекеттік органдар берілетін функ­циялар мен өкілеттіктерге сәйкес қайта ұйымдастырылатын мемле­кеттік органның құқықтары мен мін­дет­темелерінің құқықтық мирасқорлары болып белгіленсін.

3. Қазақстан Республикасының Үкі­меті:

1) Қазақстан Республикасы Инвес­ти­циялар және даму министрлігінің Инвестициялар жөніндегі комитетін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қарамағына беруді;

2) қайта ұйымдастырылатын мем­ле­кеттік органның тиісті штат санын беруді; 

3) Қазақстан Республикасының Сырт­қы істер министрлігіне «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының акциялар пакетін иелену және пайдалану құқықтарын  беруді;

4) осы Жарлықты іске асыру бойынша өзге де шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.

4. «Қазақстан Республикасы Үкіме­тінің құрылымы туралы» Қазақстан Рес­публикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы №6 Жарлығына мынадай өзгеріс енгізілсін:

 «Қазақстан Республикасының Ин­вестициялар және даму министрлігі;» деген жол мынадай редакцияда жазылсын:

«Қазақстан Республикасының Ин­дустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі;».

5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Президенті 

Н.Назарбаев

Астана, Ақорда, 2018 жылғы 

26 желтоқсан  № 806