Қазақстан • 27 Желтоқсан, 2018

Туған күні – торғайға сый

813 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орал қаласында тұратын колледж студенті Нұрай Темірғали өзінің 17 жасқа толған туған күнін ерекше өткізді: дос-құрбыларын жинап, туған күнін атап өтуге жинап жүрген қаржысына құстарға арналған 17 ұяшық жасатып, Орал қаласының орталық саябағына орнатты. 

Туған күні – торғайға сый

– Тұңғыш қызымның туған күнін отбасымызбен асыға күтіп жүргенбіз. Нұрайдың түрлі жоспары болды. Құр­быларын үйге шақырып, дастарқан жаймақ ниетін де білдірген. Бірақ екі апта бұрын: «Әке, мен туған кү­німді атап өтпейтін болдым» дегенде, «біреу ренжітті ме?» деп шошып кет­тім, – дейді Нұрайдың әкесі Абзал Темірғалиұлы.

Бірақ Нұрайдың жоспарын өзгерт­кен өзге емес, өз жүрегі екен. 

– Осыдан бірер жыл бұрын әкем «Құс­тар – біздің досымыз» деген керемет кітап алып берген еді. Авторы – ақын Есенғали Раушанов. Осы кітап­тан құстар туралы небір қызықты мә­ліметтер оқыдым. Осылайша қанат­ты достарымызды ерекше жақсы көріп кеттім. Оларға көмектесу туралы әр­дайым ойлап жүретінмін. Туған күнім жақындаған сайын «жыл сайы­н жұртпен бірдей атап өте бергенше, ешкімге ұқсамайтындай етіп атап өтсем» деген ой келді, – дейді Нұрай.

Күнделікті өмірде байқай бер­мейміз, қыс кезінде құстар, әсіресе кіш­кене бозторғай, шымшықтар аш­тық пен суықтан қатты қиналады екен. Нұрай ғаламтор ақтарып, құстарға қалай көмектесу керек деген ақпаратты сүзіп шыққан. Сөйтіп кішкентай тор­ғайларды қыста желдің ызғарынан қорғап пана болатын әрі адамдар жем салуға ыңғайлы ұяшықтар жасату керек деген шешімге келген.

– Қызымның бұл ойын бірден қолдадық. Ішімнен қатты қуандым. Қала базарында бесік, ұлттық үстел, т.б. жасайтын шеберге жолығып, бірден 17 ұяшыққа тапсырыс бердік, – дейді Абзал.

– Қолөнермен көптен айналысып жүрмін ғой. Бұған дейін қараторғайдың ұясын жасап беруді сұрап, бірлі-жа­рым орыс қарттары келетін. Олар ұяны көбіне өз саяжайына орнатады. Бірақ жастардың бірден дәл мұнша көп ұя жа­сатқанына бірінші рет кездесіп отыр­мын, – деп таңғалады шебер Нұрділдә Әлсеуов. 

Нұрділдә шебер қыс кезінде құс­тарға жем салатын 10 сауыт пен суық­тан паналайтын 7 ұяны жасауға бар өнерін салыпты. Қазақы ою-өр­некпен жасалған бұл ұяда бәрі ес­керілген.

– Шатыр ернеуі төмен болғандықтан бұған қарға, кептер сияқты үлкен құс кіре алмайды. Қыс кезінде ең әлсіз, панасыз қа­латын бозторғай мен шымшық қой. Сон­дықтан жемсауыттарды осы кішкене құс­тарға арнап жасадық, – дейді Нұрділдә Ай­ділдәұлы. Шебер тіпті бұл іске ынты-шын­тысымен кірісіп кетіпті. Тапсырыс ие­лері тек ұя жасауды өтінсе, оны Орал қала­лық саябағына орналастыруға Нұр­ділдә өзі сұранып келіпті.

– Қазақ жастарының осындай әлеуметтік бастама көтеріп, көпке үлгі болып жатқанына қатты қуандым, – дейді ол.

Туған күнінде қанатты достарына мейрам жасап, жүрек мейірімін шашқан Нұрай бойжеткеннің осы үлгісі өзге құрбыларына да жұғысты болсын деп тіледік.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы