Аймақтар • 10 Қаңтар, 2019

Өскеменде ұлттық тағамдар жаңғыртылып жатыр

610 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қазақ туризм» ұлттық компаниясы мемлекеттің қолдауымен еліміздің барлық аймағын аралап, нәтижесінде 60-қа жуық ежелгі ұлттық тағам мәзірін қайта қалпына келтіріпті. Ерекше атап өтерлігі, осы тағам мәзірінің 18-і Шығыс Қазақстанға тиесілі екен. Қазіргі уақытта ұлтымыздың ұмытыла бастаған ұлттық тағамдарын қалпына келтіру жұмыстары Өскеменде де қолға алынып жатыр.

Өскеменде ұлттық тағамдар жаңғыртылып жатыр

«Өкінішке қарай, бізде ет, қуырдақ пен бауырсақтан басқа ұлттық тағам жоқ секілді көзқарас қалыптасқан. Туристерге көбіне осы тағамдарды ұсынамыз. Бүгінде елімізде қазақтың ежелгі дастарханын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қуантарлық, құптарлық дүние. Менің білуімше, Шығыс Қазақстанда, Өскеменде бұл жұмыспен шұғылданып жатқан ешкім жоқ. Сондықтан осы істі қолға алуды жөн деп шешіп, алты тағам түрін әзірледік. Біздің мақсат – өзбек асханасы, ұйғыр асханасы деген секілді «Алтай дастарханы» брендін қалыптастыру, ұмытыла бастаған ұлттық тағамдарды заманға сай жаңғырту. Ең маңыздысы, ұлттық тағамдарымызды шет елдік туристерге таныстыру», - дейді өскемендік кәсіпкер Мұхтар Тойбазаров.

Кәсіпкер дайындаған алты ас мәзірінің үшеуі - Жаужүрек, Үлпершек, Ми палау аталатын қазақтың ежелгі тағамдары. Қалған үш тағам еуропалық үлгіде әзірленіпті. Мәселен, тартылған жылқы етінен дайындалған Тар-тар аталатын тағамға кәдімгі езілген құрт пен қызыл сарымсақ пен черемша, ысталған құйрыққа сарымсақ пен қызыл жидектің қайнатпасы, жылқы етіне шырғанақ қосылыпты. «Алтайда өсетін шөптерді де пайдаландық. Ми палауға үй қаймағын қостық, қазыдан паштет жасап, қойдың жүрегіне салдық. Үлпершекті осындай әдіспен дайындадық. Әр аймақтың тағам дайындау ерекшелігі бар. Мәселен, Семей жақтың құрты өзгеше дайындалады. Үржардың қызыл ірімшігі қандай! Өңірімізде тұрып жатқан диаспоралардың да өзіндік ас мәзірі қалыптасқан. Біз соның бәрін қарастырып, «Алтай дастарханы» брендін қалыптастырып, Шығыс Қазақстанның ерекшелігін көрсеткіміз келеді», - дейді кәсіпкер. 

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН