Аймақтар • 14 Қаңтар, 2019

Ақтөбе облысында бұқаралық спорт ақсап тұр

707 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазіргі күні ел өңірлері алдында тұрған басты міндеттердің бірі  - кәсіби және бұқаралық спорт түрлерін дамыту. Біз бүгінгі материалымызда осы істің жай-күйі Ақтөбе облысында қандай деңгейде деген сауалға жауап іздегіміз келеді.

Ақтөбе облысында бұқаралық спорт ақсап тұр

Қолда бар деректер бүгінгі таңда облыстағы тұрғындар санының 33 пайызы спортпен айналысатынын айғақтайды. Мұны төмен көрсеткіш деуге болмайды. Әйтсе де бұл табыс пен мүмкіндік шегі емес екені тағы да аян. Ал кәсіби спорт түрлерінің дамуы тұрғысынан ой қорытсақ, бұған дейін өңірден бірде-бір олимпиада және әлем чемпиондары шықпағанын, тіпті, бері салғанда, облыс спортшылары арасында Азия ойындарының жүлдегерлері болмағанын тәуір әрі оң нәтиженің қатарына кіргізу қиын-ақ.

Облыс спортшыларының соңғы жылдары халықаралық бәсекелер мен сайыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізе алмай жүргенінің басты сыры мен себебі неде? Мүмкін облыста жергілікті атқарушы органдар тарапынан спорттың материалдық-техникалық базасын жетілдіру мен нығайтуға бөлінетін қаражат жеткіліксіз шығар. Жоқ, бұлай емес секілді. Өйткені тек соңғы екі жылдың ішінде аймақта алпыстан астам спорт нысаны салынған. Оның ішінде «Жекпе-жек сарайы», «Достық» бассейні және бес бірдей футбол алаңы бар «Спорт» кешені халықаралық талаптар мен нормаларға толықтай жауап бере алады. Аталған жаңа нысандардың дені мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі шеңберінде іске қосылған.

Мұның сыртында бюджеттен тыс көздер есебінен де қосымша спорт ғимараттары бой көтеріп келеді. Сондай-ақ жаттықтырушылар мен кәсіби біліктілігі және шеберлігі жоғары мамандарға қажетті жағдайлар туғызу ісінен де кінәрат таба алмайсыз. Сонда қалай болғаны? Өңірде спортты дамытуға жұмсалған шығындардың қайтарымы неге төмен күйінде қалып келеді? Осы орайда облыста бүгінгі күні кәсіби және бұқаралық спорт түрлерін дамыту ісінде жан-жақты әрі жүйелі жұмыстар жүргізілмей келгенін ашық айтуға тура келеді. Осындай жүйесіздік жоғары нәтижеге жетуге де кері әсерін тигізгені байқалады.

Айталық, жоғарыда аталған жаңа спорт нысандарында балалар мен жеткіншектеердің өздері қалаған секцияларға қатысуына толық жағдайлар туғызылған. Тіпті жергілікті билік тарапынан қажетті қаражат та бөлінген екен. Олардың қаншасы секцияларға қатысып жүр, қаншасы қатыспай жүр? Спорт саласына жетекшілік жасайтын жастар мен спорт мектебінің басшылары бұл мәселеге бастарын ауырта бермейтіні көрініп қалып жүр. Тіпті, керек десеңіз, спорт мектептеріндегі жұмыс кестесі де толық нақтыланбай жүргенін қандай қисынға сыйғызуға болады?..

Облыста кәсіби және бұқаралық спорттың өрге баса алмай жүргеніне әрі оған жүйеліліктің жетіспеуіне осы салаға жетекшілік жасайтын басшылардың жиі ауысуы да өз әсерін тигізуі әбден мүмкін. Айталық, аймақта тек соңғы екі жылдың ішінде Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылары үш рет ауысыпты. Басқармаға өткен 2018 жылы тағайындалған басшы Мейрамбек Махамбетов өңір спортының өсіп-өркендеуі үшін өзгеріс әкеле ала ма? Бұл сауалға қазіргі күні кесіп-пішіп жауап қайтару ертерек секілді. Алайда оның өңір спортының көкжиегін кеңейту ісіндегі алғашқы қадамдары мен ой-тұжырымдары белгілі бір деңгейде сенім туғыза алады демекпіз.

