Тарих • 01 Қаңтар, 2019

Тұрардың Күредегі күндері

1286 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Биыл қазақтың қадірлі тұлғасы, Алаштың аяу­лы азаматы, ұлт бақыты жолында шейіт кеткен Тұрар Рысқұловтың туғанына 125 жыл. Лауазымды қызметте жүрсе де ұлт үшін талай басын қатерге тікті. Алаш ардақтысының өткен ғасырдың 20-жылдары Моңғолияда қызмет сапарымен болған күндері туралы мақаланы сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Тұрардың Күредегі күндері

Коминтерн жолы

ХХ ғасырдың басын­да пайда болған 1917 жылғы Қазан төңкерісінің нәтижесінде бұ­рын­ғы патшалық Ресей «Кеңестік Соци­алистік Республикалар Ода­ғы» деген жаңа атпен құрылып, таптық көзқарасқа негізделген идео­логиялық бағыт ұстанды да, халықаралық жағдай саяси-эко­но­микалық текетіреске ұшырап, әлем елдері екі жікке (социализм және капитализм) бөліну процесі басталды.

Осы орайда дүние жүзі ха­лық­­­­та­рына кеңестік көзқарасты насихат­тау, тереңдеп айтар бол­сақ мойындату, бойұсындыру мақ­сатында халықаралық дәр­гейде қызмет атқаратын құры­лым­­дар қажет болды. Соның бірі – Коминтерн. 1919 жылы алғаш құрылған бұл ұйым өзіне ком­мунистік партияның бас шта­бы іспеттес міндет жүктеп, дүние жүзіне идеялық үстемдік орнатуға талпынды. Уақыт өткен са­йын ұйымның ауқымы кеңейіп, 1920 жылы Шығыс және Қиыр Шығыс халықтарының арасына революциялық жұмыс жүргізетін Коминтерннің жаңа секциясы құрылды.

Аталған секцияның қыз­мет атқару аясына Қытай, Жа­по­­ния, Корея, Моңғолия ел­де­рі қам­тылып, әсіресе Кеңес Ода­ғы­­­мен іргелес ел, үлкен саясатқа шор­қақ, көшпенді жұрт, кең қол­тық моңғолдардың бетін тезі­рек қаратып алу үшін сол халық­тың тілі мен дәстүрін жақ­сы білетін әрі қандас бауыры бурят зиялылары Ц.Жамсрано мен Э.Ринчиноны «Моңғолды ком­­­мунизмнің кең жолына бағыт­­таңдар» деп аттандырды. Эл­бег­до­рж Ринчино Петербор уни­вер­ситетін бітірген әрі пан­моң­ғо­лизм қайраткерлерінің бірі болса, Цэбэн Жамсрано КСРО Ғылым академиясының кор­респондент-мүшесі, ғалым адам еді.

 – Осы жылдары, – деп жазады моңғолиялық зерттеушілер И.Саруул, Ч.Дашдаваа өздерінің «Коми­нтерн өкілі Т.Рысқұловтың Моң­ғолиядағы іс-әрекеті» атты 2016 жылы Ұлан-батыр қала­сын­да жарық көрген монографиясында: «1924 жылдың 20 мамыр күні ұлыстың билігін ұстап отыр­ған діни-әкім­шілік басқарушы Богда хан өліп, халық алмағайып күй­­ге ұшы­­рап, ес жыя алмай тұр­­ған тұста, кеңестік билікті қо­лы­­на қон­­дырған большевиктер фео­дал­­­дық-патриархалды Моң­ғо­лияны социализм жолына салып жіберуді ойластырды. Ол үшін елдің әкімшілік құрылымын өз­гертіп, социалистік бағыт-бағ­дар­ға жөн сілтейтін құқықтық заң конституциясын қабылдату кер­ек болды» дейді.

Жоғарыдағы мақсатты жүзе­ге асыру жолында Комин­тер­нге пан­­моңғолизмді аңсаушы Рин­чи­но емес, басқа қайраткер қажет бол­ған сияқты. Сөйтіп Комин­­тер­н­­­­нің атқару комитетінің Бас­қар­ма мүшелері жоғарыдағы мақ­­­­­сатқа сай келетін тұлға ре­тін­­­де қазақ Тұрар Рысқұловты таң­­­­дап, оны Коминтерннің өкі­лі ретінде Моңғолияға жіберуді ұй­­­ға­рады. Нәтижесінде Т.Рыс­құ­­­л­ов­қа Коминтерннің атқару ко­митеті Басқарма мәжілісінің қаулысы бойынша Моңғолияға Ко­минтерннің өкілі ретінде Моң­ғол Халық партиясы мен Жастар Ода­ғының ісін үйлестіру міндеті жүктеліп, Коминтерннің Ат­қа­ру Комитеті Басқарма мү­шесі Мануильский мен Шы­ғыс бө­лі­м­ін­ің меңгерушісі Войт­инс­кий­лердің қолы қойылған №420 куә­лік беріледі.

Қазақ қайраткері Тұрар Рыс­­­құлов бұ­ған дейін Кең­ес Ода­ғының Түркіс­тан Авто­но­мия­­лық Республикасы Кең­ес­тер­і  Орталық Комитетінің және Ха­лық комиссарлары кеңе­сі­нің төрағасы, Коммунистік пар­тия­ның мұсылман бюросының төрағасы, Кеңес Одағының Ұлт іс­­тері Халық комиссарының орын­­­­басары, Коминтерннің орта­лық аппаратында жоғары ла­уа­зымды қызмет атқарып, мем­­­лекет және партия саласында ұй­ы­мдастыру қызметінің бай тә­жіри­бесін жинақтаған көрнекті қай­рат­кер дәрежесіне көтерілген тұлға еді. Яғни, Моңғолияны Коми­нтерн жолына бағыттауға тәжірибесі де, білімі де жетерлік болатын.

Күредегі құрылтай

Тұрар Рысқұлов Моңғолия елінің әкімшілік орталығы Күре қаласына 1924 жылдың қазан айында келеді. Бұл шамада Күре (Хүрээ) шаһары қала деуден гөрі буддизмнің діни ғұрыптық рәсімдерін ат­қара­тын, шамамен 15 мыңдай тұрғыны бар сауда-сат­ты­ғы дамыған шағын кент іспеттес орталық екен. Жаңа жер, жат елге табан тіреген Тұрар өзіне жүктелген міндетті жедел түрде ат­қаруға кіріседі. Ең әуелі елді социализмнің сара жолына түсіру үшін «Моңғол мемлекетінің тұңғыш конституциясын жасап, оны жедел қабылдату қажет» деген тоқтамға келеді.

Т.Рысқұловтың Моңғол елін­де атқарған қызметі мен сая­си бел­сен­ділігін ұзақ жыл зерттеп, осы тақырыпта бір­неше еңбек жазған тарих ғылым­дарының докторы, тұрар­тан­ушы Мініс Әбілтай өзінің ««Тұрар Рысқұлов: Архив құжат­тары» атты 2004 жылы Түркіс­тан қаласында жарық көр­ген еңбегінде: «Т.Рысқұлов ел бас­қа­ру үшін Ата заңның ауадай қажет екенін Моңғолияның партия және өкімет қайраткерлеріне түсіндіріп, оларды сендіре алды. Нәтижесінде өкімет басшысы Церендоржи басқаратын кон­сти­туциялық талқылау кеңесін құ­рып, оларға төтенше құқық беруге қол жеткізді» деп жазады.

Рысқұлов осы жылдары Ко­мин­терн басшылары Мани­уль­ский мен Войтинскийге жол­да­ған алғашқы баяндамасында: «Конституцияның жобасын мен жолдас Всесвятскиймен бірі­гіп жасадым. КСРО мен ДВР-дың Конституциясын және басқа да конституцияларды пайдалан­дым. Жобаны үкіметтің төтенше комиссиясы талқылады. Комиссия ұсақ-түйек түзетулер енгізіп, жоба­ны мақұлдады», деп жазады (Әбілтайұлы М. Тұрар Рысқұлов Моңғол елінде. 3 томдық шығ/жиғағы. 1-том. 74-б).

Сөйтіп жоғарыда айтылғандай тө­­тен­­ше құқық­ты комиссия ма­құл­­­­­даған кон­ституцияны жалпы­­халықтық құр­ылтай ашып, бү­кіл­елдік талқылау өткізіп, Ата заң ретінде қабылдату мәсе­лесі күн тәртібіне қойылды. Нәтижесінде 1924 жылы 8 қараша күні елдегі барлық әкімшілік құрылымдардан сайланған 77 өкілдің бас қосуымен 20 күнге созылған алғашқы құрылтай бас­талды.

Құрылтай барысында біз үшін айта жүрерлік тарихи оқиға жиынға Тұрар Ко­минтерн атынан қатысса, Қазақ­стан елінен өкіл ретінде Қан­гелдинов деген адам қа­ты­сып, бұл кісінің құрылтай қонақ­та­ры­на қаратып айтқан «Алты мил­­лион қазақ халқы атынан сіз­­дерді құттықтаймын» деген жү­рек­жарды сөзі Ұлан-батыр қала­­сындағы архивтік мекемелер­де әлі күнге сақтаулы тұр. Тарих ғылымдарының докторы Зар­ды­хан Қинаятұлы осы тұлға жайлы: «Қангелдинов 6 миллион қазақ атынан сөз сөйлегеніне қарағанда өкімет орындарында қызмет атқарған адам болса керек. Өз басым бұл тұлғаның өмір жолын зерттей келе, 1923 жылы Мәскеуде «Қызыл профессура» академиясының екі жылдық кур­сын тәмамдап, Коминтерннің ат­­қару комитетінің Шығыс бөлі­мін­де қызмет атқарғанын анық­та­­дым», депті.

Сонымен қатар құрылтайдың не­­гіз­гі баяндамасын жасаған Тұ­р­­ар аға­мыздың лебізінде күллі моң­ғол жұртына бағыттап айтқан: «...өз іштеріңіздегі басқадай ұлт өкіл­­деріне көмектесе жүріңдер» деген тарихи сөзі бар. Осыны зерт­­теушілер Моңғолиядағы азғана қазақты қорғау мақсатында ай­тыл­ған пікір дейді. Бұл әбден мүм­­кін, өйткені тарихшы-ға­лым З.Қинаятұлы Бай-өлке қазақ­­­тар­ының 1940 жылы жеке әкім­ші­­лік аймақ ретінде құ­ры­­луы, осын­дағы Тұрардың жүрек­жар­ды пікірінің нәтижесі және басқа ұлт өкілдерінің құқықтық мәрте­бе­сін сақтау жайында өзі­нің ав­торлығымен жасалған Моң­ғо­лияның алғашқы Ата заң­ы­на енгізіп кетуінің көрінісі дейді.

Расында, бұл құрылтай қазір­гі тәуелсіз Моңғолия тари­х­ын­да ерекше орны бар жиын ре­тін­де тарихта қалды. Өйткені бұл құ­рыл­тайда моңғолдар мем­лекеттік даму бағытын ай­қын­дау­мен қатар, тарихта тұңғыш рет өздерін тәуелсіз ел деп жариялап, мемлекет астанасының атын өзгертті. Нәтижесінде жаңа Кон­ституция Моңғолиядағы бұрын­ғы монархиялық басқаруды жойып, парламенттік тың жүйе орнатты. Ел парламенті Ұлы құрал құрамында тұрақты жұмыс атқаратын 30 мүшесі бар Кіші құрал деген екі палаталы заң шығару органы іске қосылды. Сөйтіп Т.Рысқұлов Шыңғыс хан елінде тұңғыш рет парламенттік демократиялық жаңа жүйенің іргетасын қалап, дүниеге Моң­ғо­лия дейтін мемлекетті алып келді.

Астанаға ат қою

Тұрар ағамыздың атсалысуымен Ата заңын қабылдаған Моңғол елінің шешілмей тұрған тағы бір мәселесі бар еді. Ол ел астана­сының атауы болатын. Жо­ғары­дағы құрылтайға қатысқан өкілдер «жаңарған елге көнер­ген атау жараспас» деп астана Күре­нің (орысша Урга) атын өзгерту туралы шешім­ге келеді. Жиынды бас­қа­рып отырған Тұрар Рысқұлов жер­гілікті құ­рыл­тай өкілдеріне «Ал жаңа ас­та­­наға ат табыңдар?» деп ортасына уәж тастайды. Өкілдердің дені ел орталығына «Астана қала» деген ат беруді ұсынса, екін­шілері «Бейжің» немесе «Үл­кен Бей­жің» деген атауды құп кө­­ре­тіндіктерін айтады. Ортақ мәмілеге келе алмаған екі топ ақы­ры «Ба­тыр   қа­­ла» деген атау­ға то­ғай­ласып, пәту­а бі­рік­­тіреді.

Өкілдер пікіріне қа­н­ы­қ­қан қаз­­­ақ ұла­­ны Т.Рысқұлов: «Моң­ғол хал­қы­­ның бар­лық болмысы ас­тана­ның аты­на тікелей бай­ла­ныс­­ты бол­­ған­дықтан, оның атын өз­гер­ту туралы пікір бірден-бір дұ­р­ыс. Астанаға ат бергенде заманымыздың белгі-бейнесін ес­­ке­ре отырып, революцияшыл си­паты бар ат бергеніміз дұрыс деп санаймын. Осы жағдайды ес­кере келе, астанаға Ұлан-батыр («Город красного богатыря») деген ат ұсынамын» дейді.

Дәл осы сәтті күтіп тұрған­дай моңғо­лия­лық қаз­ақтар аты­­нан құры­л­­тайға өкіл ре­тін­­де қа­тысушы Дәуітбай Тау­дан­­бек­ұлы дейтін жігіт ағасы Тұр­ар­ды қол­дап, ұрандап шыға келе­ді. Бұл мә­селе жайлы ау­қым­ды зерттеу жа­сап, архив құжат­тары­мен жете та­ныс­қан тарихшы Зар­дыхан Қи­ная­­тұлы ағамыз «екі қазақ алдын ала келісіп, пікір то­қай­­­ластырып алған» деген пайым жасапты.

Тұрар Рысқұловтың Моңғол елі­нің даму бағытын феодалдық саты­­дан тура социалистік сатыға өту мәселесін құптай қоймайтын тұл­ға­лар да табылды. Осы топ­тың басында солшыл эсер партия­­сы­ның мүшесі, атышулы аран­­да­тушы Элбегдорж Ринчино тұр­ды. Моңғолияға Тұрардан бұ­ры­н­ырақ келген Ц.Жамсрано, Э.Рин­чинолар Моңғол халық пар­тиясының мүшесіне өтіп, пар­­тия мен үкімет органдарында жоғары лауазымға ие болып үл­герген-тін. Бұл адамдар расын айт­қанда Рысқұловқа ашық қарсы шықты. Тарихшы М.Әбілтайұлы бұл қайшылықты «Э.Ринчиноның пан­моңғолизм идеясынан туған бүлік» деп пай­ым­дап, оның ар­тында Жа­по­ния­ның әскери кө­ме­гіне сүй­ен­ген ақгвардияшыл атаман Семеновтың панмоңғол идея­сын көтеруі әсер етті депті.

Ақыры бұл мәселені тергеп-тексеруге Коминтерн тағы бір өкілі – М.Амгаевты жіберді. Тиіс­­­ті құжаттармен танысқан ол Т.Рысқұловты қолдап шы­ғып­ты. Тіпті ол Рысқұловты қыз­мет­­тен босату туралы мәселе көтер­­ген Кеңес Одағының елшісі Васильевтің шешімі жайлы «Ел­ші­нің қа­тесі Т.Рысқұловқа беделді саяси ұйымның өкілі деп қарамай, жай бір саяси нұсқаушы ретінде қара­ғандығында» деп жазыпты. Осылай Моңғол елінде қыз­мет атқарған тоғыз айда ға­сырға татитын іс атқарған Тұр­ар 1925 жылы шілде айының аяғында қайтып оралды.

 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»