Әлем • 03 Қаңтар, 2019

Магнитогорскідегі апат кезінде 37 адам қаза тапқан

335 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Дүйсенбі күні Магнитогорскідегі 10 қабатты тұрғын үйде жарылыс болды. Оқиға орнындағы үйінділер астынан құтқарушылар 37 адамның денесін тапқан, олардың алтауы – балалар, деп хабарлайды Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігі.

Магнитогорскідегі апат кезінде 37 адам қаза тапқан

Іздеу операциялары кезінде 5 адам құтқарылды, оның ішінде Мәскеуге емдеуге шұғыл жеткізілген 11-айлық сәби де бар. Денсаулық сақтау министрі Вероника Скварцованың хабарлауынша, сәбидің жағдайы ауыр, бірақ өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

Апат орнындағы құтқару жұмыстары тәулік бойына әлі жалғасуда.

Алдын-ала белгілі болған мәліметтер бойынша, подьездегі апатқа пәтерлердің біріндегі тұрмыстық газдың жарылуы себеп болған. Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметінің мәлімдеуінше, жарылыстың басқа себептері қарастырылып жатқан жоқ.

Бұл қылмыстық іс «абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне себепкер болу» бабы бойынша қозғалды. Ол бап бойынша қылмыскер екі жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

31 желтоқсан күні оқиға орнына Ресей президенті Владимир Путин келді. Ол құтқару операциясының штабында жиналыс өткізіп, апаттың салдарын жою бойынша үкіметтік комиссия құруды тапсырды. Кейін ол ауруханадағы зардап шеккен тұрғындардың халін білуге барды.

Жарылыс болған үй Магнитогорскінің оң жағалауындағы ауданда, яғни басты даңғылдардың бірі – Карл Маркс көшесінде орналасқан.

Кеше Челябі облысында қаза болғандарды аза тұту күні жарияланды.

Айта кетейік, 2017-2018 жылдар ішінде Ресейдегі тұрғын үйлерде адам өліміне әкелген 44 тұрмыстық газдың жарылу оқиғасы орын алған.

Қарлығаш ҚҰРАМЫС,

«Егемен Қазақстан»