Қазақстан • 15 Қаңтар, 2019

Жолаушылар сергелдеңге түсті

432 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елбасы еліміздегі төртінші мегаполис болуы керек деген тапсырма берген Ақтөбе қаласының өзінен елордамыз Астанаға тікелей қатынайтын жолаушылар пойызы тоқтап қалды. Қазір темір жол желісінде «Ақтөбе-Астана» деген пойыз құрамы мүлдем жоқ. 900 мыңға жуық тұрғыны бар облысты «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының не себепті шетқақпай қылып отырғандығы түсініксіз. Өйткені осы компанияның шешімінен кейін Ақтөбе облысы елордамызбен тікелей жолаушылар пойызы қатынасы тоқтатылған жалғыз өңір болып отыр.

Жолаушылар сергелдеңге түсті

Әлбетте, осы ретте жаңа жыл­дан басталған жағымсыз жа­ңа­­лықтан кейін ақтөбеліктер Ас­­танаға қал­ай жетуде деген сұрақ­тың туындайтыны заң­ды­лық. Айтайық. Ақтөбе арқылы «Орал-Астана» бағытындағы екі пойыз араларына күн салып қатынайды. Демек, «ҚТЖ» өн­ді­рі­сі дамыған, халық саны күн санап артып келе жатқан қос өңірді осы пойыздарға байлап қойды. Екі облыстың халқы 1,5 млн адамға жуықтайды. Демек, пойыз би­летін тек сапарын айлар бұрын жос­парлап, үлгергендер ғана алады. Оған қоса, бұл пойыз­дар­­дың Ақтө­бе­ден Астанаға қарай қозғалатын уақыты да қолайсыз. Мәселен 096Ц по­йызы Ақтөбеден түнгі 02.04-те жүріп кетеді. Тәтті ұй­қының келер шағында, қо­ғам­­дық көліктер парктерде қаң­тар­ылған уақытта сөмкелерін ар­қалап, балаларын сүйрелеп вок­залға шұбырған халықты көз ал­дыңызға елестетіп көріңізші...

Оралдан шығатын екінші пойыздың да келетін уақыты өте ыңғайсыз. Қараңыз. 058Х пойызы Ақтөбеден таңғы сағат 07.17-де қозғалып кетеді. Уақыт белдеуіне байланысты еліміздің батыс өңірі Астана уақытынан бір сағат кеш екендігін ескерсек, жолаушылар Ақтөбе уақытымен темір жол вокзалына таңғы сағат алтыға дейін жетуі тиіс.

Бұл Президент тапсырмасы бойынша 2025 жылға қарай Қазақстанның  төрт урбанистік орталығының біріне айналуы тиіс өңір үшін қолайсыз-ақ шешім болып тұр. 2004 жылы Елбасының қатысуымен ашылған «Хромтау-Алтынсарин» темір жол торабын салу да сол Ақтөбе мен Астананы жа­қын­­дастырудың, халыққа қо­л­ай­лы жағдай жасаудың амалы емес пе еді?!

Әрине, тиісті мекеме­лер ақтө­бе­­ліктер үшін «Аты­рау-Астана Нұрлы жол», «Маң­ғыс­тау-Астана Нұрлы жол» бағыт­тарында по­йыз бар деген уәж айтуы мүмкін. Иә атал­ған пойыздар Ақтөбе облы­сы­ның аумағынан өтетіні рас. Бірақ облыс орталығына атал­­ған пойыздардың ең жақын тоқ­тай­тын стансасы – Хромтау. Ол – Ақтөбе қаласынан 90 шақы­рым­нан аса қашықтықта орна­лас­қан станса. Жеке көлі­гің бол­­­маса, такси жалдап, шығын­да­­­­­нып жетерсің. Бірақ қыс мез­гі­­­лін­де Ақтөбеден Хромтауға жету үшін тәуекелге баруың ке­­­р­ек. Жол­дың шалғайлығы бы­­лай тұр­сын, көк асфальттың үсті айна­­дай мұз және табиғаты қа­­тал өңірдегі жолды боранды күн­­дері төтенше жағдай қызметі жау­ып тастайтыны бар. Қазірдің өзінде күніне 150-200 адам осы Хромтауға сабылып жүр. Бұл жерде пайдаға батып отырған тек такси жүргізушілері.

Ол – ол ма, қазір Қазақстан темір жолының еншілес құры­лы­мы – «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы бағыттан алы­нып тасталған пойыз құра­мы­ның қызметшілерін қайда жі­бе­­ре­рін білмей отырғанға ұқсайды. Аяқ астынан жұмыссыз қалған жүз­деген адам басқа өңірлерге қон­ыс аударуға көне ме?

Міне, осы қиын­дықтарға, жол­­ау­­­­шылардың құ­қық­тарының қор­­­ға­луына Бас про­куратура, Бас кө­­л­ік прокуратурасы назар аударуы керек сияқты. Газетіміздің 2018 жылғы 27 желтоқсандағы сан­ында «Билет құны неге ша­рық­­­тады?» деген мақалада осы Ақтөбе ба­ғытындағы жолаушы­лар пойыз­дарына билеттің бағасы 58 мың теңгеден асып кеткендігі жаз­ыл­­ған еді. Сол мақалада «Жолау­­шылар тасымалы» ак­цио­нер­лік қоғамының өкілі баға­ның көтерілуіне байланысты «Заң бойынша коммерциялық бағыттарға бағаны белгілеу өз құқы­ғымызда» деген болатын. Бұл жолы да «Жолаушылар тасы­­малы» АҚ басшылығы пой­ыз құ­ра­мын қосу-алып тастау, өңір мүддесімен санас­пау­ды да өз құқықтарына таң­ып алса таң­­­ғалуға болмас. Бір­ақ осы мә­­­се­­леге байланысты «Жо­лау­­­­­­­шылар тасымалы» ак­цио­­нер­­­­­лік қоғамының жауабы біз күт­­­­­кен­дегідей шықты. Ком­па­­­­­нияның баспасөз хатшысы Диас Ахметшәріп осы мақалада көр­­­­сетілген мәселелерге байла­ныс­­­ты былай дейді: «Бізде жаңа жылға дейін «Алматы-Ор­ал» деген пойыз бар еді. Қазір «Тальго» вагондарымен жаб­дықталған бұл пойыздың бағы­ты өзгеріп, Алматыға Ас­та­на арқылы жүретін болды. Атал­ған пойыз Астанаға Ақтөбе ар­қы­лы жүретін болғандықтан, Ақ­­төбеден Астанаға тікелей қа­­тын­айтын пойыз алынып тас­­­талды. Жолаушыларға осы по­й­­ыз жеткілікті. Пойыздың ол құрамы жаңадан ашылған «Ал­маты-Түркістан» бағытына бе­рілді. Жаңа жылдан бастап біздің компанияның даму, статистика және талдауға жа­уапты бөлімдері пойыздардың жеткілікті-жеткіліксіздігін анық­тай­тын болады. Мүмкін, бір-екі айдан соң мамандардың ес­еп­теулеріне байланысты жағ­­дай өзгеріп те қалар... Ал пой­ыз­дардың қозғалыс кестесі сол құрамы шығатын және баратын қалалардағы уақыттарға сәйкес ыңғайландырылады. Ал жол­серіктер мен басқа да қыз­мет­керлердің ешбірі жұмыссыз қал­майды». 

Бұдан ұққанымыз, мамандар өзгерістен соң ғана талдау жас­ау­ға кіріскен. Неге кері­сін­ше? Алдымен талдау жаса­лып, өз­герісті содан соң қолға алуға «ҚТЖ» мен «ЖТ» неге ын­тықты? Ақтөбеліктерді вокзалға мез­гілсіз уақытта сабылту қандай мәж­бүрліктен туындады?

Енді бұл мәселеге заңдылықты қадағалаушы органдар мен облыс әкімдігі назар аударып, жолау­шылардың мұң-мұқтажын ес­кер­ер деген үміт бар. Соның өзінде тұтас бір облыс орталығын Ас­та­намен байланыстырар пойыз құра­мын алып тастаудың қандай «сауаттылықпен» жасалғаны түсініксіз болып отыр.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»