Қазақстан • 27 Желтоқсан, 2018

Билет құны неге шарықтады?

533 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елбасы Н.Назарбаев қараша айында өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында тиісті органдар басшыларына кез келген салада бағаны белгілегенде тек нарық заңдылығына сүйенбей, халықтың жағдайын да назарда ұстау керектігін атап айтқаны белгілі. «Тариф көтеру жөніндегі әрбір шешімді қабылдаған сайын, ең алдымен, халықтың төлем қабілеттілігін ескерген жөн», деген-ді Елбасы. Еліміздегі жолаушылар тасымалы саласындағы ахуал, әсіресе мереке көбейетін бүгінгідей кездердегі жағдай осы мәселенің өзектілігін күшейтіп отырғандай...

 

Билет құны неге шарықтады?

Желтоқсан айында елімізде мерекелер қарасы жеткілікті. Осы ұрымтал сәтті пайдаланып, демалыс күндері студенттер үй­леріне асығады, ауылдағы ағайын қалаға, қалалықтар ауылға жол тартып, жолаушылар ағыны күрт көбейетіні заңдылық. Тиісінше, ең қолжетімді әрі сенімді кө­лік пойыз болғандықтан, тасымал­дау­­­шылардың жүктемесі арта түсе­ді. Алайда, дәл бүгінде сол по­йыздарда жекелеген өңір­лер­ге билет атымен жоқ, бары­ның ба­ғасы шарықтап кетті. Бұл – жыл­да қайталанатын, жолау­шы­лардың қалтасын қағатын құбылыс.

Мәселен, Астана мен Ақтө­бе­нің арасы 1,5 мың шақырымнан аспайды. Ал бұл өңірге жыл соңында пойызға билет тапшы. Әрине билет онлайн сатылатын ресми сайттарда Астана мен Оралдың арасында жүретін «Тальго» пойыздарына санау­лы билет тұр. Бірақ бағасы қымбаттап кеткен. 

Айталық, №095Ц «Астана Нұрлы жол» – «Орал» бағытын­дағы пойыздың 29 желтоқсан күнгі Ақтөбеге дейінгі ең арзан (!) билет құны – 35 138 теңге. Ал ең жайлы орын – 58 540 теңге. Иә, қалыпты күндері ұшақ биле­тінің өзін бұдан арзанға сатып алу­ға болатындығын ескерсек, «Жо­лаушылар тасымалы» акцио­нерлік қоғамы ұсынған бағалар қарапайым халық үшін жаға ұстатарлық жағдай. Ақтөбеден арыдағы Оралға да дәл осындай баға белгіленген. Басқа бағыттарда да баға аспандап тұр.

Күні кеше «facebook» әлеу­мет­тік желісінде Ирина Бес­паева есімді қолданушы 31 жел­­тоқсан күні Астана-Петро­павл бағытындағы билет бағасы әдеттегі 5 мың теңгеден 14 мың­ теңгеге дейін көтеріліп кеткен­ді­гін жазды. Екі қаланың ара қа­шықтығы 500 километрдің шама­сында екендігін ескерсек, баға­ның үш еседей қымбат­тауына не себеп?!

Осы жағдайға байланысты «Жолау­шылар тасымалы» АҚ тарапынан ресми жауап алдық. 

Компанияның клиенттермен және бұқаралық ақпарат көздерімен жұ­мыс атқару бағы­тының жетекшісі Данияр Айдархановтың айтуынша, коммерциялық бағыттардағы билет бағасы сұранысқа сай өсе беруі мүмкін және оған еш­қандай шектеу болмайды. Жалпы, коммерциялық пойыздар барлық құрамның 20 пайызын құрайды екен. 

– Заң бойынша коммерциялық бағыттарға бағаны белгілеу өз құқы­ғымызда. Сондықтан осын­­дай бағыттардағы билет азай­ған сайын, сұраныс көбей­ген сайын­ қымбаттап, баға 35 пайыз­дан да асып кетеді. Коммер­циялық ба­ғыт­тарға сатылатын би­леттер­ден түскен қаржы ті­келей ком­панияның дамуы­на, жаңа сервистік қызметті ендіруге, бар­лық вагондар паркін тех­никалық жарақтандыруды жақ­сартуға және процестерді авто­мат­тандыруға бағытталады, – дейді Д.Айдарханов. 

Осы ретте компания өкілі пойыз билеттерінің 45 күн бұрын сатылымға шығарылатындығын және ертерек алынған билеттің арзан болатындығын атап өтті.

– Қазір көп бағыттарға билеттер жоқ. Өйткені жолау­шылар алдын ала сатып алған. Бұл тек­ биылғы ахуал емес. Соның өзін­­де компания тарапынан жел­тоқ­­сан айындағы мерекелер қар­са­ңын­да қосымша 250 вагон шы­­ғарылды. Сол арқылы қосым­ша 45-50 мыңдай жолаушыны ар­­тығымен тасымалдауға мүм­­кін­дік туды. Вагондар паркі 100 пайыз қолданыста, – дейді «Жо­лаушылар тасымалы» АҚ өкілі. 

Д.Айдархановтың айтуынша, жуырда ғана Қостанай – Алматы бағытында қосымша үш рейс шығарылған. Жал­пы, 2018 жылдың 11 қыр­күйегінен «Жолау­шылар тасымалы» АҚ еліміздің бар­лық ішкі бағыттарындағы ба­ғаны реттеудің икемді жүйе­сін енгізгенін  айтады. Баға­ларды реттеудің икемді жү­йесі динамикалық тарифтік басқару бағдарламасы бойынша қолданысқа алынған. Бұл көптеген әуе және жер үсті тасымалдау­шылар жұмысында кеңінен қолданылатын әлемдік тәжірибе. Бір сөзбен айтқанда, жөнелту күні жақындаған сайын билет бағасы да өсе түспек.

Қалай десек те, шұғыл жолға шығуға мәж­бүр жолау­шы діттеген жеріне же­ту­ге пойыз көлігін таңдар болса, қалта­сының түбі көрініп қалуы мүмкін. Алыс-беріс, барыс-ке­лістері демалыс, мереке күндері жанданатын халқымыз үшін «Жолаушылар тасымалы» АҚ қолданып отырған әлемдік тәжірибе қолайсыздық тудыруда.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»