Қазақстан • 15 Қаңтар, 2019

Жемқорлықпен күресуді білім саласынан бастады

461 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің ұйытқы болуымен Сыр өңірінде «Ақмешіт - адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ашылып, өз жұмысын бастады деп хабарлайды «Egemen.Kz» тілшісі.

 

Жемқорлықпен күресуді білім саласынан бастады

Түрлі салаларда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын жүргізетін жобалық кеңсенің түсіндірме жұмыстары білім саласынан басталды.

Өйткені, соңғы жылдары білім беру саласы сыбайлас жемқорлыққа бейім салалардың алғашқы бестігінен түспей келеді.

Облыстық Білім басқармасына қарасты барлық колледждер мен мектептердің басшылары қатысқан кездесуде білім саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жан-жақты талқыланды.

Кездесу барысында білім беру ұйымдарының басшылары қарамағындағы қызметкерлерінің құқық бұзушылықтары үшін жекелей жауапкершілікке тартылуы жөнінде келісімге қол қойды.

«Келісім негізінде директорлар білім мекемелеріне бөлінген бюджет қаражатының ашықтығын қамтамасыз етуді және қызмет бабын пайдаланып қызметкерлерден, ата-аналардан, студенттерден сый-сыяпаттар алмауды, ақша жинау фактілерін болдырмауды жекелей жауапкершіліктеріне алады. Сонымен қатар, колледждерде сессиялардың таза өтуін қатаң бақылауда болады», - деді облыстық Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Берікбол Байқожаев.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы.