Қазақстан • 04 Қаңтар, 2019

Миллион кімдерге бұйырды?

508 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астана қаласының әкімдігі «Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламалары аясында жергілікті бюджеттен мұғалім, дәрігер және полиция қызметкерлеріне 100 миллион теңге бөлді. Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 100 қызметкерге 1 миллион теңгеден үлестірілген бұл қаражат Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы пәтер алу үшін алғашқы жарна ретінде пайдаланылады. 

 

Миллион кімдерге бұйырды?

Елбасы Жолдауында ай­тыл­ған көпшіліктің баспанаға қолжетімділігін арттыруды көз­деген игілікті жобаны елорда әкімдігі мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бірлесіп жүзеге асырып отыр. Тұрғын үй серти­фикаттарын табыстаған қала әкімі Бақыт Сұлтанов жеңілдікке ие болған 100 тұрғынның жайдан-жай таңдалмағанын, олардың бар­­лығы өз саласына еңбегі сің­ген бі­лікті мамандар екенін жеткізді.

«Елбасы жергілікті бюджет­тен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны жартылай субсидиялау жолдарын қарастыруды бұйырды. Бұл ипотеканың қолжетімділігін арттырады. Біз қаражатты бүгінгі таңда қаланың дамуына аса қажетті мамандық иелеріне бөлдік. Біздің елорда өмір сүру үшін ең қауіпсіз және жайлы болуы керек. Сондықтан бі­лім, денсаулық сақтау және құқық қорғау саласын дамытуға тиіспіз. Әлеуметтік саладағы қызметкерлер де назардан тыс қалмайды», деді шаһар басшысы Б.Сұлтанов.

Бөлінген ақшалай қара­жат салымшыларға алғашқы жар­наның 20%-ын тез жинақ­тауға көмектеседі. ТҚЖБ 7%-дан ас­пай­тын жылдық мөл­шерлемеде несие береді. Қарыз­дың максималды мерзімі 25 жыл, ал несие сомасы 20 млн теңгеден аспауы қажет. Қаржы Тұрғын үй құрылыс жинақ бан­кіне бөлінгеннен кейін әлеу­меттік көмекті алушыға бас­пана таңдап, оның иесі болуына үш ай уақыт беріледі. «Са­лымшы алғашқы жарна ретінде жалпы соманың 20 пайызын жинауы тиіс. Содан кейін 7 па­йызды ипотека 25 жылға бе­ріледі. Бірақ пәтерді үш айдың ішінде тауып, ипотеканы рәсімдеп алу қажет. Үй жаңа тұрғын үйден алынуы шарт. Әйтпесе, әкімдіктің ақшасы бюджетке кері қайтарылады. Әзірше, бұл ақша арнайы есепшотта жата береді. Барлық шарт орындалғаннан кейін есепшот ашылады да алғашқы жарна ретінде салымшының қаржысына қосылады», дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Астана қаласындағы орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаев.

Сертификатқа ие болған №44 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі  Нұржамал Жақыпова алғашқы жарнаға қаражатты 2,5 жыл бойы жинағанын айтты. «Осы науқанның нәтижесінде біз өзімізге қажетті баспанаға ие болуға мүмкіндік алдық. Біз­де Тұрғын үй құрылыс жи­нақ банкінде депозит бар. Ал­ғаш­қы жарна миллион теңгеге артқанының нәтижесінде енді біз екі бөлмелі пәтер ала аламыз. Осындай қолдау көрсеткен әкімдікке ризамыз!», деді ол.

Майгүл СҰЛТАН,

«Егемен Қазақстан»