Қазақстан • 15 Қаңтар, 2019

Көкшетауда Құран жаттау орталығы ашылды

1471 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Көкшетау қаласында Тілеулес қажы атындағы Құран жаттау орталығы ашылды. Облысымызда тұңғыш рет ашылып отырған осындай орталықтың лентасын Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Ақмола облысындағы өкілі, Науан хазірет мешітінің бас имамы Қуаныш қажы Жұмабайұлы мен Көкшетау қаласының құрметті азаматы, еңбек ардагері Болат Көшімбаев қиды.

Көкшетауда Құран жаттау орталығы ашылды

Жаңа орталықтың басшысы Теміржан Өтежанұлының айтуынша, қазіргі күні мұнда 9 жас Құран-Кәрімді оқып жатыр. Олардың бәрі қалада колледждерде оқиды және сабақтан бос уақыттарында діни білім алады. Екі-үш жылда бұл жастар қасиетті кітапты түгел жаттап, қари атанбақ. Орталықта оқушылардың білім алуы үшін қажетті жағдайлардың бәрі жасалған. Жататын орындары, тамақтары тегін. Жастарға ұстаз Бауыржан Төлегенұлы дәріс береде. Ел арасында коттедж қалашығы атанып кеткен шағын аудандағы екі қабатты сәулетті коттеджді партия ардагері, белгілі қоғам қайраткері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Ахметжанұлы мешітке сыйға тартыпты. Ақылдаса келе, орталық атауын Болат ағаның дүниеден өткен жары Тілеулес қажы Өтеуліқызының есімімен атауға шешім қабылданған. Орталықтың ашылу салтанатында Қуаныш қажы Жұмабайұлы ғимаратты жөндеп, ішкі әрлеу жұмыстарын жасауға қол ұшын берген кәсіпкерлерге алғысын айтып, биыл жазда сыртқы абаттандыру жұмыстары жүргізілетінін және бірінші қабаттан дәмхана ашылатынын атап өтті. Жаңа орталық алдағы уақытта Құранды жатқа оқитын жас қариларды дайындауға игі ықпалын тигізетін болады.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Көкшетау қаласы.