Бокс • 14 Қаңтар, 2019

Жерлестеріміздің кезекті жеңісі

299 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

АҚШ-тың Калифорния штатындағы Санта-Инес қаласында қазақ­стан­­дық екі кәсіпқой боксшы Мадияр Әш­кеев пен Мейірім Нұрсұлтанов өздерінің кезек­ті жекпе-жектерін өткізіп, екеуі де жеңіс­ке жетті.

Жерлестеріміздің кезекті жеңісі

Бірінші болып шаршы алаңға Мейірім Нұр­сұлтанов шықты. Сегіз раундқа жоспарланған кездесуде Нұрсұлтанов мексикалық Рамон Агунагамен жұдырықтасып, жекпе-жектің екінші раундында қарсыласын сұлатып салды. Осылайша, Мейірім кәсіпқой бокстағы оныншы жеңісіне қол жеткізді.

Ал аталған бокс кешінің басты жекпе-жегіне шыққан Мадияр Әшкеев пуэрторикалық Луис Эрнандеспен кездесті. Екі боксшы да жоспарланған 10 раундты толық жұдырықтасып, төрешілердің шешімі бойынша отандасымыз бірауыздан жеңіске жетті. Бұл – Мадиярдың кәсіпқой бокстағы 11-ші жеңісі.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»