Аймақтар • 31 Желтоқсан, 2018

Ақмола облысында 188 діни бірлестік жұмыс істейді

824 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыстық әкімдікте өңір басшысы Мәлік Мырзалинның төрағалығымен діни бірлестіктер байланысы бойынша кеңес отырысы өтті. Онда қаралған басты тақырыптардың бірі, бұл қазіргі  қоғамның дамуы шеңберінде діни салада атқарылып жатқан жұмыстар.

Ақмола облысында 188 діни бірлестік жұмыс істейді

Бүгінде облыста 188 діни бірлестік тіркелсе, 85 миссионер жұмыс істеуде. Діни ағарту бағытында 2751 іс-шара өткізілген. Оның нәтижесі де жоқ емес. Мәселен, салафизм бағытын ұстанған 35 азамат өздерінің діни көзқарастарын өзгерткен. Соңғы жылдары рухани ғимараттар құрылысы да қарқын алып отыр. 2018 жылы 20 мешіт пен 3 католик шіркеуі бой көтерді. Алайда, теріс діни көзқарастардың салдарынан туындаған түйткілдер де бар. Мәселен, биыл 21 ата-ана діни көзқарастарының салдарынан балаларын вакцинациялаудан өткізуден бас тартты.

–Бүгінде Ақмола облысы аумағында 188 діни бірлестік пен олардың бөлімшелері жұмыс істейді. Олардың 89-ы ислам дінін, 44-і православ, 11-і католик, 43 протестант және біреуі дәстүрлі емес дін өкілдерінен құралған. Одан қалды мемлекеттік тіркеуден бас тартып отырған евангелиялық христиан-баптистік қауымды құрайтын 10 бірлестік бар,– облыстық дін істері жөніндегі басқарманың жетекшісі Болат Қасенов.

Жиын барысында облыс әкімі Мәлік Мырзалин христиан дініндегі басты діни мейрамдардың бірі Рождествоның тиісті деңгейде аталып өтпегеніне қатысты сын айтты.

Науан Хазірет мешітінің бас имамы Қуаныш қажы Сәбит пен Көкшетау және Ақмола облысының Епархий епископы Серапион Сергей Колосницын жастарды рухани-адамгершілік бағытта тәрбиелеуде дәстүрлі діндердің рөлі туралы  баяндамаларын жасады. Жалпы, өңір басшысы, облыс аумағында діни бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Бүгінде мешітте жастарды рухани тұрғыда тәрбиелеу мақсатында 4 бағытта нәтижелі жұмыстар жемісті атқарылуда. Жергілікті билік өкілдерінің қолдауымен көпгшіліктің бірқатар мәселелері де оңтайлы шешімін табуда.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы