16 Қаңтар, 2019

Теңге бағамының тұрақтылығы сақтала ма?

544 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлттық банк өткен жылдың соңында 2018 жылғы IV тоқсан мен 2020 жылғы  II тоқсан аралығындағы инфляцияға болжам жасап, Мемлекет басшысының инфляцияны біртіндеп азайту туралы тапсырмасы аясында 2018 жылы инфляцияны 5-7 пайыз аралығында болады деп белгіледі. Жыл қорытындысы бойынша ұлттық валютаның құнсыздануы 5,3 пайызды құрады. Ал 2019 жылы инфляцияны Ұлттық банк 4-6 пайыз аралығында сақтаймыз деп жоспарлап отыр.   

Теңге бағамының тұрақтылығы сақтала ма?

Бас банк жаңа жылға ар­налған 2 базалық сценарийді қарас­тырған болатын, екі жағдайда да мұнай бағасы 60 АҚШ доллары деп бекітілген еді. Дегенмен 2018 жылдың соңында кө­мір­сутегі бағасы күрт арзандап, брент мар­калы мұнай құны барреліне 50 долларға дейін түсіп кетті. Сол себепті Үкімет 2019-2021 жыл­дар­ға арналған рес­пуб­­ли­калық бюджет жобасын қай­та қарастырып, мұ­­най бағасы 55 доллар деп бе­кіт­­ті. Мұнайдың арзандауы тең­генің құн­сыздануын кү­шей­те түсетінін ескерсек, 2019 жылы инфляция көлемі Ұлт­­тық банк белгілеген 4-6 пайыз­дық дәлізден шығып кетуі де ықтимал. 

Ұлттық банк төрағасы инфляцияның келер жылы күшейіп кету қаупін де жоққа шығармайды. Бұл туралы бас банкир былтыр: 

– Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі өз құзыреті шегінде инфляциялық таргет­теу саясатын жүргізуді жалғас­тырады, – деп мәлім­деген еді. 

Өз сөзінде ол орнықты эко­но­ми­калық дамуды қамта­масыз ету үшін ақша-кредит және бюджеттік саясаттың үйле­сімділігі қажет екендігін атап өтті. 

– Жүргізіліп отырған ақша-несие сая­сатында Қазақ­станның Ұлттық банкі респуб­ликалық бюджет шығыс­тарының айтарлықтай бөлігін қаржыландыратын Ұлттық қордан трансферттің көлемін де ескереді, – деген Д.Ақышев. 

Бұл тұрғыда Ұлттық банк төрағасы теңгенің құнсыз­дануы шектен шығып бара жатса, Ұлттық қордың қара­жа­тын пайдаланып, тіпті әкім­шілік интер­венцияға жүгініп инфляцияны аталған дәлізден асыр­май ұстап тұруға күш салаты­нын айтты. Тауар мен қызмет бағасының қымбат­тауы қарқын алған жағдайда Д.Ақышев Ұлттық қор мен әкімшілік ресурстар арқылы 2020 жылдан кейін инфляцияны тіпті 4 пайыздан да өсіріп жіберуге дайын отыр. 

Сонымен қатар Д.Ақышев ұлттық ва­лютаның базалық мөлшерлемесін де көтере отырып, теңгенің күйін мықтай түспек.

– Базалық мөлшерлеменің ағым­дағы 9,25 пайыздық дең­гейі теңгемен активтерге сұра­нысты арттыруға және ақша-несие жағдайларын қо­лай­лы деңгейде сақтауға мүм­кіндік береді, – деді бас банкир. 

Д.Ақышевтың Ұлттық банк құзы­реті айналасындағы шараларынан бөлек биылдан бастап инфляцияны азай­­та­тын объективті себептер де бар деуге болады. Мәселен, Мемле­кет бас­­шы­сының өткен жылдың соңын­да Үкі­мет отырысында ком­мунал­дық шаруа­шылық саласындағы монопо­листерді назарға алып, тарифтерді арзандату туралы тиісті органдарға берілген тапсырмасы аясында қызмет ақысы арзандайтын болса, бұл 2019 жылы теңгенің құн­сыздануын бәсеңдете түспек. 

Инфляцияның серпінін айқындай­тын негізгі фактор­лардың қатарында сыртқы әсерлерді де жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, Ресейдегі инфля­ция­ның салқыны бізге де жететіні бұ­рын­нан белгілі. Көршімізге қатыс­ты батыс елдерінің санкциясы кү­шейген сайын рубльдің девальвация­лану қаупі де күшейе береді. Энергия ресурс­тарының, соның ішінде мұнай­дың арзандауынан, соның салдарынан болатын нақты ақша кірістерінің азаюы да сондай себептердің бірі. 

– Қазақстанның экономи­касы әлі күнге дейін сырт­қы дағдарыстарға қар­сы тұру­ға әлсіздеу болып тұр. Әлі күн­­ге дейін мұнай бағасы бұ­рын­­ғыдай экономикалық бел­­сен­діліктің серпінін анық­тайтын маңызды фактор болып қалды, – деген Д.Ақышев ел эко­номикасының әлсіз жерін жасырмай атап көрсетті.

– Егер мұнай бағасы барреліне 60 емес, 40 АҚШ доллары болса, жылдық инфляция 2019-2020 жылдары аталған 4-6 пайыздық дәлізден анағұрлым асып кетуі ықтимал. Олай болса, ақша-несие талаптарына түзетулер енгізу керек болады,– дейді ол. Қалай десек те, Ұлттық банк төрағасының биылғы жұмысы жеңіл болмасы анық.

Айта кетейік, таяуда бір­неше ірі инвестициялық компа­ния мен зерттеу агент­тіктері жаңа жылдың жаһан­дық экономикасына болжам жасай келе, 2019 жылы мұнай бағасының орташа құны 62-67 АҚШ доллары аралығында болатынын жорамалдайды. Егер жаһандық экономика күрт дағдарыстан аман болып, геосаясат тұрақталатын болса, теңгенің инфляция деңгейін Ұлттық банк 4-6 пайыз дәлізінде ұстап тұруға тиіс.

Бауыржан МҰҚАН,

«Егемен Қазақстан»