Қазақстан • 28 Желтоқсан, 2018

Биыл 12 миллион шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріледі

446 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев журналистерге берген сұхбатында Қазақстандағы тұрғын үй мәселесіне тоқталып, 2018 жылы қолданысқа берілген тұрғын үй көлемі рекордтық көрсеткішке жететінін мәлімдеді.

 

Биыл 12 миллион шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріледі

«Тұрғын үй мәселесі – өте маңызды. Бұл бағытта қанша жұмыс атқарсаң да, ешқашан бітпейді. Бірақ мұны жақсы жағынан түсіну қажет. Өйткені халықтың саны артып, қажеттілігі өсіп келеді деген сөз. Кейінгі кезде көптеген игі бастамалар іске қосылды. Мәселен, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің пайыздық мөлшерлемесі төмен екені белгілі. Бұл жұмыс жалғаса береді. Екіншіден, мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларына арнап мемлекеттік тұрғын үйлер салынып жатыр», деді Мемлекет басшысы.

Президент «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында өте көп мөлшерде үй берілгенін атап өтіп, «7-20-25» бағдарламасының тиімді тұсын айтып берді.

«Бұрын банктерге пәтер құнының 50 пайызын жинау қажет еді. Қазір бұл сома 20 пайызға азайтылды. Ұлттық банкте пайыздық мөлшерлеме – 12,5-ті құрайды. Ал бұл бағдарлама бойынша 7 пайызбен несие беріледі. Қалғанын мемлекет өтейді. Бұл – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жұмсайтын қаражаты», деді Н.Назарбаев.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы тұрғын үй құрылысының қарқыны жоғары екенін айтып, былтыр рекордтық көрсеткішке қол жеткізгенімізді мәлімдеді.

«2017 жылы 11 миллион шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Бұл – тарихи көрсеткіш. Биыл мұны 12 миллионға жеткіземіз. Бұл – 100 000 пәтерге тең. Яғни, жыл сайын жарты миллион тұрғын жаңа үйге кіреді. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді», деді Президент.