Қазақстан • 27 Желтоқсан, 2018

Дара дарынға деген құрмет

373 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Көкшетау қаласы Жаңа жылды қарсы алуға қызу дайын­далуда. Мұз қалашықта түрлі бейнелермен бірге әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің мұздан жасалған мүсіні көпшілік көзайымына айналды. 

Дара дарынға деген құрмет

Мереке қарсаңында мұз­дан жасалған ком­по­зи­цияның алдыңғы бө­лі­гінде микрофон ұстаған Димаш­тың мүсіні мен қанаттарын жайған аққулар бейнеленген. Композиция ав­торы – көкшетаулық мү­сін­­ші Манарбек Бұр­ма­ға­нов. Əншінің шығар­ма­шылығынан, əсіресе оның Ресейде орындаған «Қал­жыраған аққулардың сезімі» əнінен шабыт алған мүсінші өз құрметін осылай білдіргісі келген.

Орталық алаңда жасанды алып шырша орнатылып, мұздан ертегілер қалашығы тұрғызылуда. Балалардың ғана емес, ересектердің де назарын аударып, еріксіз таңдай қаққызатын мөлдір мұздан жасалған жануарлар мен ертегі кейіпкерлерінің бейнесін жасау міндетін Суретшілер одағының мү­шелері, кəсіби қылқалам шеберлері Виталий Глухов, Юрий Федоров жəне Вла­димир Новгородцев қолға алыпты. Олардың қол­дары­нан шыққан аңдар мен ертегі кейіпкерлерінің бейнесі көз тартады. Күннің суықтығына қарамай, өз жұмыстарына беріле кіріскен суретшілер мұзға жан бітіріп, көркем бейнелерді жасауда.

– Жаңа жыл түні мұнда адамдар көп келеді. Балаларды ғана емес, ересектерді де ертегілер əлеміне еліктіріп тартатын бейнелер жасау арқылы жұртшылыққа қуаныш сыйласақ дейміз, – дейді суретші Виталий Глухов.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

КӨКШЕТАУ