Әлем • 09 Қаңтар, 2019

«Сауда соғысында» кімнің бәсі биік?

389 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

АҚШ пен Қытай арасындағы сауда жөніндегі келісім ресми түрде бас­талды. Ақ үй басшысы Дональд Трамп мұндай қадам екі ел арасындағы қатынасты жақсартып, «сауда соғысын» бейбіт шешуге мүмкіндік береді деп есептейді.  

«Сауда соғысында» кімнің бәсі биік?

Былтыр АҚШ тарапы Қытайдан келетін 1300 түрлі өнімге салынатын салықты 25 пайызға өсірген болатын. Өз кезегінде Қытай тарапы да мұхиттың арғы бетінен келетін тауар­ларға қойылатын тарифті көтеріп жіберді. Осылайша, әлемнің алып екі экономикасы арасында «сауда соғысы» тұтанған-тұғын. 

Аргентинада өткен G-20-ның сам­­митінде Д.Трамп пен Қытай прези­денті Си Цзиньпин арнайы кез­десіп, осы мәселені талқылаған-ды. Келіс­сөз­­дер барысында Ақ үй басшысы нау­­­рызға дейін салықты өсірмеуге уәде беріп, сауда-экономикалық бай­ла­ныс­­ты нығайтуға мүдделі екенін айтты. 

Әйтсе де, содан бері бір айдан аса уақыт өтсе де, АҚШ та, Қытай да бұл мәсе­леге қайта айналып соқпаған. Ақы­ры екі елдің өкілдері «сауда соғы­сы­ның» алдын алу жолдарын қарас­тыруға кірісті. 

АҚШ сауда палатасының вице-президенті және халықаралық қаты­нас­тар жөніндегі комитеттің басшысы Майрон Бриллиант алдағы келіс­сөз­дердің маңызды екенін айтады. «Келіс­сөз­дер барысында бұған дейін айты­лып келген мәселелерді орындау барысы талқыланады. Алайда бәрі бір­ден шешіліп кетеді деп айту қиын», дейді ол. 

Кездесу осы  дүйсенбіде Бейжіңде басталды. АҚШ тарапынан келген делегацияны АҚШ Сауда өкілдігі басшысының орынбасары Джефф Герриш бастап барды. Сонымен қатар топтың құрамында бірқатар дипломаттар бар. 

Екіжақты келіссөздер барысында Apple мен Huawei компания­ларына қатысты мәселелер де талқы­лануы тиіс. Естеріңізде болса, 2018 жылғы желтоқсанда АҚШ-тың сұраны­сымен Канада тарапы Huawei ком­па­ниясының қаржы директоры Менг Ваньчжоуды тұтқындаған еді. Жаңа жыл бастала сала Apple ком­па­ния­сы­ның құны арзандап кетті. Ком­пания бас­шысы Тим Кук мұның негіз­гі себеп­терінің бірі ретінде Қытай нары­­ғын­дағы сауда-саттық­тың баяу­­лаға­нын алға тартты. CNN арнасының пайым­дауынша, мұның бәрі әлемнің алып екі эко­но­ми­ка­сының технология­да басым­дыққа ие болуына байланысты. Ал Financial Times журналының па­йымд­ауынша, «сауда соғысынан» АҚШ та, Қытай да ұтылмайды. Өйт­ке­ні осы оқиғадан кейін екі мемлекет те өзіне қажетті басымдықты анықтап алмақ. 

Мәселен, экономикалық тұрғыдан алғанда Ақ үй тарабы «сауда соғы­сында» басымдыққа ие. Кейінгі жыл­дары АҚШ-тың ішкі жалпы өнімі тұ­рақты өсіп келеді. Ал Қытай тарапы қанша жерден экономикасы өр­кендеп келе жатқанын айтса да, ішкі жалпы өнім көлемі айтарлықтай азайған. Оның үстіне, экспорт көлемі елдегі экономиканың басым бөлігіне ие. Ендеше, негізгі сауда әріптесі – АҚШ-тың тауарларға қойылатын салықты өсіруі Қытай экономикасына ауыр соққы болды. 

Ал Reuters агенттігі Д.Трамп келіс­­­­­сөздер барысында жеңіске жету үшін Дүниежүзілік банкті пай­да­­лануы мүмкін екенін айтады. Қаржылық ұйым президенті Джим Йонг Ким күні кеше мерзімінен бұрын қызметінен кететінін мәлімдеді. Ал оның орнына келетін басшыны таға­йын­дауға Ақ үй ықпал ете алады. Мәселен, Ким мырзаны Дүниежүзілік банк басшысы қызметіне АҚШ-тың бұрынғы пре­зиденті Барак Обама ұсынған болатын. 

АҚШ билігі бұған дейін де Қытай­ға ықпал ету мақсатында Дүние­жүзілік банкті пайдаланғаны белгілі. Оның үстіне, қазіргі таңда АҚШ Дүние­жүзілік банктің 16 пайыз акция­­сын ие­ленеді. Ендеше, ұйымға Д.Трамп әкім­шілігінің көзқарасына сай бас­шы ұсынылатынын болжау қиын емес. 

Financial Times келтірген деректерге сүйенсек, саяси тұрғыда Си Цзиньпин басымдыққа ие. Тіпті «сауда соғысының» салдары Қытай халқына кері әсерін тигізсе де, Қытай­дың саяси салмағы анық байқа­лады. Мұның басты себебі – АҚШ-тағы жағдайға тікелей байланысты. Д.Трамп келесі жылы сайлауға түседі. Қазіргі таңда Ақ үй басшысының халық арасындағы беделі төмендеп кет­кен. Оның үстіне, парламенттік сай­лауда демократтар Өкілдер пала­та­сының көп орнын иеленді. Нәти­жесінде Д.Трамп «өгізді де өлтірмеу, арбаны да сындырмау» мақсатында Қытаймен келіссөздерді амалсыз жеңіл жүргізетінін болжау қиын емес. 

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»