Атап айтқанда, ол облыстағы дене шынықтыру ісіне жаңа өріс ашу және спортшылардың жоғары нәтижелерге жетуі үшін спорттық федерациялармен өзара байланыстарды тереңдете түсуді қолайлы көреді. Бұл бағытта өткен жылы  «А» тобына енген олимпиадалық спорт түрлері өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылған. Мұнда халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізе білудің өзекті мәселелері жан-жақты өрбіген. Соның ішінде олардың қатысуымен әрі тікелей қолдауымен спорттық дәрігерлер мен психологтарды облысқа тарту жөнінде келісімшарт жасалған. Бұл – республикада ұлттық құрама команданы даярлау ісінде қолданылатын тәсіл мен тәжірибе дейді жергілікті спорт ведомствосының жетекшісі. Қалай дегенде де бөлінген қаржылар өңірге білікті мамандар мен кадрлар тартуға көмегін тигізер болса, ортақ мақсаттың орындалғаны емес пе? Әйтеуір мұның өзі тумаған ту сиырдың уызына ұқсап кетпесе болғаны да.

Жас мамандарға тәжірибелік тұрғыдан көмек қай кезде де қажет. Бұл үшін облыста абырой-беделі мен біліктілігі жоғары спорт ардагерлерінен тұратын арнайы кеңестің құрылғаны да қолдауға әбден тұрарлық іс. Бүгінгі күнге дейін оның бірнеше отырысы өткізілген. Қазір өңірде балалар мен жасөспірімдер және жастар мен студенттер арасындағы спорттың дамуы кенжелеу күйінде қалып келе жатқаны да жасырын емес. Ардагерлер кеңесінің мүшелерін толғандырып отырған басты мәселелердің бірі де – осы. Айталық, қазіргі кезде спорт мектептерінің құрал-жабдықтармен қамтылуы өте төмен деңгейде екендігі өткен жылы Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен жиында айтылды. Нақты деректерге сүйенсек, облыста бұл көрсеткіш 8,5 пайыз деңгейінен аспайды. Ал қажеттілік 91,5 пайызды құрап отыр.

Сондай-ақ өңірдегі олимпиадалық резервті даярлау орталығының қызметінде де шешімін таппай жүрген мәселелер жеткілікті. Мұнда жергілікті органдармен келісім жасау арқылы шет елдік жаттықтырушылармен шарт жасасу мүмкіндігі қарастырылған. Алайда бүгінгі күнге дейін орталық тарапынан аталған бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілмей келеді. Орталық қызметі туралы әңгіме қозғаған кезде жергілікті білікті мамандарды жұмысқа тарту жөніндегі істерді де ұмыт қалдыруға болмайды. Осы мақсатта облыста оларды ынталандыру үшін 250-300 мың тенге еңбекақы төлеу жөнінде келісімшарттар жасау көзделген. Сонымен бірге қазіргі кезде облыстағы спорт саласына нақты жоспарлау жүйесін жолға қою мәселелері қарастырылған. Айталық, іссапар шығындарына жұмсалған қаржының мақсатты, жүйелі түрде жұмсалмай келгені осындай шешімдер қабылдауға әкеліп тірепті. Ұзын сөздің қысқасы, бүгінде өңірде спорттың олимпиадалық түрлері – жеңіл атлетика мен спорттық гимнастиканы және фехтованияны дамытуға көңіл бөле бастағаны бұған дейін орын алып келген іркілістердің ізденістерге жол бере бастағанын көрсетеді. Сондай-ақ өңірде олимпиада ойындарының тізіміне кірген су спорты түрлерін дамыту, бұл бағытта арнайы секциялар ашу үшін де тың шаралар кешені белгіленген. Осы орайда федерация тарапынан аймаққа екі маман жолданып, олар өткен 2018 жылдың қыркүйек айында қызметке орналаспақ.

Облыстағы спорт саласында бұған дейін орын алып келген іркілістердің тағы бір себебі, ауыл спортшыларын моральдық және материалдық тұрғыдан қолдау мен олардың жарысқа қатысуын қаржыландыру ісінің жеткіліксіздігі болса, қазіргі күні бұл іс те өз шешімін тауып келеді. Сөз жоқ, мұның өзі ауыл спортын дамытудың басты тетігінің бірі екені айдан анық. Тұтастай алғанда қазіргі кезде кәсіби және бұқаралық спортты дамыту ісінде өңірде іркілістерден гөрі, ізденістер басым түсе бастағаны үлкен сенім туғызады.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ

Түпнұсқадағы тақырып: «Іркілістер де, ізденістер де бар»