Аймақтар • 08 Қаңтар, 2019

Маңғыстауда 22 кәсіпкердің құқығы қорғалды

533 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Кеңесі 2018 жылы атқарған жұмысы туралы есеп берді.

Маңғыстауда 22 кәсіпкердің құқығы қорғалды

Кеңес облыс кәсіпкерлерінің заңды мүдделерін қорғау, туындаған күрделі мәселелердің түйінін тиімді, жүйелі және шұғыл шешу, сонымен қатар елдегі бизнестің дамуында қиыншылық туындататын мәселелерді қалың бұқараға жариялау мақсатында құрылған болатын.

Оның негізгі міндеті - кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мен кәсіпкерлік саланың еркіндігі, заңнамалар мен құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізу, кәсіпкерлікке негізсіз араласу фактілерін болдырмау. Кеңес Маңғыстау облысының кәсіпкерлеріне әділ шешімдер іздеп және оның жүйелі шешілуіне ат салысып келеді.

Қазір Кеңес құрамында облыстық прокуратура, мемлекеттік қызмет істері, табиғи монополияларды реттеу департаменттері өкілдері, заңгерлер, кәсіпкерлер мен қоғам қайраткерлерінен құралған 13 мүше бар.

Кеңес төрағасы Шымбай  Сұлтановтың айтуынша, 2018 жылы Кеңестің 11 отырысы өтіп, 22 түйіткілді мәселе талқыланды. Онда қаралған мәселелер қиындық туындаған іскердің ғана емес, сол салада жұмыс істейтін кәсіпкерлердің барлығына оң ықпал етті.

Мәселенің маңыздылығына қарай облыстың атқарушы органдары басшылары мен мүдделі мемлекеттік мекемелер жетекшілерінің қатысуымен көшпелі отырыстар өтті. Жиналыс қорытындысында тиісті шешімдер қабылданып, кәсіпкерлердің құқықтарын бұзғаны үшін жауапты лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту туралы ұсыныстар жасалды. Мысалы, Кеңестің көшпелі отырыстарының бірінде «ЦентрКредитБанкі» АҚ директорының жер тіркеу кезінде Ақтау қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғаларының заңсыз іс-әрекеттеріне қатысты өтініші қаралған. Оның нәтижесінде Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне ұсыныс жіберілді. Әдеп жөніндегі кеңес «Ақтау жер қатынастар бөлімі» ММ басшысына «ескерту» түрінде тәртіптік шара қолданды.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заң халыққа кеңінен түсіндіріліп, оны орындау бағытында өңірлік кәсіпкерлер палатасы елеулі жұмыстар атқарды.

Өткен жылы инвестициялық және бизнес ортада сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында кәсіпкерлерді сүйемелдеуге бағытталған кездесу өтіп, 4 шетелдік және отандық инвесторлар мен кәсіпкерлер меморандумға қол қойды.

«TS Construction» ЖШС мен «Облыстық Білім басқармасы» ММ арасында балабақшаға күрделі жөндеу жүргізу шартымен сенімгерлік басқаруға беру туралы келісім жасалады. Бұл мәселені қарастырғанда, екеуара шартта олқылықтар мен кемшіліктер анықталып, заң бұзушылықтарға жол берілгені белгілі болды. Осылайша, келісімшарт талаптарына сәйкес, жеке серіктес мемлекеттік емес мекеме сараптамасының қорытындысын алып, нысанды пайдалануға беруі тиіс болған. Құзырлы мекемелер жобалау-сметалық құжаттамаға қорытынды беруден бас тартқан. Сөйтіп жобаны іске асыру үшін кедергілер көбейген. Кеңестің араласуымен мәселе оң шешімін тапты. Мұндай игілікпен аяқталған жайттар жетерлік.

Кәсіпкерлерге заңға сәйкес өз құқықтарын қорғауға көмектесу арқылы қоғамның, жергілікті биліктің және бизнестің арасындағы ынтымақтастықты нығайту механизмдерінің бірі болып табылады.

Елбасы жолдауында құзырлы органдарға әкімшілік заңнамаларды ізгілендіріп, әкімшілік айыппұлдар әділетті және құқық бұзу деңгейіне сәйкес болуын заңдық тұрғыда реттеуді тапсырған болатын. Сондай-ақ, әкімшілік құқықбұзушылықтың құрамасы бойынша айыппұл санкциясының мөлшерін азайту, ескерту әкімшілік жазаны көздейтін бапты ізгілендіру көзделген. Кеңес отырысында кәсіпкерлер лаңкестікке қарсы күрес Заңының нормаларын бұзғаны үшін салынатын әкімшілік айыппұлдар мөлшері жоғары екенін, оны көпшіліктің қалтасы көтере бермейтінін мәлімдеген болатын. Сондықтан да ӘҚБК-нің кәсіпкерлікке қатысты 149-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік жазаны айыппұлдан ескерту түріне ауыстыру, полиция департаментіне аталған мәселені тексеруде бейне тіркегіш қолдану және ҚР «Лаңкестікке қарсы күрес» Заңына сәйкес, полиция тарапынан тексеруді азайту жөнінде ҚР «Атамекен» ҰКП-на жазбаша ұсыныс жіберілді.

Кеңес тарапынан ұйымдастырылған басқосулар кәсіпкер, мемлекет және бизнес арасындағы үш жақты диалогтың құрылуына үлес қоса алды.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы