Спорт • 27 Желтоқсан, 2018

Қостанайда үздік спортшылар марапатталды

537 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайлық спортшылар үшін 2018 жыл табыссыз болған жоқ. Облыс орталығындағы «Әуежай» жаңа тұрғын ауданында биыл пайдалануға берілген «Қостанай» спорт-ойын-сауық кешенінде үздік табысқа жеткен спортшылар мен олардың бапкерлеріне құрмет көрсетіліп, марапатталды.

Қостанайда үздік спортшылар марапатталды

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қысқы паралимпиадада тұңғыш рет Қазақстан қоржынына алтын медаль салған Александр Колядиннің омырауына «Құрмет» орденін тақты. Архимед Бегежанұлы Александрдың табысы тек облыс үшін ғана емес, еліміздің мақтанышы болғанын айтты. Мұнан кейін де 15 спортшылар мен олардың жаттықтырушылары марапатталды.

Айбек Байділдинов Президенттік көп сайыстан биыл әлем чемпионы атанды.

– Спортта жетістікке жету әр спортшының арманы, ол үшін жыл бойы тер төгеміз. Ресейде өткен әлем чемпионында чемпион атандым. Алдағы уақытта да жаттықтырушыммен бірге еңбек етеміз. 2020 жылы тағы да әлем чемпионаты болады, сонда да намысты қолдан бермеу керек, – дейді Айбек.

Жылды табыспен қорытындылау – әр спортшы үшін абырой. Осы орайда 2018 жыл қостанайлық спортшылар үшін жұлдызды жыл болды деуге болады. Спорт елдің атын шығарады, өзгеге таныстырады. Ал спорттың бұқаралық сипат алуы адамдардың саламаттық өмір салтын қалыптастырады.

«Сол үшін облыста көптеген спорт нысандары салынып жатыр. Облыс орталығында және облыс қалаларында, оның ішінде Лисаковта, Затоболда заманауи стадиондар салынып жатыр. Олар қазіргі заманғы спорт жарыстары мен жаттығулар өткізу талаптарының барлығына жауап береді Елбасы бірнеше жыл бұрынғы Қазақстан халқына жасаған Жолдауларында елімізде саламатты өмір салтын қалыптастыруға, ол үшін қазақстандықтардың бұқаралық спортпен айналысуы қажеттігін, жағдай жасалуын айтқан болатын. Біз осы тапсырманы орындап келеміз» деді Архимед Бегежанұлы.

НӘЗИРА ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