Білім • 09 Қаңтар, 2019

Лицей шәкірттері шетінен домбырашы

1072 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра», деді Қадыр ақын. Сол нағыз қазақтың біз білмейтін, білсек те байыбына бара бермейтін қыры мен сыры көп. Қарапайым ғана қоңыр ағаш бойында қаншама құндылық жасырын жатыр. Соның бір парасы домбыраның өзі ұстаз.  

Лицей шәкірттері шетінен домбырашы

Жұмыс барысымен Астана­дағы «Нұр Орда» қазақ-түрік лицейіне жолымыз түсті. Жиын болатын кең залды іздеп дә­ліз­де келе жатқанда ерекше бе­зен­дірілген сыныптарды көзіміз шалды. Ондағы оқушыларды көргіміз келіп, таңдап тұрмай келген тұстағы бір сыныпқа кірдік. Сол жақтағы қабырғадан қаз-қатар тізілген ағаш бұйым көрінді. Аңдасақ, кәдімгі домбыра. Әрқайсысында әр баланың аты-жөні жазылған. 

Мектептің бұл ерекшелігіне сүйсініп, директордың орынбасарынан сұра­ғаны­мыз­да, Меруерт Тілектесқызы білім ордасының талабы бойынша, 1, 2-сыныптарда барлық бала домбырадан сабақ алуға міндетті екенін айтты. Одан кейінгі сыныптарда үйірме ретінде жүреді, оған оқушылар өз еркімен қатысады. «Басында бұл дәстүрге келіскісі келмеген шеттілді немесе орысша ойлы ата-аналар болды. Бірақ бәріне ортақ талап болғандықтан бас тарта алмады, ал кейін сол ата-аналар балаларының әулеттегі тойларында күй тартып бергенін мақтанышпен айтып жүрді. Қазірде қолынан смартфон түспейтін балаларға бұл таптырмайтын дүние, бәрінен бұрын ұрпағының арқасында шаңыраққа домбыра келеді» дейді М.Тілектесқызы. Оның айтуынша, бұл 2009-2016 жылдары мектепке басшылық еткен Орхан Озтұмсықтың домбыраға деген ерекше махаббатынан туған идея екен. Әрдайым күй тыңдап отыратын директор «қазақ домбырамен мақтану керек қой!» деген сөзін іс жүзінде дәлелдеп, өз балаларынан домбыра тартуды талап еткен екен. 

Ғалымдар мектептердегі білім сапа­сын көтеру мақсатында ше­­тел­­дік тәжірибелерді зерттеді, сондағы ең көп ауызға алынатыны – итальялық педагог М. Монтессоридың ұсақ қол моторикасын дамытуға бағытталған әдістемелері. Бұған қоса украин ғалымы В.Сухомлинскийдің «Балалардың мүмкін­дігі мен дарындылығының бастамалары саусақтарының ұшында. Бейне­леп айтқанда, саусақ­тары­­нан шығармашылық ойын қо­рек­тендіретін өте жіңішке жыл­ға­лар сынды жіптер тарайды. Баланың қолында неғұрлым шеберлік көп болса, соғұрлым ол ақылды болады» дегенін алға тартады.

Бірақ шын мәнінде ХХ ғасырда өмір сүрген жоғарыдағы ғалымдардың жаңалығын қазақ халқы бірнеше ғасыр бұрын ашып қойғандай. Домбыра XIV ғасыр жазбаларында кездеседі екен, одан бұрын пайда болғанына да күмәніміз жоқ. Ал осы сан ғасырлық шежіренің бір қыры – ми жұмысын жетілдіру. Себебі домбыра тарту – тұнып тұрған моторика. Ал саусақтың ұшында мидың жұмысын жақсартатын нүктелер барын ғалымдар дәлел­де­ген. Пернелерді басқанда әрбір саусақ қимылдайды, ал екінші қолдың саусақтары шерткенде, төккенде, қағысты үйренгенде әрекетке түседі. Демек қос қолды, білезікті, білекті, саусақты шы­нық­­тырады. Бұл – жазу деген күрделі процесті бастан өт­кізе­тін мектепке дейінгі және бас­тауыштағы балаларға ең қажетті жаттығу. 

Президент жақында жария­лаған мақала­сын­да музыкалық дәс­түр­ді жаңғырту аясында бір­қатар тапсырма берді. Осы тұста ғалымдарымыз бен зерт­­теу­ші­ле­ріміз домбыраның баланың жүйке жүйесі мен бұлшық ет­терінің физиологиялық жағ­дай­­дағы күш-қуатын арттыратынын, шығарма­шы­лық қана емес, танымдық, есте сақтау қабілет­терін дамытатынын дәлелдеп, сондай сипаттағы еңбектер сан­дықта жатса жариялап, насихаттаса, ең құнды еңбек болар еді.

Біреу білсе, біреу білмес, 1987 жылы кеңестік идеология дәуір­леп тұрған уақытта Алматы­дағы №12 мектептен бастау алып, өзі ашқан «Көкіл» мектебінде сынақтан өткізіп, 90-жылдардағы тоқырау кезінің өзінде республикадағы 80-ге жуық мектепті аралап, домбыра сыныбын ашқызған Абдулхамид Райымбергеновтің еңбегі орасан. Ол сол сәттегі жұмысын «Біздің мақсатымыз – мектептердегі музыканы домбыра сабағы ретінде енгізу еді ғой», деп еске алады. Тереңіне үңілсеңіз, бір ғана домбырамен ән салуға да, би билеуге де, аңыз, жыр, дастан айтуға да болады. Осы ойын жүзеге асыру үшін шетелден демеуші та­уып, домбыра мектебінде 12 жылда 12 мың бала дайындаған. Кейін осының негізінде «Қазақстан» телеарнасында «Домбыра үйренейік» атты бағдарламаны 5-6 жыл  жүргізді. Былтырғы 1 желтоқсаннан бастап «Алматы» телеарнасында Абдулхамид Райымбергенов «Syr perne» атты бағдарламаны жүргізіп келеді. Танымдық бағдарламаның мақсаты – балаларға қазақтың музыкалық аспабы домбыраны үйрету. Аталған бағдарлама дәстүрлі қазақ музыкасы бойынша балалар талантын ашуға көмектесу.

Мектептегі білім беру жүйе­сін­де біраз реформа жасалды, соған сай стандарт жаңартылды. Ал сол жаңа құжаттағы бас­­­ты мақсат – жалпыадамзаттық, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген ұрпақ қалыптастыру. Осы мақсатқа қол жеткізіп отыр­ған бірден-бір мектеп – «Нұр Орданың» білім беру жүйесі елі­міз­дегі өзге мектептерге де үлгі боларлықтай. «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында ат­қарылып жатқан жұмыстарға қосқан өлшеусіз үлес болар еді. Өйткені бұл – ұлттық тәрбиенің озық үлгісі.

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»