Аймақтар • 09 Қаңтар, 2019

Ауыл әкімдері менеджментті үйреніп жатыр

393 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жалпы, ауыл әкімдерінің жергілікті өзін-өзі басқару бюджетін енгізу бойынша жауапсыз қалған сұрақтары аз емес. Осы орайда Мемлекеттік басқару академиясы елімізде «Аймақтың дамуына бағытталған жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің трансформациясы» тақырыбында бюджеттің төртінші деңгейін енгізген еліміздегі 1062 ауылдық аумақ әкімдері үшін семинар ұйымдастырып жатыр.

Ауыл әкімдері менеджментті үйреніп жатыр

Елімізде тұрғындар саны 2 мыңнан асатын ауылдық аумақ­тарда жергілікті өзін-өзі басқарудың бюджеті бекітілді.

Президент жанындағы Мем­ле­кеттік басқару академия­сы­ның облыстық филиалында 32 ауылдық аумақ әкім­дері үшін оқыту семинары ұйымдас­ты­рылып жатыр. 

Филиал мамандарының айтуларынша, бюджеттің төртінші жеке деңгейіне өткен ауылдық аумақтар әкімдеріне арналған семинар өте өзекті. Ауыл әкімдері жобалық менеджментті қалай жасау керектігін үйренуде.

Семинарларда тәлімгерле­рімен, мемлекеттік басқару және облыстық басқармалар сарапшыларымен ауылдар үшін арнайы жобалар жасалады.

Әкімдер жобаларын тал­қылауға мүмкіндік алып, оны нақты қорғап шыға алады. Жоба­лар тәжірибе жүзінде іске асырылады.

Семинар нәтижесінде қатысу­шылар бюджеттік үрдіс пен ком­муналдық меншікті басқару, ведомстволық әкімшілік-аумақ­тық бірліктің салықтық әлеуетін ескере отырып, кіріс базасын құру бойынша тәжірибелік сабақ­тарын оқып үйренуде. Белгілі бір ауылдық аумақтың негізгі әлеуметтік мәселелерін шешуге бағыттаған 12 жоба жасалды. 

Ауыл әкімдерінің дені – мұға­лімдер. Сондықтан бюджетті қалыптастыру және жұмсау мәселелерін іске асыруға келгенде білікті болулары үшін құқық­тық, қаржы, экономика тұр­ғысында сауаттарын арттырмақ.

Ал әкімдер қателеспес үшін ауылдық әкімдікте мықты мамандар болуы қажет. Мақсат – әкімдерге портфель мен бюджет беруде емес. 

Елімізде қабылданған «Жер­гілікті өзін-өзі басқару туралы» Заңда біріншіден ауыл тұр­ғындарының азаматтық бел­сен­ділігін арттыру қажеттігі жазылған.

Облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқар­масының мәліметінше, өңірдегі 5 ауылдық аумақ белгіленген жылдық жоспар көлемін арты­ғымен орындапты. Мысалы, Павлодар ауданы, Красноармейка ауылдық аумағы 7,4 миллион теңге, Кенес ауылдық аумағы 4,8 миллион теңге, Қалқаман кенті  9,7 миллион теңге, Жаңақала ауылдық аумағы 3,5 миллио­н теңге, Мичурин ауылдық аума­ғында 5,9 миллион теңге көле­мінде салық жиналған.

Ал кірістерді жинаудың тө­мен пайызы қала іргесіндегі Ленин кенті, Кенжекөл, Успен ауылдық аумағы, Павлодар ауданы Рождественка ауылдық аумағы, Баянауыл ауылы, Май­қайың кенті, Екібастұздың Сол­нечный кенті, Железин ауы­лы, Ақсу қаласы Алғабас, Қы­зылжар ауылдық аумағы сияқ­ты 17 ауылдық аумақта бай­қалған.

Мысалы, Баянауыл ауданында 14 ауылдық аумақ бар болса, 12 ауылда халық саны 2000 адамнан да аз. Сондықтан дербес бюджетті енгізу аудан орталығы Баянауыл ауылында, Майқайың кенті әкімдігінде жүргізілуде. 

Сондай-ақ облыстағы Павло­дар ауылы 12,8 миллион теңге көлемінде салық жинаған. Облыс орталығының іргесіндегі бұл ауылда 7 мыңға жуық тұрғын бар. Яғни, белгіленген 2 мың тұрғыннан 3 есе артық. Бұрнағы жылы ауыл әкімі Аждар Жүсіпов бюджетке түсер салық көлемі бұдан әрі қарай көбейеді деген-ді.

Өткен жылы Мемлекеттік басқару академиясының филиа­лы бірнеше семинар өткізді. Семинар барысында мемлекеттік бюджеттің төртінші деңгейін енгізу үрдістері зерттелді. Баян­ауылда өткен семинарға Баян­ауыл, Май, Шарбақты, Аққулы аудандары мен Ақсу, Екібастұз қалаларынан барған 50 әкім қатысып қайтты.

Облыс әкімдігі аппаратының бастамасымен бюджеттің төр­тінші деңгейін енгізген 32 ауылдық аумақ әкімдерімен «Же­ке бюджетті құру. Әкімшілік айыппұл салудың тәртібі» тақырыбы бойынша кеңейтілген семинар өткізілді.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР