Қазақстан • 03 Қаңтар, 2019

Алматылықтар Сұлтан Жиенбаевты ақтық сапарға шығарып салды

493 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы жұртшылығы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Жиенбаевты ақтық сапарға шығарып салды. Абай атындағы опера және балет театрында жиналған  зиялы қауым өкілдері қайраткердің азаматтық тұлғасы мен халқына сіңірген ерен еңбегі жайлы тебірене естелік айтты.

Алматылықтар Сұлтан Жиенбаевты ақтық сапарға шығарып салды

Қаралы жиында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Мемлекет басшысының жеделхатын оқып, марқұмның туыстарына алматылықтар атынан көңіл айтты.

«Сұлтан Сүлейменұлы майданда ерлікпен шайқасып, елге оралған соң түрлі жоғары лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, білікті басшы және іскер ұйымдастырушы ретінде республикамыздың өсіп-өркендеуіне зор үлес қосты. Ұзақ жылдар бойы Сауда министрі және Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып, өзі басшылық жасаған салалардың заман талабына сай дамуына көп еңбек сіңірді.

Ол құрметті демалысқа шыққаннан кейін де қоғам өмірінен қол үзбей, тәуелсіз елімізде халқымыздың ынтымағы мен береке-бірлігінің нығая түсуіне әрдайым атсалысты.

Елі мен халқын сүйген абзал жанның әрі абыз ақсақалдың есімі мен еңбегін қазақстандықтар ұмытпайды деп ойлаймын», – делінген жеделхатта.

Сұлтан Жиенбаев 1921 жылдың 22-шілдесінде Алматы  қаласында дүниеге келген. 1953-54 жылдар аралығында ҚазССР Сауда министрлігінің басқарма басшысы, ал 1954 - 1959 аралығында Алматы қалалық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, 1962-1970 жылдары ҚазССР  сауда министрі қызметтерін атқарған. 1970 - 1984 жылдар аралығында Жиенбаев министрлер Кеңесінің орынбасары болды

Саналы ғұмырында халқына қалтқысыз қызмет еткен заңғар тұлға қаладағы «Кеңсай» зиратына жерленді.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»