Қазақстан • 15 Қаңтар, 2019

Ақылы жолдардың артықшылықтары қандай?

877 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде инфрақұрылымды дамытуға, әсіресе жол құрылысы саласына жылдан-жылға ерекше маңыз беріліп келе жатыр. Оның ішінде ақылы автомагистральдар құрылысының саны жыл санап өсіп, оны күрделі және ағымдағы жөндеу қалыпты жүргізіліп отыр. Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына арналған Жолдауларында да инфрақұрылым, жол, темір жол, жалпы қатынас мәселесіне үлкен маңыз беріледі. Осындай тұрақты қадағалау мен нақты тапсырмалар жол құрылысы саласы жұмыстарын жеделдетіп отыратыны рас.

Ақылы жолдардың артықшылықтары қандай?

Президент тапсырмасына сәйкес, 2021 жылға дейін Қазақстан аумағында 7 мың шақырымнан астам республикалық маңыздағы автожолдар ақылы болады. Бұл жайлы Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді. Жалпы, ведомство басшысы 2020 жылға қарай транзиттен түсетін қаражат 5 миллиард долларға дейін артатынын айтады. «Елбасының тапсырмасына сәйкес, біз 2020 жылға қарай транзиттен түсетін қаражатты 5 мил­лиард долларға дейін ұлғайтуымыз керек. Бүгін­де бұл сома 1,5 миллиардты құра­ды. Соңғы 2-3 жылдың ішін­де Қытайдан Еуропаға Қазақстан арқылы баратын транзит жыл сайын екі есеге өсіп жатыр. 2020 жылға дейін Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасын орындаймыз деп жоспарлап отырмыз», деді министр Ж.Қасымбек.

Ақылы жолдар әлемнің 30-дан астам елінде бар. Негізінен ақылы жолдардың ең басты ерекшелігі – оның жолаушылар үшін біршама қауіпсізді­гі деуге болады. Мамандардың айтуына қарағанда, елімізде алғашқы ақылы жолдардың бірі «Астана – Щучье» авто­жолы­ның құрылысынан кейін жол-көлік оқиғаларының саны 2 есеге азайған. Ал адам өлімі­мен аяқ­талатын жол-көлік оқи­ға­­лары 3,6 есе кеміген. Түрлі дәре­желі жолдағы көлік апат­тары саны­ның азаю себебі – көлік­тер­дің бетпе-бет соқты­ғысуы­нан сақтандыратын қор­шау құрыл­ғылардың орнатылуынан екен. Аталған автобандарда қарама-қарсы келе жатқан екі көлік қатты жылдамдықпен қарсы бетке шығып кетпеуінің өзі қаншама адамның өмірін сақтап қалады.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2020 жылы Қазақстанда 6,6 мың шақырым жолға төлемақы алу жүйесі орнатылатындығы ха­бар­ланған. Аталған компанияның баспа­сөз хатшысы Бауыржан Серікбаев­тың айтуынша, биылдан бастап Алматы – Қапшағай, Алматы – Қорғас және Астана – Теміртау бағытындағы тас жолдарға ақы­лы жүйе енгізілетін болады. «Өткен жыл­дың аяғын­да атал­ған учаскелер сынақ­­тан өт­кізілді. Тестілеу режімі бары­сын­да бірыңғай дерек қорына интеграция ен­гізілуде, барлық жабдықтың жұмыс қабілеті тек­серілуде. Бұл жұ­мыс­­тар, пай­да­ла­нуға берілген бар­­лық учас­кені енгіз­ген­нен кейін тө­лем­ақы алу жүйесі үз­дік­сіз жүр­­­гізілу үшін жасалады», деді ол.

Жалпы, биылдан басталатын ақылы жолдар­ға төлемақы жасау мәселесіне келер болсақ, республикалық маңызы бар негізгі пайдаланымдағы ақылы автомобиль жолдарын қолдану туралы бұйрыққа сәйкес, жеңіл көлік жүргізушілері төлемақы алу бекеттерінде алдын ала төлеу және кезекті қысқарту үшін сараланған тариф қарастырылған.

Төлем кезінде мән беретін ең басты мәсе­ле, алдын ала жасалған төлемақы бе­кет­­тегі қолма-қол төлемге қарағанда 2 есеге төмен төлеуге мүмкіндік береді. «ҚазАвтоЖол» мәлімдегендей, жеңіл көліктер үшін алдын ала төлем арқылы «Астана – Теміртау» тас жолы бойынша барып қай­татын бағытқа 800 емес, 400 теңге алын­атын болады. Ал Алматы – Қапшағай бағыты бойынша алдын ала төлеу бойынша – 100 теңге, қолма-қол төлем бо­йынша – 200 теңге ақы алынбақ. Сондай-ақ Алматы –Қорғас автомагистралі бойынша алдын ала төлеу 300 теңгені құрап отыр. Бұл ретте автобустар, жүк автомобильдеріне қатысты тариф жүк көлеміне бай­ла­нысты өзгеретінін айта кеткен жөн.

Еліміздегі автожолдар­дың ақылы жүйесі мемлекетке біршама пайда әкелетінін біле­міз. Айталық, «Астана – Щучье» бағы­тындағы тасжолға аталған жүйе енгізілген жылы миллиард теңге көлемінде пайда келтірген. Сонымен бірге І дә­режелі Астана – Петропавл жолы да ақылы негізде пайдаланылады. Міне, еліміз бойынша тағы үш бағытқа ақылы автомагистраль өз жұмысын сапалы түрде көрсетпекші.

Тағы бір айта кетерлігі, «ҚазАвтоЖол» ком­пания­сының баспасөз қызметі хабарла­ған­дай, аталған ақылы жолдар үшін абонемент құны мың теңге тұрады және бұл жыл бо­йына жарамды болып келеді. Алайда аталған абонементті елді мекендердің трасса­ларын қамтитын тіркелген автомобиль ие­лері ғана ала алады. Егер де азамат сол жер­де тұрып, бірақ автокөлігі басқа жерге тір­кел­ген болса, төлемақыны жалпы негізде төлеуге тиіс.

Жалпы, алдағы уақытта мем­ле­кеттік бағдарламаға сәй­кес қайта жаңартудан өткен жол­дардың барлық учаскелері төлем­ақы алу жүйесі арқылы жүзеге асырылатын болады. Бұл – ең алдымен бюджеттегі жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Айта кетуіміз керек, жолдарды ақылы ету мақсатында 2015 жылы «Республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолын (жол учаскесін) ақылы негізде пайдалану туралы» Заң қабылданған болатын.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»